«Достықтың» жаңа келбеті

Алыстағы Алакөлдің ең шеткері аймағы, еліміздің шығыс шекарасында орналасқан ірі елді мекен, шойын жолмен және автокөлікпен халықаралық тасымал жүзеге асатын теміржол бекеті – Достық ауылында кейінгі жылдары бірқатар ірі жобалар жүзеге асырыла бастады.

Ең бастысы, жылдар бойы жырға айналған Үшарал – Достық автокөлік жолы толығымен жөнделіп, қайта төселді. Жыл соңына дейін барлық жұмыстары аяқталып, екі арадағы автокөлік қатынасы жанданады. Теміржол тасымалын да заманға сай ету бағытында қолға алынған істер бастапқы нәтижелерін бере бастапты. Соған сай елді мекендегі тұрғындардың тұрмысы да жақсарып, ауыл абаттанып, көріктене түскен. 

Жақында Достық ауылында ірі мультимодальды теміржол көлігі-логистикалық орталығы ашылды. 18 гектар аумаққа орналасқан алып орталықтағы заманауи жүк қоймаларында тасымалдау үшін 800 вагоннан тұратын 10 теміржол құрамын қажет ететін мыңдаған тонна тауарлар сақталады және қажет болған кезде жөнелтіледі. 

Логистикалық нысан – Қазақстан мен Қытай, сондай-ақ Еуразияның басқа да елдері арасында жүктерді тиімді және жылдам тасымалдауды қамта­масыз ететін, бүгінгі күннің барлық талаптарына толық жауап бере алатын, заманауи кешен. Орталық ҚХР-мен екі арадағы шекарада орналасқандықтан бірінші кезекте көршілес екі ел үшін аса тиімді. Қытай жағында Алашанькоу стансасындағы халық­аралық өткел орналасқандықтан қос тараптың арасындағы алыс-беріс барынша оңтайланып, жеңілдей түсері сөзсіз. Сонымен бірге жергілікті тұр­ғындарды жұмыспен қамтуға да өзінің оң ықпа­лын тигізіп отыр. Қазірдің өзінде аталған көліктік-логистикалық орталыққа 100-ге жуық жергілікті тұр­ғын тұрақты жұмысқа орналасты. Алдағы кезде олардың саны арта түсері анық. 

Кешен аумағына қызметкерлер мен жалға алу­шы­ларға арналған кеңсе бөлмелері бар әкімшілік ғи­марат, ауданы 1 000 шаршы метр қойма жайы, сыйымдылығы 800 TEU немесе 10 пойыз құрамына дейінгі жүктер орналасатын, аумағы 2 гектар бола­тын контейнерлік алаң, финдік Konecranes фирмасының әрқайсысының жүк көтергіштігі 41 тонналық екі краны, әрқайсысының ұзындығы 1 050 метр болатын алты теміржол тармағы (үш кең және үш тар жолақты)  орналасатын болады.

ETT Dostyk көлік-логистикалық орталығы тәу­лігіне 1 200-ден астам TEU және теміржол тасы­малында 450-ге дейін шартты вагондарды өңдеуге қабілетті. Кешеннің жылдық жүк айналымы: 450 000 контейнер, жартылай вагондардағы 250 000 тонна жүк, жабық вагондардағы 150 000 тонна жүк және 120 000 жеңіл автокөлік. Кешен өз клиенттері мен серіктестері үшін сервис пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдіновтың ай­туынша, Достық ауылында бұдан басқа да жаңалық жетерлік. Шекаралық елді мекеннің да­муы­на қажетті жағдайлардың барлығы жасалуда. Болашақта Ала­шань­коуды басып озбасақ та, соған жетеқабыл жағ­дай­ға жету жолдары жан-жақты қарастырылуда. Жыл он екі ай жел соғатын аймақта желдің қуатын пай­да­лануға қадам жасалған. Қазақстан Респуб­лика­сы­ның электр энергетикасын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға дейін іске қосу жоспарланған «Жоңғар қақпасы 50 МВт» жаңа жел электр стан­сасының алғашқы бөлігі келер жылы іске қосылмақ.

Жалпы құны – 16,4 млрд теңге болатын жобаны EcoWatt AKA ЖШС (Эко ватт АКА) жүзеге асырады. Жаңа станса 8 жел энергетикалық қондырғысынан және 110/35 кВ қосалқы стансасы және ҚТЖ ҰК АҚ желісіне қосылған 2 шақырым 110 кВ электр беру же­лісінен тұрады.

Жоңғар қақпасында 50 метр биіктіктегі желдің ор­таша жылдамдығы 9,7 м/секунд. Алайда бұл аумақта се­кундына 32 метр жылдамдықпен соғатын екпінді желдер да жиі болып тұрады. Жел ағымының тығыздығы – 1050 Вт/шаршы метр. ЖЭС-тің толық жүктемеде жұмыс істейтін сағат көлемі – 4400 сағат/жыл болмақ.

Жел электр стансасын салуға Үшарал – Достық трассасының бойынан, Достық шекаралық теміржол бекетінен 20 шақырым жерден жалгерлік құқықта 165 гектар жер бөлінген. Бүгінде құрылыс нысанында жо­баны іске асырудың соңғы кезеңі жүргізілуде. Құ­ры­­лыс жұмыстарына жалпы 200 адам жұмыл­дыры­лып, арнайы техникалар іске кіріскен. Атап айт­қанда, нысанның ауласына қажетті қоршаулар орнатып, стансаға қатынайтын автожол салу жұмыс­тары жүргізілуде. Жаңа энергетикалық стансаны одан әрі пайдалану үшін 12 маман даярланып, жұмысқа орналастырылатын болады.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы