Мәдениет министрлігінің бұйрығымен 2022 жылы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай К.Оразалиннің музей-үйі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының бір бөлімі болып ашылды. К.Оразалиннің артында қалған мұраларын, өміріне қатысты құнды дүниелерін ұрпағы Елдар Кәменұлы арқылы есепке алып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында әкесінің кеңесімен 1950 жылы салған үйіне қайта жөндеу және экспозициялық жұмыстар жүргізіліп, Кәмен Оразалиннің музей-үйі болып 2022 жылы қарашаның 11-де ашылған болатын.
Кәмен Оразалин 1920 жылы маусым айының 16 жұлдызында Абай ауданы Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. 1929 жылы осы ауылдағы «Ақтас» бастауыш мектебін бітіргеннен кейін Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 4-ші сыныбын, одан кейін 5-6-шы сыныпты Аягөз ауданы Сергиополь қаласындағы Сабыржан Ғаббасов атындағы мектебін бітіреді. Әрі қарай Кәмен Оразалин орысша үйрену үшін Семей қаласына ауысып, 1936 жылы Жаңа Семейден 7 жылдық мектепті аяқтап, 1939 жылы Семей қаласындағы №11-ші мектептен 10 жылдықты тәмәмдап, орта білім алып шығады.
Кәмен мектепте оқып жүргенде-ақ, баспа беттерінде өлеңдері шыға бастайды. Семей облыстық «Екпінді» газетінде 1938 жылы «Күзетте» деген алғашқы өлеңі, 1939 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 35 жыл толуына орай ұлы ақынға арнаған «Данышпан ақын» атты өлеңі басылады. Сондай-ақ, «Ленинге», «Көктем», «Жамбыл атаға», «Тойға шашу», т.б. өлеңдерімен «Жастардың сыры» әңгімелері баспа беттерінде жарық көрді.
1939 жылы К.Оразалин әскер қатарына шақырылып, Краснояр қаласындағы №365-ші атқыштар полкінін жауынгері қатарына алынады. Сол кезеңдегі әскери тәртіп бойынша, әскер қатарына алынған жауынгерлерге ұрыс болған жерді көрсету арқылы өз Отандарын қорғауға деген патриоттық сезімдерін оятқан.
1940 жылы Омбы облысының Ишим қаласындағы полковой школды бітірген сон, Кәмен сержант атағын алып шығады. Сол жылы Финляндия мен Кеңес Одағының арасында соғыс басталған-ды. Осы соғысқа үлкен дайындықтан өткен, бойшаң және шаңғы тебуді жақсы білетін, суыққа төзімді Сібір әскерлерінен жасақталған №365-ші полк қатарында К.Оразалин де фин соғысына аттанады. Кәмен өзінің полкімен қырғын соғыс болған «Линя Маннергейма» бекінісінде болады. Бірақ Финляндиямен соғыс ұзаққа созылмай аяқталады.
1941 жылы наурыз айында К.Оразалин Новосібір қаласында бөлімше командирі бола жүріп, Сібірдің әскери округінің отандық тексеруіне ілінеді. Сібірдің жаяу әскерлерімен оның бөлімшесі ғана бүкіл тексеруге түседі. Ұлы Отан соғысы алдындағы бұл тексеруде бөлімше командирі сержант К.Оразалин Қызыл Армияның отандық тексерулерінің тарихында сирек кездесетін көрсеткішке жетеді.
Адамдарды тәрбиелеудегі К.Оразалиннің іс-тәжірибесі Сібірдің округтік «Красноармейская звезда» газетінде жарияланады да, осыған орай 1941 жылы 18 сәуірде генерал-майор П.Глинскийдің «Огневую подготовку – на уровень требований народного комиссара обороны» атты мақаласы жарияланады. Онда саяси және ұрыс дайындығының үздігі кіші командир К.Оразалиннің Қызыл Армия жауынгерлерін тәрбиелеуге қосқан үлесіне ерекше баға беріледі. Сондай-ақ К.Оразалин Сібірдің көптеген қаласындағы горнизондарда сөз сөйлейді. Барлығы «Отклики на сержанта товарища Оразалина» деген атпен күнделікті жарияланып тұрады.
1941 жылы аға сержант атағына ие болған К.Оразалинді әскери басшылық өз полкінен ауыстырып, Новосібір қаласындағы №418-ші атқыштар полкінің взвод командирі етіп тағайындайды және сол жерден тура ұрыс майданына аттанады.
Алғашқы күннен бастап, Кәмен Сібір әскерлерінің құрамында взвод командирінің орынбасары болып, Днепр жағасындағы фашист әскерлерінің жантүршігерлік шабуылдарына қатысып, қарсы тойтарысқа ат салысады. Кескілескен ұрысқа кірер алдында «Бір де бір адым шегінбеуге» ант бере отырып, 1941 жылдың 10 тамызында ВКП(б) Орталық Комитетінің шақыруына орай К.Оразалин партия қатарына өтеді. Соғыста сержант, аға сержант, старшина, взвод командирі шеніне дейін көтеріледі.
