Шымкентте жастарға қолдау көп

Келер жылы Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған Тұран ауданында Жастар ресурстық орталығы ашылмақ. Шымкент қаласында бүгінде 381 796 жас бар. Бұл – қала тұрғындарының 32 пайызы деген сөз.

Бүгінде аудандық орталықтардың жұмысы 5 бағытқа негізделген. Олар – жастарға қызмет көрсету, дарынды жас­тардың шығармашылығын қолдау, коворкинг орта­лығы, шағын кітапхана және психологиялық кеңес беру ба­ғыттары. Осылардың шеңберіндегі жұмыстарды жү­зеге асыру үшін биыл жылдық жоспар бекітіліп, 360 мыңға жуық жасты қамту көзделген. Бұл туралы қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова шаһар­да мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асы­рылуы жайында Ақпараттық-коммуникациялық орта­лықта өткен брифингте баяндады. 

Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Қаланың әр аумағындағы жастарды сүйемелдеу үшін төрт ауданда жастарға арналған орталық ашылған. 

– Ең алдымен, сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 625 іс-шара ұйымдастырылып, оған 99 мыңға жуық жас қамтылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухта тәрбие беруде  Республика күніне орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Ал қала мектеп­теріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай саламатты өмір салтын насихаттау бойынша 352 іс-шара өткізіліп, оған 34 498 жас қатысты. Сонымен қатар биыл 8 200 жұмыс­сыз жасты тұрақты жұмыс орындарымен қамту жоспар­ланып отыр, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы. 

NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу үшін жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталған екен. Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған моби­льді топ «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­лама­лары бойынша қала базарларында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. 

Шымкенттік жастар арасында түрлі жобалар аясында конкурстар өтіп тұрады. Соның бірі – Zhas Project»жобасы. Мұндай жоба елімізде алғаш рет Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауы­мен Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында ғана қолға алынған. Жобаға қатысу үшін екі аймақтан 85 жас өтінім білдірген. Оның 35-і шымкенттік. Комис­сияның қорытындысы бойынша, Шымкент қаласынан қатысқан 20 жастың жобасы грантқа ие болды. 

Zhas Project жобасының жеңімпаздары 1 млн теңге шағын қаржы грантын иеленді. Жеңімпаздарды ма­рапат­тау шарасы қаладағы әл-Фараби атындағы қала­лық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. 

«Үш жылдан бері үйде отырып тапсырыспен кондитерлік тәттілер мен ашытқысыз нан пісіремін. Осы байқауға ашытқысыз нан жобамды ұсынып, жеңімпаз болдым. Енді бұл қаржының көмегімен әлеуметтік жағынан осал жандарға тегін нан таратамын», – дейді Zhas Project жобасының жеңімпазы Гүлжазира Егембердиева. 

Жеңімпаздың жасы – 32-де. Екі баланың анасы. Бала күтіміндегі ана 2024 жылдың мамыр айына дейін жо­баның талабына сәйкес, әлеуметтік жобаны жүзеге асырады. Оның жобасының негізгі мақсатында да осы, грант иегерлері белгіленген уақытқа дейін өз өнімдерін әлеуметтік әлсіз топтарға тегін қызмет көрсетуді, өнімдерін таратып отыруды белгілеген. 

Грант иегерлерінің қаржыны жұмсауы мен белгі­ленген талаптардың орындалуын «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бақылап отырады.

«Байқауға қатысуға ниеттенген жастардың белсен­ділігі жоғары болды. Қалалық жастар ресурстық орта­лығы, әкімдік және үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері­нен құралған комиссия ең үздік деп таныған жоба­лар­ды таңдап, қортындысымен оларға сертификат табыс­тап жатырмыз. Шымкент қаласына биыл 20 грант бөлінсе, 2024 жылға 28 грант қарастырылады. Жобаның қайтарымсыз гранты жастарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін өте тиімді», – дейді «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Диана Қырғызбаева. 

Жобада негізгі басымдықты NEET санатындағы жастарға беореді. Одан бөлек, оған уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпеген жастар да қатыса алады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы