Алматыда 1-сынып оқушысының зорлануы бойынша сараптама қорытындысы жарияланды

Бір ай бұрын Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласының зорланғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Алматы полициясы жекеменшік мектептердің бірінде 7 жасар баланы зорлау фактісіне қатысты сот-медициналық комиссия сараптамасының қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

Полицияның дерегінше, зерттеуде оқушының зорлыққа ұшырау дерегі анықталмаған. Алматы қалалық Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігімен қарастырылған қылмыс бабы бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

«Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша баланың денесінде сыртқы және ішкі жарақаттар табылмады. Қазір қосымша сараптама тағайындалды. Сондай-ақ геномдық ДНҚ сараптамасы жүргізілді, ол бөгде биоматериалдың жоқ екендігін анықтады», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бақылау камераларына түскен бейнежазбалар тергеу үшін тәркіленіп, мұқият сараптамадан өтті. Алайда қылмыстық іс жүргізу заңнамасының, атап айтқанда, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу туралы мәліметтер жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, бір ай бұрын Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласының зорланғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Қылмыстық істі Бостандық аудандық ПБ тергеп жатыр. Қазан айының соңында 7 жастағы оқушының анасы тағы бір мәлімдеме жасап, еліміздің Ішкі істер министрі мен Бас прокурорына жүгінді.