Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік басылымға берген сұхбатының толық мәтіні жарияланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне сұхбат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

– Жақын күндері Сіз Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізесіз. Соңғы уақытта сіздер тұрақты кездесіп жүрсіздер. Атап айтар болсақ, 7 қазанда Мәскеуге сапармен келдіңіз, 13 қазанда Бішкекте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатыстыңыздар. Сол жерде де Ресей Федерациясының президентімен жүздестіңіз. Екі ел арасындағы қатынастардың дамуына қандай баға бересіз? Алдағы келіссөздер барысында нендей мәселелерге баса мән беріледі?

– Шын мәнінде, біздің Владимир Владимирович Путинмен кездесуіміз тұрақты сипат алып келеді. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Екіжақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көпжақты келіссөздерде болсын, талқылайтын мәселе жеткілікті. Ресей президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға. Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы көп жағдайда қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді.

Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді.

Өзіңізге мәлім, биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр, ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дегенмен 2013 жылы қол қойылған мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені бұл қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашады. Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын. 

Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. 

 

Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін.

– Қазан айында Сіз Владимир Путинмен және Шавкат Мирзиёевпен бірге Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатыстыңыз. Сіздің еліңіз үшін бұл бастама қаншалықты маңызды? Қазіргі уақытта Ресеймен бірлесе тағы да қандай ірі экономикалық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр? Жуық арада қандай жобалар қолға алынбақ? Сіздің ойыңызша, мұнай-газ және бейбіт мақсатта қолданылатын атом салаларындағы ықпалдастықтың даму перспективалары қандай?

– Газ саласы мемлекеттеріміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресінде ерекше рөл атқарады. Сондықтан Ресейдің көгілдір отынын тасымалдау ісі жобаға қатысушы барлық тараптың мүддесіне сай келеді. 7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді.

Біз өзіміздің транзит әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделіміз және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайынбыз.

Биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақмерзімді құжат.

Қазақстан мен Ресейдің мұнай саласындағы ынтымақтастығы бұрыннан табысты дамып келеді. Елімізде «Лукойл» және «Татнефть» сияқты ресейлік концерндер жемісті жұмыс істеп жатыр.

Биыл ақпан айында «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасады.

Бұдан бөлек, 2022 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталды. Ол әлемде полипропилен өндіретін ең ірі он кәсіпорынның қатарына кіреді. Аталған жобаға ресейлік «Сибур» компаниясы да қатысады.

2022 жылы Саран қаласында «Татнефть» компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыты салынды.

Екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын мұнайдың үлесі айтарлықтай зор. Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталады.

Сол сияқты Ресей мұнайы Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға жеткізіледі. 2033 жылға дейінгі кезеңде 100 миллион тоннадан астам Ресей мұнайын тасымалдау жоспарланып отыр.

Бейбіт мақсатта қолданылатын атом саласындағы ықпалдастық – энергетикалық ынтымақтастығымыздың негізгі бағытының бірі.

Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады.

Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады.

Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім.

Инвестициялық ынтымақтастық туралы сауалыңызға орай мына нәрсені айтқым келеді. Соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты. Өз кезегінде, Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтады.

Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді. Оның аясында екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр.

Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін бұл бағытта мол әлеует бар.

– Батыс елдері бұрын-соңды болмаған мөлшерде санкция салды. Бұл шектеулер көлік-логистика саласына да әсер етеді. Соған қарамастан Ресей мен Қазақстанның аталған саладағы ынтымақтастығы табысты өркендеп келеді. Мысалы, екі ел «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамытып отыр. Осы бағыттағы ықпалдастықтың келешегіне қандай баға бересіз?

– Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ. Сондықтан Парсы шығанағындағы айлақтарға дейін жетіп, одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады әрі еліміздің экономикалық дамуын өрге сүйрейтін локомотивтің біріне айнала алады.

Аталған бағыт Еуразия құрлығындағы көлік қатынастарының құрылымын, тіпті кооперация мен өзара қарым-қатынас деңгейін түбегейлі өзгертуі мүмкін.  

