"AMANAT": Батыс Қазақстан облысында жолдың 40%-ы сапасыз деп танылды

Мердігерлер мемлекеттік субсидияны негізсіз алады, тұрғындар жол сапасына жиі шағымданады, ал мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысына қағаз жүзінде ғана қарайды.

Мердігерлер мемлекеттік субсидияны негізсіз алады, тұрғындар жол сапасына жиі шағымданады, ал мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысына қағаз жүзінде ғана қарайды. Осы және өзге де мәселелер Орал қаласында өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осыдан бір ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға қол қойғанын және бұл құжат барша азаматтың мемлекет ісін басқаруға араласу мүмкіндігін кеңейткенін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бұл барша азаматтың миссиясы. Егер біз мемлекеттік органдарды бақыламайтын болсақ, экономиканың жекелеген салалары немесе елдегі өзге де процестер үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алмасақ, онда біз белсенді әрі әділ қоғам құра алмаймыз. Құзыретті органдар енжарлық танытатын болса, оларды әрдайым қамшылап отыру керек. Бүгін айтылған фактілер құқық қорғау органдары үшін әдістемелік құралға айналады. Әр факті бойынша мұқият тексеру жүргізу қажет», – деді Кеңес төрағасы.

Осылайша, Кеңес 2021-2022 жылдардағы және өткен 9 айдағы өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысының жай-күйін зерделеді. Есепті кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 186 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркесе, оның 156-сы парақорлық фактісіне қатысты болды. Сөйтіп, 83 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 16-сы – құқық қорғау органдарының, ал 14-і – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері.

Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты өңірде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

«Мемлекеттік мекемелердің, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының ғимаратында 4 мыңға жуық QR-код орнатылды. Осы арқылы, өңір тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және өзге де мәселелер бойынша жыл басынан бері 1000-нан астам ұсыныс білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында квазимемлекеттік сектордың барлық 325 субъектісінде комплаенс-қызметтер енгізілді», – деді ол.

Бұдан соң, партиялықтар сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын нақты фактілерді талқылауға көшті. Кеңестегі жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 2021 жылы сәуірде Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында 255 млн теңгеге үш қабатты тұрғын үй салу жоспарланғанын және ол 8 айда салынуы тиіс болғанын атап өтті. Алайда, аталған баспана осы уақытқа дейін пайдалануға берілген жоқ.

«Теректі ауданы әкімдігі тарапынан әлеуметтік инфрақұрылымның құрылыс-монтаждау жұмысына бақылау жүргізілмейді. Сонымен қатар, құрылыс сапасында кемшіліктер бар. Сатылымға қойылған жер учаскелері бойынша бюджетке қаражат аудармау фактілері де орын алды. Мысалы, былтыр модульді бордақылау пунктінің құрылысына жер жалдау құқығын аукцион арқылы сату нәтижесінде аудандық жер қатынастары бөлімі мен «Айлин-Торе» ЖШС арасында 2 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалды. Алайда, аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік 153 мың теңге көлеміндегі кепілдік депозиттен басқа ешқандай төлем жасаған жоқ. Ал аудандық жер қатынастары бөлімі төлем кешіктірілгені үшін айыппұл өндіріп алу бойынша шара қабылдамады», – деді халық қалаулысы.

Бұл ретте, Кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ өңірдегі жол сапасына назар аударды. Оның айтуынша, жол құрылысына едәуір қаражат бөлінетініне қарамастан, жол сапасы сын көтермейді.

«Биыл 617 шақырым жолға 81,5 млрд теңге, ал келесі жылға 800 шақырым жолға 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда жөндеу және құрылыс жұмысын дұрыс жоспарлауға қатысты мәселе бар. Мысалы, «Федоровка-Ақсай» жобасы бойынша кейбір учаскеде асфальтбетон қоспасы 2022 жылы көктемде төселсе, күзде жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал бір жылдан кейін жолды жамап-жасқау жұмысы басталды. Тапсырыс берушілер мен мердігерлер жауапкершілік арқалауы тиіс. Себебі олардың кесірінен мемлекет қосымша тендер жариялап, тағы да қаражат бөлуге мәжбүр», – деді ол.

Кеңес мүшесі Дидар Смағұловтың айтуынша, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, жол-құрылыс материалдарынан алынған бір мың сынаманың 370-і қолданыстағы нормативтік талаптарға сай келмейді.

«Бұдан облыстағы барлық жолдың 40%-ы сапасыз деген қорытынды шығады. Ал әкімдік болса, мердігерлерге уақытылы ақша төлейді. Сонымен қатар, былтыр сапасыз жұмыс істегені және белгіленген мерзімнен кешіктіргені үшін бірде-бір мердігер компания «қара тізімге» енгізілген жоқ. Мысалы, былтыр «Барбастау-Ақжайық-Индербор» жолындағы кемшіліктер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқаннан кейін ғана жойылды. Бірнеше жылдан бері «Чапай-Жаңақала-Сайқын» тасжолын қайта жаңғырту жұмысы аяқталмай отыр», – деді Дидар Смағұлов.

Кеңес мүшелері қалааралық тасымалдаумен айналысатын автобус компаниялары үшін өңір бюджетінен бөлінетін негізсіз субсидияларға жеке тоқталды.

«2021 жылы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Қазақстан Елім» ЖШС-не 20 млн теңге көлемінде негізсіз субсидия төледі. Өзге де бірқатар компания облысішілік бағыттар бойынша жолаушылар және жүк тасымалы қызметіне бюджеттен 8,4 млн теңге сомасына негізсіз субсидия алды. 2022 жылы қаңтарда «Лидер Электро Сервис» ЖШС көрсетілген қызмет туралы құжат болмауына қарамастан, шамамен 19 млн теңге алды», – деді Абзал Құспан.

Жиын соңында Ерлан Саиров бірқатар лауазымды тұлғаны сыбайлас жемқорлыққа жол бергені, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізуге және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қағаз жүзінде ғана қарағаны үшін партиялық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Атап айтқанда, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов сөгіс түрінде партиялық жазаға тартылды.