Қазақстан экономикасында ең көп жұмыс күшімен қамтылған салалардың көш басында сауда-саттық бой көрсетеді. Бұл дегеніміз сауда ісі – халықтың өмір сүруін белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Экономикадағы ең маңызды әрі ішкі кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін бағыт – сыртқы сауда. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын халықаралық сауда жолдары қалалар мен мемлекеттерді байланыстырып, елдердің өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді. Сондықтан халықаралық сауда мәселесін ішкі экономикалық нарықты құраушы ретінде қарастыру орынды.
Отандық өнімнің 56 пайызы экспортталған
Таяуда Орталық Азияның ең ірі іскерлік және қаржы орталығы болып саналатын Алматыда TRADEX халықаралық форумы өтті. Шараның негізгі тақырыптары сауда тенденциялары, логистика, электронды коммерция, франчайзинг салаларын қамтыды. Форумның ұйымдастырушысы, Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиеваның сөзінше, форумның негізгі идеясы – халықаралық сауданы қолдау, сауда ынтымақтастығын нығайту. TRADEX – алғашқы мамандандырылған іс-шара, сондай-ақ серіктес іздеуге арналған бірегей алаң. 300-ден аса кәсіпкердің басын қосқан форум тақырыбының халықаралық сауда мәселесіне арналуы тегін емес. Мәселен, еліміздің сыртқы сауда айналымы былтыр рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, жалпы құны 134,4 млрд АҚШ долларды құрады. Сауда профициті – 34,3 млрд доллар. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы сыртқы сауда айналымымен салыстырғанда 82 пайызға өскен. Алайда сыртқы сауда айналымы оң нәтижеге қол жеткізгенімен, экспортта аса қуанарлық өзгеріс бола қоймады. Экспорт бағытында 84,4 млрд долларды еншіледік. Қазақстанда ең көп экспортталатын тауар түрлеріне мұнай мен металл өнімдері кіреді. Елімізде өндірілген өнімдердің 56 пайызы сыртқа экспортталған. Ресми статистикаға жүгінсек, былтыр Қазақстан ең көп тауарлар мен қызметтерді Ресейден (17,3 млрд доллар), Қытайдан (10,9 млрд доллар), Германиядан (2,2 млрд доллар) және АҚШ-тан (1,9 млрд доллар), Кореядан (1,6 млрд доллар) сатып алған. Форумға қатысушы АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Мишел Еркін АҚШ-тың Орталық Азиядағы сауда мен интеграциялық күш-жігерді қолдайтынын ашық айтты. Былтырмен салыстырғанда Қазақстанның АҚШ-қа экспорты шамамен 60 пайызға, ал АҚШ-тың елімізге жасаған эскпорт көлемі 20 пайызға артқан. Соңғы бір жыл көлемінде Қазақстанға сырттан импортталған өнімдердің жалпы құны 50 млрд долларды құраған.
Елімізде шикізат экспорты басым түскен оң сауда балансы қалыптасқан. Ал импортқа қайта өңделген және дайын тауарлар кіреді. Елдің ішкі ресурстарын дамытпай, Қазақстан арзан шикізатты экспорттап, қымбат дайын өнімдерді импорттауды жалғастыра береді. Бұл импорттық инфляция проблемасын ушықтыруы мүмкін. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсінов шарада осындай пікірін жеткізіп, импорт, экспорт мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүкіл ұлттық экономиканың ресурстарын жұмылдыру, мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру, елішілік құндылықты дамыту мәселесінің оң шешілуіне сеп болмақ. Нәтижесінде, импортқа тәуелділік төмендеп, керісінше, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге және бағалардың ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашылады.
Өндірістен гөрі креативті индустрия маңыздырақ
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 34,6 пайызға жеткен. Сыртқы сауда айналымынан қазынамызға 114 369,4 млн доллар келіп түскен. Экспорттың даму қарқыны 23,8 пайызға өсіп, негізгі табыс 2 605,2 миллионды құрады. Осы тұста Консалтинг және сауда компаниялары қауымдастығының президенті Алуа Нұрбайға сауда-саттық, соның ішінде экспорт, импорт мәселелеріне қатысты бірқатар сауалымызды қойдық. Ол халықаралық сауда жүйесінде маңызды рөлге ие болу үшін креативті индустрияға баса мән берілуі керек екенін алға тартты. Сондай-ақ сапалы өндіріс орындарын құруда кәсіби кадрлар жетіспейтінін атап өтті.
– Экспорт – оңай мәселе емес. Әр мемлекеттің өзіне тиесілі ішкі заңдылықтары мен стандарттары, бюрократиялық жағдайы бар. Осыдан 30 жыл бұрын өндірісте Қытай арзан мемлекет болып саналды. Үлкен компаниялар елдерін тастап, америкалық, италиялық өнімдерді Қытайға ауыстырды. Ал қазір Қытайдың экономикалық жағдайы өсті. Тиісінше, жалақы да өсті. Қытай енді ең арзан мемлекет ретінде саналмайды. Мәселен, Англия – қаржының, бәріміз жақсы көретін бриллиантты сертификаттайтын орталық. Сондай-ақ Англия – креативті индустрия орталығы. Қазіргі экономикада өндірістен гөрі креативті индустрия маңыздырақ. Англияда креативті индустрияның үлкен саласы бар. Ол ішкі өнімді ұлғайтады. Егер бізде креативті индустрия бар, бірақ өндірісіміз басқа мемлекетте болса, одан төнер қауіп жоқ. Бірақ креатив, негізгі қаражат елімізге келу керек. Оны ойлап табу үшін, әрине мамандар керек. Ең маңыздысы – адами ресурс», – дейді ол.
