Қазақ һәм урбанизация

30 қазанда Стратегиялық жо­с­­пар­лау және реформалар агент­ті­­гінің Ұлттық статистика бюросы stat.gov.kz ресми сайтында 2021 жыл­­ғы халық санағының соңғы қо­ры­тын­дыларын жариялады.

Бюро ұсынған «Қазақстан халқы» жина­ғы­ның бі­рін­ші және екінші томы бойын­ша талдау қорытындыларына сәй­кес, Қазақ­стан халқы 2009 жылдан бері, яғни 12 жылда 20 пайызға өскені белгілі болды.

Сонымен қатар Ұлттық статистика бю­­­­ро­сының хабарлауынша, үш аймақта – Алматы облысында (2 146 576), Түркістан облысында (2 054 021), Алматы қаласында (2 030 285) халық саны 2 миллион адамнан асты. Ал халық санының ең көп өсімі Астанада екі есе (613 мыңнан 1 млн 234 мың адам­ға дейін), Шымкентте 1,5 есе (730 мың­­­нан 1 112,4 мың адамға дейін), Маңғыстау облысында 1,5 есе (485 мың­нан 735 мың адамға дейін) байқалған.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қо­ғамдағы құрылымдық қайта құрулар, сая­си-экономикалық жаңғырулар, демо­гра­­­фиялық өсім, халықтың әлеуметтік-тұр­­­­мыстық жағдайы, ішкі-сыртқы мигра­­ция және тағы басқа салаларда көптеген өзгеріс болды. Ол өзгерістер негізінен жал­­­пыұлттық санақ нәтижелерінен анық көрініс береді. Еліміз тарихындағы 2021 жы­лы өткен үшінші жалпыұлттық санақ нәтижелері урбанизация процесінің белең алғаны және үлкен қалаларда ха­лық санының 2 миллионнан асқаны ту­ралы жаңалықтарды жария етті. 

Мемлекет құрудың басты кілті қуатты эко­­­номика, айбынды әскер, шегенді ше­кара, теңдессіз мәдениет пен руханият қа­на емес, халықтың саны мен сапасының өсуі де мемлекеттің қауіпсіздігі мен елдік мұраттардың өзегі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жол­­­­­дауында 2023 жылдың соңына қарай ел хал­­қының саны 20 миллионға жететіні туралы сүйіншілеген болатын. 

 Санақ қорытындысына сәйкес, қала халқының саны ұдайы өсіп, 56,1 пайыздан 61,2 пайызға көтерілгені, тиісінше ауыл халқының үлесі 43,9 пайыздан 38,8 пайыз­ға дейін азайғаны туралы да ақпарат та­рады. ХХІ ғасырда урбанизация әлемдік тренд болғанымен, қазақ ауылдары мен шекаралық аймақтардағы жағдайды да естен шығармаған абзал. Халық қалаға үдере көшкенімен, мұнда күтіп тұрған «жылы-жұмсақ» жоқ екені белгілі. Ур­­­ба­­­ни­­­­­зация процесінің артуы мен ішкі миг­рация әсерінен қалаларда денсаулық жә­не білім беру салаларында мәселелердің қордалануы, жұмыссыз жастар немесе қара жұмысқа жегілген жастар қатарының көбеюі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай­­­дың күрделенуі секілді бірқатар проблема туындап отырғаны жасырын емес. Сон­­дықтан ауыл халқын қалаға сабылтпай, ша­ғын қалаларды дамыту арқылы халық­ты соның айналасындағы ауылды жерлер­де тұрақтандыруға баса назар аудару ке­рек сияқты. Өйткені ертең халық саны 20 миллионға жеткенде қалаларымыз ур­банизация талаптарына жауап бере ал­май қалмай ма деген сұрақ туындайды. Сонымен қатар урбанизация процесі тиімді болу үшін қандай жұмыстар ат­­қарылуы керек? Ал ауылды дамыту үшін қандай жұмыстар жүзеге асуы тиіс деген сұрақтар ойландырмай қоймайды. 

 Cityzen Space қоғамдық қорының директоры, урбанист, аумақтық даму ма­маны Анель Молдахметованың айтуын­ша, урбанизация – адамдардың өз өмірі­нің сапасын жақсартуға ұмтылуымен бай­­ланысты табиғи процесс. Өкінішке қарай, көптеген өзгеріске байланысты қа­зір қазақстандықтарға мәдени даму мен өрлеуге көбірек мүмкіндік беретін ірі қалалар ғана. 

