Америка қорқа бастады: АҚШ аспанындағы дрондардың 70 пайызы қытайлық аппараттар

Конгресс АҚШ үкіметін қытайлық дрондарды сатып алуға тыйым салуға шақырды. Заң жобасы Қытайда жасалған ұшу аппараттарының АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуін көздейді.

Financial Times басылымы Конгрестің өкілдер палатасының Қытай комитеті (мұндай да комитет бар) АҚШ үкіметіне қытайлық дрондарды сатып алуға тыйым салатын заң жобасын енгізгенін хабарлады. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz Құрама Штаттарға азаматтық мақсатта қолданылатын қытайлық дрондар қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіндіреді.

Фото Reuters сайтынан алынды

Американың қорғаушы дрондары туралы жаңа заңның жобасымен Комитеттің республикашыл төрағасы Майк Галлахер мен демократ Раджа Кришнамурти таныстырған.

Конгресс осы заң жобасының көмегімен Қытай технологиясын АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мақсатында пайдалануға тосқауыл қоймақшы. Өкілдер палатасының Қытай комитеті бұл заң жобасы федералды үкіметтің назарын осы мәселеге көбірек аударуына көмектеседі деп үміттенеді.

Заң жобасында Қытайдың қандай компанияларының дрондарына шектеу қойылатыны айтылмайды. Дегенмен  коммерциялық емес мақсатта қолданылатын ұшу аппараттарының ең ірі өндірушісі қытайлық DJI тобы екені белгілі.

Шэньчжэньде орналасқан DJI тобының өнімдерін фотографтардан бастап Американың жергілікті полиция агенттіктеріне дейін пайдаланады. Сарапшы Дэвид Беновицтің айтуынша, АҚШ-тың коммерциялық дрондар нарығының 7,8%-ы Autel дрондары болса, тағы 58%-ы DJI-ге тиесілі екен.

Фото U.S. Air Force сайтынан алынды

Екі үлкен мемлекеттің арасындағы бітіспес бәсекеге байланысты конгресте арнайы Қытай комитеті де жұмыс істейді. Толық атауы «Құрама Штаттар мен Қытай коммунистік партиясы арасындағы стратегиялық бәсекелестік жөніндегі Өкілдер палатасының арнайы комитеті» биылғы жылдың басында қаңтар айында құрылған болатын.

Сол комитеттің төрағасы Галлахер: «Қытай коммунистік партиясы дрондар нарығындағы өзінің монополиясын жақсы адамдарға қарсы қолданады: дрондарды Украинаға экспорттауды шектейді, ал ХАМАС оларды қатыгез террорлық шабуылдар жасау үшін пайдаланады», – дейді. 

Бұл заң жобасы федералды үкіметке Қытай сияқты елдерден осы жабдықты сатып алу үшін америкалық салық төлеушілердің долларын пайдалануға тыйым салады деп күтілуде.

Фото Unsplash сайтынан алынды. Авторы: David Henrichs

Қытайлық өндірушілер болса, «нарық таңдауын шектейтін немесе шыққан елге негізделген технологияларға тыйым салатын» заңнамаға қарсы екенін мәлімдеуде. DJI-дің жаһандық саясат жөніндегі директоры Адам Уэлш дрондарға қол жеткізуді шектеу қауіпсіздік шығындарын өсіретінін және олардың дрондарын пайдаланатын шағын компанияларға кері әсер ететінін айтқан.

Оның айтуынша,  қытайлық дрондар ешқандай қауіпсіздік нормаларын бұзбайды, оларды АҚШ-тың мемлекеттік органдары бірнеше рет сынақтан өткізген: «DJI өнімдерін интернетке қосылмай-ақ басқаруға болады, бұл оларды ғаламдық желіге қосылмаған оқшау компьютерді пайдаланған сияқты қауіпсіз етеді».

Полиция агенттіктері де АҚШ-та мұндай бағаға сапалы дрон сатып алудың мүмкін еместігін мойындаған. Заң жобасы қабылданса, барлық штаттарға федералды гранттарды пайдалана отырып, қытайлық дрондарды сатып алуға тыйым салады.

Әскери мақсатта пайдаланылатын дрондар шынымен-ақ қорқынышты:

Мамандар DJI мен америкалық дрондар арасындағы технологиялық алшақтық қысқарғанын, бірақ америкалық компаниялардың баға саясатында ұтылып жатқанын, олардың қытайлық бәсекелестерін қытайлық үкімет субсидиялайтынын айтуда:

«Бір кездері DJI дрондарының айтарлықтай технологиялық артықшылықтары болғаны рас еді және олар мұны өз пайдасына пайдаланды. Қазір жағдай басқа».

АҚШ заң шығарушылары осы шешімге жету үшін көп жылдар жұмсаған. Ендігі жерде Америка Қытайға тәуелді болмай тұрып, қытайлық технологиялық өнімдер Құрама Штаттардың экономикасына еніп кетпей тұрып, оны жоюға саяси және қаржылық шығын жасамай тұрып алдын ала қимылдау қажет деген қорытынды жасаған сияқты.

Қытай елшілігі болса АҚШ-тан «қырғиқабақ соғыс менталитетінен бас тартуын, «Қытай қаупі» теориясын қоздырмауды және қытайлық компанияларды негізсіз басып-жаншуды тоқтатуын» талап еткен мәлімдеме таратқан.