1941 жылдың 21 қазанында жаумен бетпе-бет келген ұрыста жанқиярлық ерлік көрсетеді. 23 қазан күні «Правда» газетінің № 251 санында «За нашу победу!» деген атпен комсомолдар мен жастарға арнаған отанды неміс басқыншыларынан қорғауға және қарсы тұруға шақырған үндеу хаты жарияланады. Сол жолы жаумен кескілескен ұрыста Калинин қаласының маңындағы Кисилев деревнясында басынан қатты ауыр жараланып, №3852-ші эвакуо-госпиталіне түседі. Одан 1941 жылғы қараша айының 13-інен желтоқсан айының 9-на дейін емделіп, жазылып шығады.
1942 жылдың қаңтарында К.Оразалин қатарға қайта қосылып, №930-шы атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қайта кіріседі. Сол жылдары Калинин облысының Западный Двина қалашығының маңындағы Сычевка елдімекенін азат етуде К.Оразалин ерекше көзге түседі.
1942 жылы 29 маусымда Уфа қаласындағы №289-шы әскери госпитальдің комиссиясы К.Оразалинді екі аяғынан ауыр жараланғандықтан соғысқа жарамсыз деп тауып, әскерден бір жолата қайтарады.
Осы ұрыстар кезеңдегі ерлігі ескеріліп, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады, 1941–1945 жж. «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі беріледі. Туған жеріне аман-есен оралған Кәмен әдебиет әлеміне толықтай бет бұрады.
Соғыстың ауыр уақытына орай халықтың жарым көңілін жігерлендіре отырып, патриоттық рухта «Қазақ офицері», «Ракета», «Тылдың жауынгерлері» т.б. әңгімелерін баспа беттерінде жариялап тұрады.
Сондай-ақ елдегі тыл еңбекшілеріне насихат жұмыстарын жүргізіп, халық ақындары болып К.Оразалин мен Ш. Әбенов жер-жерлерде ақындар айтысын ұйымдастырады. Ақындар айтысы жергілікті баспа беттерінде басылады.
1943 жылы Мұхтар Әуезов туған елі Абай ауданына келгенде Кәмен ұлы адамды тұңғыш көріп, тілдеседі. Мұқаңның сол жолғы елде болған сапарында қасында бірге жүріп, елді бірге аралайды. Алматыға оралғаннан кейін М.Әуезов «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы «Ақын ауылында» атты очеркін жариялайды. Онда: «...Абай үлгісін өсиет етіп, айтып отыратын ірі әңгімешілер бар. Олардың бірі – Жүрекадырдағы қарт колхозшы Оразалы одан көп тарихи оқиғаларды естіп, көп тоқыған. Кәмен де оқыған, өзі жазушы, Ұлы Отан соғысынан жаралы боп қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады» деп берген бағасы Кәменнің болашақ шығармашылық жолына даңғыл жол салады.
Балдаққа сүйене жүріп, Семей қаласындағы мұғалімдер институтының Қазақ тілі мен әдебиет факультетіне 1944 жылы түседі.
1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің құрметіне К.Оразалиннің «Майға сәлем» атты өлеңі баспа бетінде жарық көреді.
Кәмен 1947 жылы бітіріп, жоғары білім алып шығып, 1948 жылы Қарауылдағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болған. 1948 жылдан бастап Кәмен ұстаздық еңбек атқара жүріп және сол мектепте 1939 жылдан бастап шығып тұрған «Абай ұрпақтары» қолжазба журналға қырық жыл редактор болған екен. Осы журналдың тарихын тарқатып айтатын болсақ, кезінде М.Әуезовтің 1939 жылы елге келген сапарында Қарауыл орта мектебінің оқушыларымен кездескен екен. Сол кезде М.Әуезов: «Сендер Абай ұрпақтарысыңдар. Ақын аталарыңның ұлылығын болашақ ұрпақпен ұштастыратын да сендерсіңдер, олай болса, мектеп жасынан әдебиет үйірмесін ашып, «Абай ұрпақтары» атты әдеби қолжазба журналын шығарып тұрыңдар!» деп жиналған қауымға үлкен ой тастаса керек. Сөйтіп, 1939 жылдың желтоқсан айында «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының тұңғыш саны жарық көрген. «Абай ұрпақтары» журналы бастан аяқ қолмен жазылып, бірақ дана болып шыққандықтан, кейбір сандары сақталмай қолды болып кеткен. Кейбір саны мектепке келген қонақтарға сый ретінде тарту етіліп кеткен көрінеді. Сол себепті журналдың латын альфавитімен жазылған алғашқы сандары сақталмаған. Қазір 1940 жылы латын әріпімен жазылған бір-ақ саны сақтаулы көрінеді. «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының сол кезде болған алғашқы редакторлары Талғат Әбенов (1941), Тұрсынхан Абдрахманова (1942), Серғазы Қалиевтен (1945), кейін 1947 – 1974 жылдары Кәмен Оразалин болған екен. Қолжазба журналдың сол кездегі сандары К.Оразалин музей-үйінің залдарында бар. Қазір «Абай ұрпақтары» қолжазба журналды Қарауылдағы мектеп ұстаздары жалғастырып отыр.
Ұстаздық ете жүріп, 1949 жылы респубикалық «Леніншіл жас» газетінде Отан соғысы тақырыбына арнап жазылып жатқан «Қасиет» («Жексен») атты тырнақалды еңбегінен үзінді беріледі. Онда соғыстың ең ауыр жылдары 1941-1942 жылдардағы Сталинград үшін күрескен совет жауынгерлерінің ерлік істері, қазақ жігіті Жексен мен орыс қызы Еленаның арасындағы достық, ізгілік, махаббат, ұлттар достастығы, соғыс кезіндегі өмір шындығы суреттеледі. Новиков, Хасанов, Гургенадзе тәрізді жауынгерлердің ерлік істері баяндалады.
1950 жылы Ұлы Отан соғысының шежіресінен сыр шертетін тұңғыш шығармасы «Жексен» («Қасиет») повесі жарыққа шығады. Кезінде Мұхтар Әуезовтен өз бағасын алып, бұл повесть шындығымен ерекшеленді.
1958 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1959 жылы тың игеру эпопеясына арнаған екінші күрделі еңбегі – «Ақ жазық» романы дүниеге келді. 1960 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. 1961 жылы үшінші күрделі шығармасы – коллективтендіру кезеңін жыр ететін «Көктем салқыны» романы жарық көрді.
Кәмен Оразалин ұстаздық жолда жүріп оқушыларды тәрбиелеуде, шығармашылықты қалыптастыруда, шәкірттерінің бойындағы бұлақтың көзін ашуға күш салған. Соның нәтижесінде, жеті адам Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне өткен. К. Оразалин ұлыларымызды жас шәкірттеріне танытып, санасына сіңіруге баға жетпес еңбегімен бірге оларға деген шексіз адал, шәкірттік махаббатын білдірді. Ол кісінің ұстаздық ұстанымы өзі оқытқан бала атаулыға Абай өлеңдерін зердесіне құйып, жаттап өсіруді дағдыға айналдырған. Қарауыл мектебінен түлеп ұшқан қаншама шәкірттері ұстазы Кәмен ағаның тәрбиесімен мамандықтарын әр саладан таңдасада әдебиетке деген құштарлықтарын көкейлерінен өшірген емес. 1965 жылы К.Оразалиннің ұзақ жылдардағы педагогикалық еңбектері ескеріліп, «Қазақстан мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ берілген.
К.Оразалиннің негізгі басты еңбегі – заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ғұмырнамасына, жазушылық жолына арнаған эпикалық шығармасы – «Абайдан соң» атты ІV томдық романдар (1972, 1987, 1989, 1995ж.) тетрологиясы. Жазушының «Абайдан соң» еңбегі – ең кесек, ең негізгі туындысы. Романда жас Мұхтардың өсу, толысу жылдары, ғұламаның жүріп өткен асулары, халқына қылған қызметі, тауқыметі, бақ-белесі эпикалық толғаумен суреттеледі. Кәмен ағамыз Абай өлеңдерін және «Абай жолы» эпопеясын жатқа білген.
К.Оразалиннің әр шығармасы халқымыздың тарихындағы елеулі кезеңдерді суреттеуге арналған. Ел ішінде отырып, жазушы өмірде болып жатқан ірі өзгерістерді назарынан тыс қалдырмаған.
1976 жылы қалың оқырман жұртшылықтың зор құрметіне бөленген, Абай ауылының өткені мен бүгінгісі жайында және Абай, Шәкәрім, Мұхтар есіміне байланысты тарихи орындар жөнінде әңгімеленетін тарихи дерекнама шығармасы – «Абай ауылына саяхат» атты кітабы шықты.
К.Оразалин оқытушылық, шығармашылық қызметпен бірге ауданның саяси және мәдени өміріне де белсене қатысқан.
1950 жылдан аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып, үздіксіз сайланып келген. Аудандық Кеңестің депутаттығына да бірнеше рет сайланған. К.Оразалиннің еңбектері жоғары бағаланып отырған. Ол «Қазан төңкерісі», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін иеленген. «2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылына» орай Кәмен Оразалин «Парасат» орденімен марапатталды.
К.Оразалиннің тағы бір күрделі еңбегі – «Абайдан соңғы арыстар» атты романдар трилогиясы. Халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстары туралы жазылған бұл шығарма 2002 – 2005 жылдары аралығында жарық көрді.
2008 жылы дүниеден озса да, табан аудармастан елде отырып, қазақтың руханият әлеміне үлкен повестер мен эпикалық романдар көшін жеткізген Кәмен Оразалин – халық жазушысы.
Сондықтан да барлық өмірін елінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне арнаған, кім қозғаса да қозғалмай, тұғырынан таймай халқымен бірге жасаған Кәмен Оразалин Абай ауданының тарихында өшпес із қалдырып, ұмытылмас ірі тұлға болып қала бермек.
Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
музей-қорығының экспозиция және көрме
ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі