Дархан Сатыбалды өз үйінің ауласында кәсібін дөңгелетіп отырған түркістандықтармен кездесті. Атап айтсақ, өңір басшысы Түркістандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жұмыс барысымен танысып, кәсіпке кедергі келтіретін факторларды да талқылады.
Түркістан – рухани қала, сондықтан туристік бағытпен немесе зиярат жасап келетіндердің қатары мол. Сол себепті мұнда қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. Кәдесыйлар жасап шығаратын жергілікті кәсіпкерлер Түркістан қолөнерін дамытуға үлес қосып келеді. Мұнда жылына 1 000 дана бұйым шығарылады. Кәсіпкерлер соңғы уақытта қазақи нақыштағы ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуды жоспарлап жатқандарын тілге тиек етті. Кәсіпкер тек жастар арасында бұл кәсіппен айналысуға деген қызығушылық аз екенін айтты.
Мәселен, облыс әкімі табан тіреген «Қанібекова» ЖК темір және ағаш есік шығарумен айналысатын цех жылына 6 000 дана есік жасап шығарады. Белгілі болғандай, мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тапсырыс тұрақты түсіп отырады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Сауран» тұрғын үй алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, тұрғындар өтінішіне құлақ аса отырып, бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді.
Облысы әкімі Дархан Сатыбалды шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен де кездесті. Бұл жолы Түркістан қаласында бизнесін дамытуға ниет білдірген Алматы, Қарағанды облыстарынан арнайы келген кәсіпкерлер де қатысты. Сондай-ақ туризм, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі және басқа салалардан 50-ге жуық кәсіпкер жиналды. Мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысып, ұсыныстарды тыңдады. Бизнес өкілдері қордаланған мәселелері мен жаңа ұсыныстарын айтты. Ашық және емін-еркін форматта өткен басқосуда кәсіпкерлерде өз ойларын ортаға салды. Бизнес өкілдерінің сөзін тыңдаған облыс басшысы кәсіпкерлерге қай кезде де қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қарым-қатынас орнатып, тиімді диалогтің негізгі арнасына айналуымыз керек. Түркістан өңірін кәсіпкерлік орталығына айналдыруға мүмкіндік мол. Біз өз тарапымыздан зауыт, өндіріс орны, жұмыс орнын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетеміз. Инфрақұрылым, жер, құжаттандыру және өзге де түйткілдер бойынша көмек беру мәселесін талқылауға дайынбыз. Облысты дамытудың басым бағыты – кәсіпкерлікті дамыту. Осылай ғана елдің әл-ауқатын, өңірдің экономикалық әлеуетін көтере аламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде бизнес өкілдері жаңа ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, көкөніс өнімін сақтайтын қойма иелері жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын жаңа 3 көкөніс қоймасын салуға дайын. Қаражаттың 20%-ын өз қаражаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыруды сұрайды.
Құрылысқа қажетті қоспаларын өндірумен айналысатын инвестор өндірістік аймақтан тағы да жер учаскесі және қолдау қаражатын қарастырып берген жағдайда кәсіпорын салуға дайын екенін жеткізді. Зауыт Түркістан қаласындағы «Түркістан» индустриалды аймағында орналасқан. Ал полипропилен және термо қаптар, көкөністерге арналған тор, полиэтилен өндіретін цех басшысы бизнесін дамытуды көздейді. Ол үшін осы жобаны облыс орталығында жүзеге асыруға қолдау сұрады.
3D темір тор жасау цехының өкілі де өз ұсынысын айтты. Жылына 180-300 тонна өнім шығаратын зауытқа қолдау көрсетілсе, «Түркістан» индустриалды аймағынан цех ашпақ. Темір және ағаш есік шығару цехының басшысы да кәсіпорнын кеңейту туралы ұсыныс айтты. Сонымен бірге ағаш өнімдерін өңдеу цехының басшылығы да жаңа цех ашпақ. Олар жалпы құны 0,4 млрд теңге тұратын ағаш өңдеу цехын салуға ниеттеніп отыр. Қаржының 20%-ын өз қаражаты есебінен, 80%-ын несие ретінде қарастыру жөнінде өтініш айтты.
Кездесуде осы және өзге де өтініштер, мәселелер айтылды. Ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы