Астанада #Бірге ақпараттық науқанының таныстырылымы өтті

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» өзара сыйластық құндылығы мен тең құқығын дамытатын, қоғамның бірлігі мен алуантүрлілігін сақтауға бағытталған #Бірге ақпараттық науқанының таныстырылымы өтті.

Іс-шараның мақсаты – «араздық тіліне» қарсы іс-қимыл және оны алдын алу, қоғамдағы этносаралық толеранттылықты арттыру және медиа кеңістіктегі азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жақсарту.

Ақпараттық науқанды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің қаржылай қолдауымен «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының сарапшылары ұйымдастырды.

Шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің, «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының өкілдері, өңірлік әкімдіктердің және Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин өз сөзінде ақпараттық науқанның маңыздылығын, интернет пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде және күнделікті өмірде этносаралық коммуникация ережелерімен танысуына жәрдемдесудің маңыздылығын айтты.

– Бірнеше жылдан бері министрлігіміз «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде, өткен жылы интернет кеңістігінде аздық білімді еңсеру бойынша азаматтар үшін әдеп кодексі, мемлекеттік қызметкерлер үшін араздық тілін мониторингілеу және алдын-алу жөнінен әдістемелік құрал әзірленген болатын. Оның бәрі халықаралық және қазақстандық құқық қағидаттарына негізделді. Жобалар азаматтық қоғамның тәуелсіз және кәсіби сарапшылары, оның ішінде халықаралық деңгейдегі мамандардың қатысуымен өтті, – деді Ғалым Шойкин.

Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Йоханнес Д. Рай өз сөзінде, интернет-кеңістіктегі сындарлы мінез-құлықтың, бір-біріне деген жақсы қарым-қатынастың және өркениетті пікір алмасудың қажеттігін айтты.

"Бұл жоба қалың жұртшылық арасында этносаралық «араздық тілі» мәселесі бойынша хабардарлықты арттыруға септігін тигізеді. Ел ішіндегі ғана емес, мемлекет арасындағы араздық тудырмауға көмектеседі", – дейді қордың өкілі.

Осыған дейін «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы араздық дискурсын зерделеу бойынша медиа алаңда үлкен талдамалық жұмыс пен терең зерттеулер жүргізген. Жоба аясында қоғамдық орындарда, өңірлерде таратылып, көрсетілетін көрнекі материалдар (плакаттар, сыртқы жарнама баннерлері, анимациялық бейнероликтер) әзірленді.

Науқанның барлық материалдарында #Бірге хэштегі, «Біз әртүрлі болғанмен, Отанымыз ортақ» ұраны, сондай-ақ «араздық тілдің» таралуына жол бермеу мақсатында әзірленген ақпараттық кеңістіктегі мінез-құлық ережелерінің әмбебап және түсінікті жиынтығы «QazNetEtiquette»-ке сілтемесі бар QR-код орналастырылған.

Еске салсақ, Әдеп кодексінің таныстырылымы Астана қаласында 2022 жылдың қазан айында өткен болатын.