Құрылыс сапасы қатаң бақылауда

Шымкент қаласының жаңа әкімі Ғабит Сыздықбеков ша­һардағы құрылыс жұмыс­тарымен танысып, сапасын қадағалауды қатаң бақылауға алды.

Осыдан бір ай бұрын құры­лысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалына барған қала басшы­сы ондағы бірқатар олқылықтарды жоюға тапсырма берген болатын. Жуырда осынау нысанға қайта ке­ліп, бір ай бұрын берген тапсыр­малардың орындалу барысы мен жұмыс қарқынын бақылап қайт­ты. Шаһар басшысы сала маман­дары­мен кездесу кезінде әрбір ны­сан құрылысы белгіленген мер­­­зімде тапсырылып қана қой­май, сапалы шығуға тиіс деп шегеледі. 

Жалпы, жолаушылар терми­налы құрылысының 1-кезеңі аяқ­талып, шатыры монтаждалған. Қасбеті жаңғыртылыпты. Соны­мен қатар жаңа әуежайға инфра­құрылым жүйелерін тарту жұмыс­тары кестеге сай жүргізілуде. 800 адамды жұмысқа тартқан. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 40 800 шаршы метр болады. 24 эскалатор, 2 трафик, 24 жеделсаты, заман талабына сай келетін 4 галерея қарастырылған. Барлығы жеке инвестор есебінен салынуда.

Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш еселеніп, 2 000 адамға артады. 

Бүгінде перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген. 6 гектар аумақта тиісті жұмыстар атқарылуда. Әуежай құрылысының 2-кезеңі 2024 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деген жоспар бар.

Шымкент қаласының энерге­тикалық әлеуетін 2025 жылға дейін даму жоспарына сәйкес, электр қуатын таратушы 6 қосалқы станса салу жоспарланған. Соның бірі – «Ақжар» қосалқы стансасы. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ақжар» қосалқы стансасының да құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігермен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. 

Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезге дейін 13,6 шақырымға кабель тартылған.

Стансаға 110 кВ-тық транс­форматор, «Забадам» қосалқы стан­сасынан «Ақжар» қосалқы стансасына дейін ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 110 кВ-КЛ жабдықтары орнатылмақ. Жоспар бойынша нысан құрылысы 2024 жылдың сәуір айында аяқталады. Жаңа қосалқы станса іске қосыл­ғанда 50 мыңға жуық халық және сол аумақтағы бизнес объектілері сапалы электр қуатымен қамты­лады.

Қала әкімі құрылысты аралау барысында тиісті басқарма бас­шы­ларына бірқатар тапсырма жүк­теп, жұмыстың мерзімінде орын­далуын қадағалауды тап­сырды.

Үшінші мегаполистегі страте­гиялық маңызы бар нысандардың да құрылысы қарқынды. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сай­рам шағынауданында салынып жатқан және әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылысы біткен деполардың жұмысын көрді. 

Әкімшілік-іскерлік орталық­тағы нысан заманауи құрылғы­лармен және халықаралық стан­дарттарға сай техникамен жабдық­талған. Құрылысы толығымен аяқталып отыр. 4 автокөлікке ар­налған өрт сөндіру депосында қызметкерлердің нәтижелі жұмыс істеуіне әрі тынығып, демалулары үшін қажетті жағдайларды қам­тамасыз ететін ыңғайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар қа­растырылған. Сыртқы аумақта кәсіби дағдыларын машықтан­дыруға арналған оқу-жаттығу мұнарасы, спорт алаңдары да бар. 

Ал Сайрамдағы депо жұмысы 30 пайызға орындалған. Мұнда да қойма, оқу жаттығу мұнарасы, жүгіру жолағы, автотұрақ қарас­тырылған. Озық үлгіде жабдықта­латын ғимаратта өрт сөндіру көлік үй-жайлары, әкімшілік кабинеттер болмақ. Нысан құрылысы келесі жылға өтпелі.

Қала әкімі ғимараттарды аралау барысында жауапты бас­қарма басшыларына әрбір жұ­мыстың сапалы атқарылуын және мерзімінде аяқталуын нықтап тапсырды. Айта кетейік, жаңа депо өрт сөндіру бөлімшелерінің жеделдігі мен ұтқырлығын арт­тыруға және материалдық залал мен адам шығынын азайтуға ай­тарлықтай мүмкіндік бермек.

Жұмысты тиянақты әрі әділ істеу керек

Ал Сайрам тұрғын алабындағы №10 колледжінің құрылыс жұмы­сындағы өрескел кемшіліктерді байқаған қала басшысы құры­лысқа жауапты сала басшыларын қатты сынға алды. Халық игілігі үшін жұмысты тиянақты әрі әділ істеу керектігін баса айтты. Жауап­ты мердігер мекеменің басшысы кеткен қателікті мойындап, тез арада ретке келтіруге уәде берді.

Айта кетсек, мұнда 300 орын­дық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орын­дық асхана мен АКТ залы және спортзал блогі қарастырылған. Қазір құрылыс жұмыстары аяқ­талуға жақын. Желтоқсан айында пайдалануға берілуі керек.

Сондай-ақ құрылысын бақы­лаған нысандардың бірі – Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы. Екі ауысымда жұмыс істейтін нысан­ның әр ауысымында 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады.

Жобаға сәйкес ғимараттың жертөлесінде пауерлифтинг, ауыр атлетика оқу-жаттығу залдары, киім ауыстыру, жуынатын орын, бапкерлер мен төрешілер бөлме­лері қарастырылған. Бірінші қа­батта вестюбиль-фойе, киім бөлмесі, 18 орындық асхана, 210 орындық әмбебап спортзал, мед­пункт болады. Ал екінші қаба­тында демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон оқу-жаттығу залдары орналасады. Бүгінде нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 72 пайызға орындалған. Құрылыс келесі жылға өтпелі.

Сондай-ақ қала басшысы аталған тұрғын алаптағы №10 колледждегі құрылыс жұмысын бақылады. Мұнда 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Корпуста 200 орын­дық асхана мен АКТ залы және спортзал блогі қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж­дау жұмыстары 95 пайызға орын­далған. Құрылыс жұмыстары жел­тоқсан айында аяқталып, пайда­лануға беріледі.

Қала әкімі жауаптыларға ғи­мараттардың құрылысын жобаға сай жүргізіп, нысандарды өнді­рістік кестеге сәйкес қолданысқа беруді тапсырды. 

Сайрам тұрғын алабындағы 3 кезең бойынша жүргізіліп жат­қан сапалы ауызсу құбырының құры­лысы да жергілікті билік на­зарында. Қазіргі таңда аталған құрылыстың екі кезеңі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі кезеңде 99,5 шақырым ауызсу құбыры тартылуы қажет. Бүгінде жұмыстың 83 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары біткен соң, 6 860 абонент сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. 

Жалпы, ауызсу жүйелерінің ұзындығы 100,9 шақырымды құ­райды. Үшінші кезең аяқталғаннан кейін 10 965 абонент ауызсу жүйе­сіне қосылады. Құрылыс жұмыс­тарын жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған. Құрылысты «Мелиоратор» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Қала басшысы жауаптыларға құрылысты сапалы аяқтап, мерзімінде атқару бойын­ша тапсырма жүктеді. Қалада биыл сапалы ауызсумен толық қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары ке­зең-кезеңімен іске асуда. Нәти­жесінде, жыл қорытын­дысымен 72 мыңнан астам адам орталықтан­дырылған ауызсу жүйесіне қосы­лып, көрсеткіш 98,5 пайыздан 100 пайызға жетпек.

Сапаға мән берген абзал

Статистикаға сәйкес, Шым­кент қаласы – автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұр­ған қалалардың бірі. Осы мәселеге орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда. Биыл Шым­кентте орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 245 көшеге жоспарланған. Бүгінде 172 көшеде жұмыстар аяқталып, тұрғындар игілігін көруде. Жалпы, Шымкент қаласының дамуы жо­лында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын өркендету міндет­теріне үлкен жауапкершілік жүк­телген. Шымкент қаласы бойын­ша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Айта кетейік, көлік саласы бойынша 2020 жылы қалалық мәс­лихат пен Шымкент қаласы­ның жолаушылар көлігін да­мы­тудың кешенді схемасы бекі­тіліп, схемаға сәйкес, 77 маршрутты құрайтын жаңа маршруттық желісі әзірленген. Маршруттық желі­сімен 6 ХАБ, 33 жеткізуші, 39 ма­­гис­тралды және 6 айналма мар­шрут­тары қаралған. Бүгінде мар­шруттар толығымен қызмет көр­се­туде. Қала аумағындағы, соны­мен қатар шет аймақтарда орна­лас­қан барлық шағынау­дан­дары мен тұрғын алаптары қо­ғамдық көлікпен 100 пайыз қам­тылған. 

 Шымкентте қоғамдық көлік­тердің жол ақысы үш жыл бұрын қымбаттаған болатын. Бүгінде қоғамдық көлік жолақысы 70 теңге және бұл – республика бойынша ең арзан тарифтік көр­сеткіш. Қазір қоғамдық көлік­тердің жолақысын көтеру мәселесі қаралып жатыр. 

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жол құрылысы нысандарын ара­лап, жұмыс барысымен танысты. Бүгінде бас жоспарға сай салынып жатқан Қонаев даңғылының жалғасында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл құрылыс Бадам көпірінен оңтүстік бағытқа қарай 4,7 шақырымды құрайды. Қазір 2,8-4,7 шақырымдар аралығында жол негіздері салынып, асфальто­бетон жабындысының төменгі қабаты жүргізілген. Сонымен қатар мұнда инженерлік желілер жобаға сәйкес қайта орнатылды. 

Құрылыс жұмыстары Бадам өзені арқылы өтетін көпірден Сат­тарханов көшесіне дейінгі аралық­та жалғасуда. Аталған жол бөлігін көлік қозғалысына 5 қара­шаға дейін ашу жоспарланып отыр. 

Бүгінде Жансүгіров, Анаров көшелерінен Рашидов көшесіне дейінгі аралықта көлік нөпірі көп. Жүріс бөлігі төмен түсіп, шұң­қырлар пайда болғандықтан, көлік қозғалысына қауіптілігі ескеріліп, орташа жөндеу жүргі­зілуде. Қала басшысы осы аумақта атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын қадағалады. Жобада жол жамылғысын жаңарту, құдық­шаларды ауыстыру қарастырыл­ған. Қала әкімі жауаптыларға ең алдымен сапаны назарға алып, жұмыстарды өндірістік кестеге сай аяқтауды тапсырды. 

Бозарық шағынауданында бой көтерген көпқабатты тұрғын үй­лер құрылысының барысы да қала басшысының қадағалауында. 

Бүгінде 74 гектар аумақта 2 000-нан астам пәтерлі 54 көпқа­батты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 18 нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.

Ал ішкі орамдық 3 инженерлік инфрақұрылым нысанының құ­ры­лысы жуырда аяқталады. Қал­ған 6 нысан келесі жылға өтпелі.

Қала әкімі мердігер мекеме басшыларының жауапкершілігін күшейтіп, құрылысты сапалы, мерзімінде жүргізуді тапсырды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы