Түркістандық полицейлер 5-қабаттан секірмекші болған әйелді құтқарды,-деп хабарлайды Polisia.kz. Түркістан қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын, белгісіз әйелден өзін жайсыз сезініп, өлгісі келетінін айтқан хабарлама келіп түсті. Осы хабарлама бойынша оқиға орнына 5 минут ішінде шұғыл жедел-тергеу тобы жетіп, онда көпқабатты тұрғынүйдің 5-қабатынан белгісіз әйелдің өз-өзіне қол жұмсамақ болып, балконнан секіруге оқталып тұрғанын көреді. Адам өміріне қатысты жағдайды оң шешу мақсатында оқиға орнына жеткен учаскелік полиция инспекторлары Болат Оразбеков, Қайрат Нармухамедов, Нұрғиса Жұмабай тез арада жоспар құрып, әрекетке кірісті. Болат Оразбеков әйелді сөзге тартып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асырып, оның секіруіне кедергі келтіріп тұрса, Нұрғиса мен Қайрат құлыптаулы болған пәтердің есігін бұзып кіріп, өлгісі келген әйелді балконда салбырап тұрған жерінен құтқарып қалды. Аталған жайт Түркістан қалалық Полиция басқармасына ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тексеру барысында, әйел өмірге қапалы екенін, денсаулығы болмай жүргенін, азын-аулақ тұрмыстық мәселелерді көтере алмай қалып, өзінің не істегенін байқамай қалғанын айтады. Полицейлер әйелдің өмірін сақтап қалумен қатар, дәрігерлер мен психологты шақыртып, қажетті шараларды жүзеге асырды.