«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту мақсатында тараптар инфрақұрылымды жаңғырту, терминалдардың қуаты мен жылжымалы құрамның санын арттыру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін үйлесімді жұмыс жүргізіп  келеді.

Қазақстан мен Ресейдің өзара көлік байланысын, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағытын  нығайту, сайып келгенде, өзара сауда мен инвестиция көлемінің ұлғаюына оң ықпал етері сөзсіз.

Бүгінде халықаралық ынтымақтастық бағытында көлік-логистика саласының маңызы артып келеді. Шын мәнінде, әлемде көлік бағдарларына, логистикаға бақылау орнату үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Қазіргі кезде Еуразияның жаңа көлік құрылымы қалыптасуда. Мұны ойдағыдай жүзеге асырсақ, қатысушы тараптардың бәрі де экономикалық әрі саяси пайдаға кенелмек.

Физикалық инфрақұрылымнан бөлек, тауар транзитіне арналған ортақ цифрлық жүйені  қалыптастыру үшін нақты шешімдер әзірлеу өте маңызды. Ол сенімді әрі қолдануға оңай, озық цифрлық технологияларға негізделген шешім болуға тиіс.

Қазақстан бар мүмкіндігі мен ресурсын жұмылдырып, сенімді логистикалық хаб ретінде қызмет көрсетеді. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін өз аумағымыздағы теміржол және автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін тұстарын реконструкциялауға әзірміз.

–  13 қазанда Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезекті отырысында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылып, Жарғысы бекітілді. Бұл құрылымды құру жөнінде Өзіңіз бастама көтергеніңіз белгілі. Жалпы, ұйым қызметінен не күтесіз? Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық саладағы,  соның ішінде ТМД аясындағы ықпалдастығы келешекте қалай дамиды деп ойлайсыз?

– Ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын біріктіруші маңызды фактор болған әрі алдағы уақытта да солай қала береді. Бұл бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымыздың табысты болуына бірден-бір себеп – ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы. 

Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын  пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.

Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде мен әлемдік тәжірибені де басшылыққа алдым. Кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылған.

Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды.

Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды  бағыты болып қала береді.

Соңғы кездері бұл саладағы ықпалдастығымыз айтарлықтай жандана түсті. Қазақстанда және Ресейде екі елдің мәдениет күндері, Қазақстан немесе Ресей киносының күндері  ұйымдастырылып тұрады. Биыл өтіп жатқан «Орыс маусымы» жобасы елімізде көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар шығармашылық білім беру, музей-кітапхана ісі салаларындағы ынтымақтастығымыз нығайып келеді. Қазақстанның әртістері мен шығармашылық ұжымдары Ресейде ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларға белсенді түрде қатысады. 

Өзара құрмет пен екі елдің мүддесіне сай келетін осынау игі дәстүр келешекте де жалғасады деп сенемін. Қазақ мәдениетін әлемге таныту, сонымен қатар Ресейдің өзіне тән ерекше мәдениетін жақынырақ білу біз үшін маңызды.

Жалпы, ТМД ұйымының отыз жылдық қалыптасу кезеңінде мәдениетаралық диалог Достастық кеңістігіндегі мәдени және гуманитарлық ортақ құндылықтарды тарату ісінде маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Бұл бағытты ТМД-ның рухани бірлігінің арқауы, елдеріміз мен халықтарымыздың арасын жалғаған «алтын көпір» деп санаймын.

– Қазақстан Республикасында кейінгі кездері Ресейдің бірқатар жоғары оқу орнының (МИФИ, Губкин атындағы Мұнай және газ РМУ) филиалдары ашылды. Екі ел арасында орта, кәсіптік және бастауыш білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде қандай жоспарлар бар? 

– Қазіргі уақытта Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып алып жатыр. Бұл өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Бұдан Ресей жоғары оқу орындарының білім әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар мұндай таңдау жасауға территориямыздың жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қолжетімділігі, оқытушылар құрамының біліктілігі, көптеген білім ордасының кеңес кезеңінен бері қалыптасқан беделі мен атағы ықпал етті.

Қазақстанда техникалық бейіндегі шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл еліміз Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында жасалған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің филиалдарын тең негізде құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялады.

