Келіссөз алдында «Ақорда» резиденциясында шетелдік қонақты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министріне рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан шағын құрамда кездесу өтетін залға барды. Тараптар саяси диалогті нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән бере отырып, қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
– Құрметті Премьер-министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі келіссөздер нәтижелі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Виктор Орбан Қазақстанға шақырғаны және өзіне, Мажарстан делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.
– Атажұртқа оралу – әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Сондай-ақ ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор, – деді Виктор Орбан.
Осыдан соң Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. – Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз бар деп санайды. Мемлекет басшысының пікірінше, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек.
– Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі. Өз кезегінде Виктор Орбан құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.
– Құрметті Президент мырза! Біз Қазақстанға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын, – деді Мажарстан Премьер-министрі.
Келіссөз қорытындысы бойынша, білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Мемлекет басшысы салтанатты рәсім барысында Виктор Орбанның екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Бүгінгі жоғары деңгейдегі сындарлы келіссөздер біздің берік қарым-қатынасымызды тереңдетуге және стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың серпін берді. Халықтарымыз арасындағы достық арқауын және өзара тиімді байланыстарды нығайту ісіндегі айрықша рөліңізді ескере отырып, Сізді I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – зор құрмет пен ризашылықтың белгісі. Сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның – достас екі халық бірлігінің әрі өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қатынастарды нығайтуға деген ниетіміздің айқын көрінісі. Осы марапат ынтымағымызды одан әрі дамытуға және ортақ игілік жолындағы бірлескен жұмысымызға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Президент.
Қазақстанның жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Виктор Орбан Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін жұмсауға дайын екенін мәлімдеді. Сапар қорытындысында Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.