Сенатта «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң таныстырылды

Сенатта «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңдары таныстырылды.

Сенаторлар республикалық бюджет жобасын қарады. Алдағы кезеңдегі бюджет шығыстарының негізгі бағыттарын талқылады.

Қаржы министрінің орынбасары Абзал Бейсембекұлы және ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин баяндама жасады.

Таныстыру барысында Қаржы министрінің орынбасары бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі екенін айта келіп, ол 2024 жылы бюджеттің жалпы шығыстарының 40%-дан астамын құрайтынын хабарлады. Осылайша, халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 129 мың жұмыс орны ашылып, 1,5 млн. адамның еңбекақысы көбейеді. 163 мың оқушыға арналған 160 жаңа мектеп пен 556 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады және ашылуы тиіс. Министрдің орынбасары 417 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын атап өтті. 7 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартатын болады. 

Ұлттық экономика министрінің орынбасары өз кезегінде республикалық бюджет пен Ұлттық қордың көрсеткіштерін анықтаудағы негізгі үш міндет туралы айтып берді. Олардың біріншісі – бюджет көрсеткіштерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейту. Екіншісі – орта және ұзақ мерзімді кезеңде бюджет саясатының ықтимал тәуекелдерін бағалауды жүзеге асыру. Үшіншісі – мемлекеттік қаржының нысаналы бағдарларының теңгерімділігі.

Шараға Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Палата депутаттары, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, министрліктер мен квазимемлекеттік сектордың өкілдері қатысты.

Бұл заңдар Сенатта комитеттің жұмыс топтары мен отырыстарында талқыланып, кейіннен Палатаның қарауына ұсынылатын болады.

Фото: А.Байжұманов