Ұйыммен ынтымақтастық медицинаны дамытады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалы­ғымен палата отырысы өтті.

Іс-шара Қарағанды облы­сында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан кен­шілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Оты­рыс барысында сенаторлар Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ара­сындағы келісімді рати­фи­кациялады және депутат­тық сауалдарын жолдады.

Палата отырысының күн тәр­тібіне сәйкес депутаттар «Ас­танада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-сес­сиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау ту­ралы» заңды қарап, мақұлдады.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – жаһандық маңы­зы зор, беделді халықаралық институттардың бірі. Бүгін мақұл­данған заң Қазақстан Республи­касы мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түседі. Сондай-ақ Еуро­палық өңірлік комитетінің сес­сиясында қабылданған шешімдер отандық медицина саласының дамуына да оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезін­де сенаторлар депутаттық сауал­дарын жолдады.

Сергей Ершов қауіпті өнді­рістік нысандардағы апаттардың алдын алуға қатысты бірқатар жүйелі проблемаға назар аударды. Осыған орай депутат жеке өн­дірістік бақылау қызметін құруды ұсынды. Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы шахтада болған қайғылы оқиғаға кінәлі адам­дарды қатаң қылмыстық жауап­кер­шілікке тарту қажеттігін атап өтті.

Сүйіндік Алдашев еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласындағы түйткілдерге тоқталды. Палата Төрағасы бұл депутаттық сауал Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орын­даудан туындайтынын айтты. Осыған байланысты, Сенат рег­ла­ментіне сәйкес алдағы отырыс­тардың біріне басшылық пен мүд­делі министрліктердің өкіл­дері шақырылады. Олар мәселені талқылауға қатысып, сауалға то­лық жауап береді.

Жанна Асанова ауруханаларда реанимациялық және операция­лық бөлмелер электр резервімен жабдықталмағанына алаңдаушы­лық білдірді. Сенатор ауылдық ау­руханаларға ерекше назар ау­дара отырып, аталған нысандарды үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етуге шақырды.

Дархан Қыдырәлі елімізде мем­лекеттік архивтердегі қой­ма­­лардың толып қалғанын ай­тып, проблеманы шұғыл шешу қажет екенін тілге тиек етті. Сон­­дай-ақ ол мемлекеттік ар­хив­тердің көп­шілігі қолданыс­тағы ережелерге сәйкес келмей­тін ғимараттарда орналасқанына назар аударды.

Талғат Жүнісов агроөнер­кәсіптік ғылымды дамыту ісін жан­дандыруды ұсынды. Сенатор­дың айтуынша, бірінші кезекте, еліміздің қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін ғылыми-технология­лық дамытудың кешенді бағдарла­масын қабылдау қажет.