Наубайханалар санын көбейту керек
Естеріңізге салсақ, биыл Сауда және интеграция министрлігі еліміздің 13 өңірінде ұн қымбаттағанын мәлімдеген еді. Тіпті, ұн мен нан өнімдерінің құнына қатысты мәселе көтерілді. Оған себеп – Қазақстан Өзбекстанға бидай өнімін экспорттайды. Алайда көрші мемлекет бізден бидай сатып алса да, салыстырмалы түрде Өзбекстандағы нан бағасы Қазақстаннан төмен екені айтылды. Осы ақпаратқа қатысты Алматы қаласы Наурызбай ауданының «Атамекен» ҰКП филиалы директоры Мақсат Серәлінің пікірін сұрап көрдік.
– Нан бағасын Үкімет бекітеді. Меніңше, бұл мәселеге еліміздегі наубайханалар көлемінің аздығы себеп. Осы салада кәсіпорындарды, нан пісіретін наубайханалардың санын көбейту керек. Сол кезде бәсекелестік туындайды. Ал бәсекелестік болған жерде баға факторы рөл ойнайды. Бұл бағаның төмендеуіне әкеледі. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Өзбекстанда жұмыс күші арзан. Бізде керісінше. Одан кейін ішкі технологиялардың қолданылуы қымбат. Одан өзге коммуналдық электр энергиясы, салықтар бар. Тарифтердің жыл сайын өсуі нарыққа әсер етпей қоймайды», – дейді М. Серәлі.
Бүгінде Алматы – сауда-саттығы дамыған, халықаралық сауда дипломатиясында ықпалы зор өңір. Мұндай ауқымды шараның оңтүстік астанада өтуі заңдылық. Алматы өнім көлемі бойынша ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды. 2023 жылғы 1 қазандағы көсеткіш бойынша мегаполисте тіркелген заңды тұлғалардың саны 149 623 бірлікті құраған. Бұл былтырмен салыстырғанда 7,1 пайызға өскен. Демек, бизнес өкілдерінің шоғыры қалыптасқан өңірде жас кәсіпкерлерге көрсетілер қолдаудың болуы да маңызды. М. Серәлі ел игілігі үшін пайдалы өнім шығарып, экспорт, импорт бағытымен айналысқысы келетіндер үшін «екі қолға бір күрек табылатынын», мемлекет тарапынан қолдау қарастырылғанын айтады:
– Сауда-саттық саласындағы бюджеттің төрттен бір салықтық құрамын алматылық кәсіпкерлер құрайды. Қазір жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін оңтайлы шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Президент тапсырысы бойынша жаңадан кәсіп бастағысы келетін азаматтарды 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несиелендіру. Бұл қолдау қазір ауылдық аймақтар мен қалаларда жақсы тенденция алып жатыр. Кәсіп бастаймын деген азаматқа бірнеше жеңілдік, оның ішінде мемлекет тарапынан берілетін гранттық жобалар бар. Мысалы, көпбалалы аналарға бөлінетін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 400 айлық есептік көрсеткіште (АЕК) грант ұтып алуға болады. Жалпы құны – 1380 000 теңге. Грант қайтарымсыз. Өз кәсібін жүргізіп жатқан азаматтарға 1 миллионнан 5 миллионға дейін грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған. Ұлттық жоба аясында грантты кез келген кәсіпкер ұтып ала алады, – дейді ол.
Ал грант алған азаматтардың жұмысын, нақтырақ айтқанда қаржының дұрыс жұмсалуын әрі қарай кім қадағалайды? Мақсат мырза бұл сауалымызға жауап ретінде өз тәжірибесін мысалға алды. Маманның айтуынша, қазір «Бастау Бизнес» жобасы арқылы көп азамат грант иегері атанып жатыр. Оларды қадағалайтын негізгі ұйым – халықты жұмыспен қамту орталығы. Мұнда арнайы комиссия құрылады. Арнайы комиссия өкілдері қаражаттың қайда жұмсалғанын, не сатып алғанын, қандай шаруамен айналысып жүргенін бақылайтын көрінеді.
– Біз көп кәсіпорынға бардық. Бір ғана филиал ретінде ашылған тігін цехын алып қарайық. Осы тұста грант қаражатының да аса көп емес екенін ескеру керек. Бірақ бұл қаражат кәсіпкердің өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуі үшін жеткілікті. Қазір грант ұтып алған жобалар жұмыс істеп жатыр. Оларды қадағалайтын арнайы органдар бар. Егер бөлінген қаражатты дұрыс жұмсамаса, оның да белгілі бір деңгейде өз жауапкершілігі бар, – дейді «Атамекен» ҰКП филиалы директоры М. Серәлі.
Айналып келгенде экономиканы қарқынды түрде дамыту – сапалы кадрлар даярлау, өндірісті ұлғайту, жас кәсіпкерлерді оқытуда тиімді ресурстарды пайдалану мәселесіне келіп тіреледі. Жоғарыда мамандар атап өткендей, экономикаға әсер беруші кез келген салада креативті индустрияны алға қойған жөн. Айта кетейік, халықаралық сауда форумында талқыланған мәселелер негізінде «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның сырты сауда палатасы бірлесіп құзыретті органдарға ұсынымдарын жіберді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы