Биіктік немесе «Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!»

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Биіктік» атты әдеби сазды кеш өтті. Қазақтың тұңғыш бард ақыны, композитор Табылды Досымовты еске алу кешін ақынның жары Қарлығаш Ибатова мен баласы Абыл Аяшұлы және ақынның ізбасарлары мен замандастары ұйымдастырды.

Сахна төрінде ақынның әндері шырқалып, 2013 жылы жарық көр­ген «Із тастап аққан бір жұлдыз» атты жи­нағының екінші басылымының тұ­сауы кесілді. Кітапхана фойесіндегі көр­меге ақынның еш жерде жарияланбаған ар­хив­тегі суреттері қойылды.

Әдеби сазды кеште Президент кеңес­шісі, журналист Бауыржан Омарұлы, те­ле­журналист Арман Сқабылұлы ақын, ком­пазитор Елена Әбдіхалықова, Мә­жіліс депутаты, жур­на­лист Жанарбек Әшімжан, «Түркістан» га­­зетінің бас редакторы Бауыржан Ба­ба­жан­ұлы, «Айқын-Литер» ЖШС-ның ди­­рек­торы Ысқақ Егембердиев сынды ел аға­лары естелік айтып, Табылдыға арнап жаз­ған жырын оқыды. 

– Табылдың Астанада әлі кеші болған жоқ. Мынау – алғашқы кеші. Ал Ақтөбе қа­ласында Табылдының жыл сайын ән­дер байқауы өткізіліп келеді. Атырауда да, Маңғыстауда да керемет жыр кеші болды. Енді Астанаға келді. Табылдыны ес­ке алу, Табылдыны таныту деген мақ­сат­та... Өзі де халықтың арасында таны­мал. Бірақ ресми түрде Табылдының елге та­нылуы соңғы бір-екі жылдың кө­ле­мінде қолға алына бастады. Атырауда ес­­керткіші ашылды. Біздің за­ман­дас­тардың ішінде Табылдының оқ бойы озық, шы­нымен ал­да екенін дәлелдейтін ес­керткіш әлі еш­кімге қойылған жоқ. Табыл оқу бітір­ген­нен кейін Алматыда қала алмай, бір шаңырақтың жалғызы болғаннан кейін ауылға кетті. Ауылда жүріп шығар­ма­шы­лы­ғын дамытты. Ал­матыны сағынып жүр­ді, Алматыға келгісі келетін. Бірақ қо­лы байлаулы еді. Сонда да болса, қыс­қа ғана 45 жыл ғұ­мырында көп жұмыс бі­тіріп кетті. Ал оның шы­ғармашы­лы­ғы­ның ең бір гүл­денген ша­ғы, қазір елдің ау­зынан түспей жүрген ең бір таңдаулы ән­дерінің 70-80 пайызы ҚазГУ қала­шы­ғында, жастық, студенттік шағында дү­ние­ге келді. Бәріміз жас болдық, бәріміз ға­шық бол­дық. Әнде­рінің талайының қа­лай ту­ғанының куәсімін. Тіпті, пат­риот­тық әндері де Алматыда туды. Жел­тоқ­сан оқиғасының ортасында болды. Сол үшін оқудан шығып қалды. «Мен қа­зақпын» деген әні күйініштен, азаттық аң­с­аған жан те­б­іренісінен туған еді.

Табылдының тағдыры киноға да татиды. Түбі көркем фильм, спек­такль, пьеса болып, көрерменмен қауы­шады, жарық көреді деп сенемін. Та­был талант Астананың кітапханасы сах­насынан басталып, үлкен сарайларда та­лай-талай жыр кештерінің тақырыбына ай­налады деп ойлаймын, – дейді ақын­ның курстасы Арман Сқабылұлы.

Қазақтың жыр әлемінде жасындай жар­қырап, отты өлеңдерімен олжа салған ақын­дар аз емес. Тағдырдың таңбасы со­лай ма, әйтеуір қазақ көбіне көзі тірісінде та­лантты танымай жатады дейміз. Бірақ 80-90-жылдары көзі тірісінде-ақ Та­был­ды Досымовтың КазГу қалашығын тер­бет­кен қоңыр үні, гитарадан төгілген қоңыр әуені сол кездегі барлық қазақ жас­тарының жүрегіне ұялап, ән болып әуе­легені рас. «Түркістан» газетінің бас ре­дак­торы Бауыржан Бабажанұлы:

– Біз университетке келсек, бүкіл Каз­ГУ Табылдының әнімен тыныстап, тер­беліп тұр екен. Біздің студенттік кез­дері­міздің бәрі Табылдының әндерімен өтті. Оған дейін өз заманының тынысын ги­тараның үніне қосып жеткізген дарын ұлты­мызда болған жоқ, - десе, Бауыржан Омарұлы Табылды Досымовтың сту­дент­тік өмірінің өлшемі, достығының анық­тауышы – ақын Әубәкір Смайылов, жур­­­налист Болатбек Қожан және теле­жур­налист Арман Сқабылұлы олардың Та­былды қалай алақанына салып аяла­ға­ны жайында естеліктерді айта келіп, ақын шығармасындағы философиялық, пси­хологиялық иірімдер жөнінде тол­ғам­ды ойын ортаға салды. 

– Табыл әскерден келді де, шы­ғар­ма­шылықпен шындап айналысты. Тыны­м­сыз ізденді. Қабілетін қайрады. Қаламын ұштады. Гитарасының шанағынан саз сау­ды. Нәтижесі, өздеріңізге белгілі.

Ақын досымыздың мақсат-міндеті мен өсіп-өрлеуінің кілті өз өлеңінде тұр. Оның шығармашылығында «биіктік» ұғы­мы маңызды роль атқарады. Ол үнемі ға­рышқа көз тігеді, зеңгір көкке зер са­лады. Бала бардтың арманы да («Ұнатады шың­ға көңіл шырқауды, Таулары жоқ тө­бемізден бұлт ауды»), аңсары да («Шың­ды армандап төбесі көк сүзгілер, Экраннан Эве­рестке үздігер»), кесімі де («Қыр ба­ла­сы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға»), шешімі де («Биік­тік­ті айналайын, туған ел, Қыранының қа­натымен өлшеген») – сол биіктік. Та­был игерді сол биіктіктің біразын. Қан­дай шыңдарды бағындырғанына бүгінгі жұрт куә.

Тағы бір назар аударарлық нәрсе – Табылдың өлеңдеріндегі «тау» тү­сінігі. Бұл – алдыңғы «биіктік» ұғы­мы­мен астасып жатқан дүние. Тау тұлғалы Та­был тауға құмартты. «Обаны адыр, адыр­ларды төбе деп Төбелерді тау деседі біз­дің ел», – деп туған жерінің табиғатын те­бірене тәпсірледі. «Тартыспай-ақ Ғам­за­товтай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен» деп өзінің перзенттік па­рық-пайымын жалпақ жұртқа жария­ла­ды. «Осы қырда төбешіктей аналар, дү­ние­ге таудай ұлдар әкелген» деп өс­кен өңірін өбектей түсті. «Ереуіл атқа ерін салған егесте, Махамбеттің өзі бір тау емес пе?» деп Арман секілді тау ұл­да­рына шекесінен қарап, алабөтен ас­қақ­тық танытты.

Расында да оның әйгілі үш до­сы­ның екеуі таусыз жерде туып-өскен-ді. Әубәкірдің тауы – өлең, Боря­ның тауы – иман... Ал Арман ти­тім­дейі­нен тауда ойнаған жас марал еді... Табылдың оған тым жақын болғаны да содан шығар. 

Табылдың да кредосы тау секілді ас­қақ еді. Тау перзенттерін тынбай жыр­лай­ды («Тау ұлдары тауда нағыз сырбаз­дай, Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай»), оларды өзінің теп-тегіс туған жерінің алаң­сыз адамдарымен салыстырады («Біз­дің қырда қыдырса егер бір жаздай, Та­лай таулық кетер ме екен жыр жаз­бай»), ақырында таусыз-ақ тірлік етеріне мойынсұнып, сабасына түседі «(Алты алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұ­мыр кешеріме мен сенем»). Бәрібір кө­кейтесті арманын өзі күндіз-түні ши­ма­й­лайтын ақ параққа мөр ғып басты, – деп Бауыржан Омарұлы Табылды Досымов­тың шығармаларындағы арман-мұрат­тарының шындыққа айналғаны туралы толғанды. 

Жыр кешінде Қорабай Есенов, Зәм­зәм Дәуітов, Амантай Шәріпов, Ерсайын Жапақов, Сабыр Адай, Әмірхан Балқы­бек, Жарас Сәрсек сынды тау тұлғалы қаз­ақтың біртуар ұлдарының аттары Та­был­ды Досымовтың атымен қатар ата­лып, 80-90-жылдардағы қазақ жастары­ның қилы да қызық жастық шақтарынан сыр шертті.

– Бүгін бір сұрапыл кеш болып жа­тыр. Керемет естеліктер айтылып жатыр. Та­был аға біздің жатақханаға жиі келетін еді. Түнімен ән айтатын. Өтірік өлең жа­за­тын халтуршиктерге жаны қас еді, – деп еске алды депутат Жанарбек Әшім­жан. Иә Табыл ақынның жасандылыққа жаны қас шығармашылық талантына жазушы Әуезхан Қодар: «Табылды жа­сан­дылықты кешірмей, сынап-мінеп оты­рады. Себебі оның ең түпкі мақсаты – қа­зақтың шығыстық болмысын табу емес, қазақтың өзіндік қазақ болмысын табу. Ал ол болмыстың табиғаты қазақ­тың жырау болмысында жатыр. Жырау дегеніміз кім? Жырау – әрқашанда шын­дықсүйгіш қазақы еркін болмысты дәріп­тейтін ақын. Ол – бір жағынан билік пен халық арасындағы дәнекерші бол­са, екінші жағынан, биліктің алдында ха­лық сөзін айтушы, оның мүддесін қор­ғаушы тұлға. Егер бір кездері қазақ бір­тұтас болса, ол – халыққа да адал, би­лік­ке де әділ біздің жанкешті осы жыраулық бол­мысы. Ол бард сөзінің ортағасырлық жә­не қазіргі мағынасында да бар. Ең түп­кі негізінде, ол қазақ дәстүрлі жыраулар мә­дениетінің өкілі болса, екінші жағы­нан, қазіргі авангардистік, модернисттік мәде­ниетінің өкілі» деп баяғыда бағасын берген еді. 

Табылды Досымов туралы жазған­да ақынның өзінен асырып айту мүмкін емес сияқты. Өйткені ақын өлең­дерінің қай-қайсысына үңілсеңіз де, өмі­рі­не де, өнеріне де, тіпті өліміне де өзі ес­керт­кіш қойып кеткенін аңғарады екен­сің. 

– Биыл Табыл ағаның бүкіл әндері но­таға түсіп, үлкен кітап болып жарық көр­ді. Туған жерінде өнер кеші өтті. Ке­лесі жылы Табыл Досымовтың әндер фес­тивалі өтеді деп жоспарлап отырмыз. Со­нымен қатар Махамбет атындағы ака­демиялық қазақ драма театрының әртіс­те­рі ақын өмірін басқаша қырынан көр­сететін «Ұнатамын мен сені» деген та­­­­­­қ­ы­рыпта жаңа спектакль дайындап жа­тыр, – деді Махамбет атындағы Қазақ дра­ма театрының қызметкері, ақын Әлия Дәулетбаева. Иә, қазақ барда қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов та өлмейді, мәңгі жасайды.

Табылды Досымовтың шы­ғарма­ларын­дағы биіктік, тау, жалғыздық сын­ды ұғымдардың қазақ ұғымындағы ұлы­лық өлшемдерімен, ал «Біреу келсе екен...» деген арман-аңсары халқымыз­дың бауырмал, көпшіл, қонақжай деген секілді өмірлік таным-түсінігімен ұш­та­сып, ұрпаққа ұлттық мінез-құлықты үлгі-өнеге етіп, мәңгілікке жалғаса беретіні сөз­сіз. Өйткені Табылды туралы тау­сыл­мас тақырып төңірегінде сыр шертіп, ес­телік айтар қаламдас достары, заман­дас­тары және ізін жалғап, жолын қуған аға-бауыр, іні-қарындастары, Қарлы­ғаш­тай жары мен Абылдай мұрагері бар.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