Түркістан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесовтің айтуынша, қазір өңірде инфекцияның жоғары тіркелуі жалғасып жатыр. Әсіресе, балабақшалар мен мектептерде аталған дертті жұқтырып жатқандар көп.
«Науқастардың барлығында дерлік инфекция ЖРВИ симптомдарымен, яғни дене температурасы 39-40С дейін жоғарылауы, құрғақ жөтел, көздерінің жасаурауы, ісінуі, жалпы әлсіздік, тәбетінің жоқ болу белгілерімен басталған. Науқастардың бас және бет бөліктеріне, денелеріне дақты-папулезді бөртпелер шығуда», – деді Бахтыораз Елемесов.
Мамандардың айтуынша, өңірде қызылша жұқтырғандардың 88 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құраған. Әсіресе, араларында 4 жасқа дейінгі бүлдіршін көп. Осыған байланысты облыс аумағында қызылша аурушаңдығының алдын алу, эпидемиологиялық жағдайды бұдан әрі тұрақтандыру мақсатында өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық қызылшаға қарсы іс-шаралар туралы» қаулысы шықты. Қаулы бойынша қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға қосымша жаппай иммундау жүргізіледі.