Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жолжүк пен жүк тасымалдайтын жүргізуші қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«2023 жылдың 2 қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында өзінің жұмыс орнында – жолжүк пен жүк көліктік тиеу кабинасында ес-түссіз жатқан жүргізуші табылып, медициналық қызмет шақырылған. Дәрігерлер жүргізушінің биологиялық өлімін тіркеді», – деп хабарлады Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі, PR қызметінің басшысы Тойгүл Жұбанысова.
ҚР ІІМ ТЖД тергеу-жедел тобы жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Жүргізушінің мәйіті әуежайдың фельдшерлік-акушерлік пунктінен жедел жәрдем көлігімен Астана қаласының сот-медициналық сараптама орталығына жіберілді.
«Жүргізуші 2023 жылдың қазан айында медициналық тексеруден өткен. Таңертең ауысым алдындағы міндетті медициналық тексеруден де өткен, денсаулығына шағым болмаған. Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі қайтыс болған қызметкердің отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады. Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайы марқұмның отбасына барлық тиісті әлеуметтік көмек көрсетеді», – дейді ресми өкіл.
Фото: ҚазТАГ