– Урбанизация процесіне тосқауыл болу мүмкін емес. Бұл – әлем халық­­­тарына тән үрдіс. Сондықтан Қазақ­­­­станда ауыл­­­дарды дамыту үшін жай ғана аграрлық экономиканы дамыту жеткі­­­ліксіз. Ха­лықты қалаларға не тартатынын түсіну ма­ңызды және ауыл тұрғында­­рының: 1) бос уақытына, 2) білім алуға деген сұ­­раны­­­­­­­­­­сын жартылай қана­­­ғат­­­тан­дыру қа­­жет. Шағын және орта бизнесті ынта­лан­­дыру қажет. Ауылдық жерлерде аумақты дамытудың драйвері бола алатын мәдени магнитті құру ма­ңыз­­­ды және ол өнер­­­кәсіптік магнит емес, шы­ғар­­машылық экономикамен байланысты болуы керек: үнемі өткізі­­­­ле­­­тін фестиваль, аймақтық маңызы бар іс-шара және сапалы білім алу үшін мүм­­­кіндіктер жа­сау, ауылдағы оқу орындары­­­ның дең­гейін көтеру ма­­­ңызды. Өйткені жақ­сы жоғары оқу орын­­дарының жоқ­­­­тығы, басқалармен қатар, жастардың ке­­туіне себеп болады, – дейді Анель Мол­­­дах­­­­метова. Ал әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті Та­рих фа­­­­куль­­тетінің ұстазы, профессор, де­мо­­­граф ға­лым Аманжол Қалыштың айтуынша, елімізде агломерация жасау жылдам жүзеге асып жатыр. Соңғы 10 жыл­­­да Жеті­­суда Алматы агломера­ция­­­сы, Оң­­түстік Қазақстанда Шымкент агло­­­­мера­циясы жасалды. Сөйтіп, 367 елді мек­ен бір-біріне қосылды. Ал Орталық Қазақ­­станда Қарағанды, Астана қаласы агло­­­мерациясы жасалып жатыр. 

– Мұның жақсы жағы да, қиын жағы да бар. Ауылдарда өнеркәсіп болмаған соң мемлекет ауыл шаруашылығына, мал шаруа­­­шылығына, егіншаруашылығына көмек беріп жатыр. Әйтсе де, оны игеруде мәселе көп. Сондықтан болар, халық бес агломерацияға жиналуда. Әсіресе, Алма­ты мен Астанаға көп кетіп жатыр. Қала­ларда жұмыс табуға болады. Бірақ баспана мәсе­лесі күрделі. Иә, агломерация жақсы шығар. Десе де, агломерация индустрия­лық аймақтарға тән құбылыс болуы ке­рек. Біздің көп қалада өндіріс жоқ. Тек сауда-саттық, алып сату экономиканы немесе ха­лықтың әлеуметтік-тұрмысын түземейді. Қалаларда шағын өнеркәсіпті көбейту керек. Өндіруші өнеркәсіп дамуы керек. Демографиялық тұрақты өсім қалыптасты дегенмен, жастарға ешқандай жағдай жасал­­ған жоқ. Олардың басында баспана жоқ. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп отбасын құрып, бала туу, оны өсіру үшін мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде жағдай жасалмаған. Содан бо­лар, жастар арасында ажырасу көп. Осы ретте әлеумет­­тік салмақ сөзсіз қала әкім­­дік­­­­­теріне түседі. Әлеуметтік мүмкіндіктер, инфрақұры­лым­ның кеңеюі, қоғамдық қарым-қаты­настың күрделенуі сияқты құбылыстар дер кезінде орындалып оты­ру тиіс. Әйтпесе, халықтың иығына түс­кен салмақ жеңілдемейді, – деді про­фес­сор Аманжол Боранбайұлы. Бүгінде агло­мерация негізгі бес қалада жүргізіліп жатқанымен, мемлекет моноқалаларды дамыту бойынша жұмыстарды да жүзеге асырып жатыр. Ұлттық экономика ми­нистр­­лігінің 2021 жылғы мәліметіне сәй­кес, 2019 жылы «Өңірлерді дамыту бағ­дар­­­­­ламасы» аяқталды, мемлекеттік жос­пар­­­лау жүйесінде қабылданған өзгерістер бойын­ша «Қазақстанның 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары» бекітілді. Мемле­кет басшысы моноқалаларға қа­тыс­­­­­­ты мемлекеттік саясатты қайта қарау, олардың одан әрі дамуына және онда тұратын халыққа қолдау көрсетуді тап­сырды. Осыған байланысты Ұлттық эко­но­­­мика министрлігі моноқалаларды да­мытуға кешенді тәсілді қолдану мақса­тында және жаңа шараларды жүйелеу, іске асыру үшін тиісті Жол картасын әзір­леп жатыр.

Осы ретте Ұлттық статистика бюросы жариялаған «2021 жылғы халық санағы­ның» соңғы қорытындылары негізінде еліміздің жаңа жоба-жоспарлары жаса­­латын болар. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