Соның нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ филиалы, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің филиалы ашылды. Келесі жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жанынан Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-техникалық университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр.

Халықтарымыздың тарихи және мәдени жақындығын ескерсек, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге екі тараптың да қызығушылығы бар. Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қазақстан-Ресей бірлескен білім беру мекемелерін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте біз Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында осындай мектептер ашуға мүдделіміз.

– Қазіргі уақытта Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Осы Ұйымның аясында елдеріміздің өзара ықпалдастығы қалай өрбуде? Астана үшін ШЫҰ қызметіндегі қандай салалар басымдыққа ие?

– Ең алдымен, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының тең құрылтайшысы екенін атап өткім келеді. ШЫҰ – біз үшін көпжақты өңірлік диалогты дамытатын басым бағыттың бірі.

Жиырма жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан ұйым қазіргі таңда күн тәртібі ауқымды әрі беделді көпжақты платформаға айналды. Бүгінде орасан зор саяси-экономикалық, адами және мәдени әлеуетке ие Шанхай ынтымақтастық ұйымын, шын мәнінде, аймақтағы қауіпсіздіктің кепілі, өзара тиімді экономикалық ықпалдастықтың ауқымды кеңістігі және мәдени байланыстардың сенімді дәнекері деп атауға болады.

Бұл туралы биыл шілде айында өткен ШЫҰ саммитінде айттым. Біздің ойымызша, қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда сенімге, өзара тиімді мүддеге, теңдікке арқа сүйейтін, мәдениеттердің әралуандығына құрметпен қарайтын және қатар дамуға ұмтылатын «Шанхай рухының» мызғымас іргетасын нығайтуға басымдық беру керек.

Бұл ретте Қазақстан үшін ШЫҰ-ға төрағалық ету – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. ШЫҰ төрағасы ретінде біз ұйымдағы өзара ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруді, оның жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруды басты мақсат етіп қойдық.

Осыған орай өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, көпжақты ынтымақтастықтың сауда-инвестициялық және мәдени-гуманитарлық мазмұнын байыту Қазақстан төрағалығының басымдықтары ретінде жарияланды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымын одан әрі дамытудың көптеген өзекті мәселелері мен перспективаларына қатысты елдеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Бұл – екіжақты серіктестіктің нәтижелі екенін білдіретін маңызды көрсеткіш.

Жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлерге төтеп беру, көпжақты экономикалық диалог пен гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіндегі ұстанымдарымыз ортақ.

ШЫҰ-ның Ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру жөніндегі Қазақстан ұсынған келіссөздерді ілгерілетуде Ресей белсенді рөл атқарады. Сондай-ақ Алматыны ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы, ал 2024 жылды ұйым аясында Экология жылы деп жариялау туралы ұсынысымыз қолдау тапты.  

Елдеріміз ШЫҰ мен оның негізгі органдарының қызметін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ ұйымның энергетика, экономика, құқық қорғау және экология салаларындағы ортамерзімді кезеңге арналған стратегиялық құжаттарын дайындау ісінде күш біріктірді.

Мен Қазақстан мен Ресейдің табысты ынтымақтастығына зор үміт артамын. Бұл келесі жылы шілде айына жоспарланған ШЫҰ саммитінің табысты өтуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

Ол үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыстарды бірлесе атқаруымыз керек. Біздің «Шанхай рухына» бейілдігіміз бен бір-бірімізді қолдау ниетіміз ынтымағымызды нығайтып, ШЫҰ-ны дамыту жөніндегі ортақ тәсілдерді әзірлеуге ықпал ететініне сенімдімін.

– Біз қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Ерте ме, кеш пе бірполярлы әлемнен көпполярлы әлемге ауысамыз. Әлемдік экономикалық жүйенің ұстындары да өзгеріске ұшырауда. Осыған орай келешекке деген көзқарасыңыз қандай?

– Көріп отырғанымыздай, заманауи көпполярлы әлемді қалыптастыру үдерісі тым ауыр жағдайда өтіп жатыр. Дүниежүзінің әр қиырында қақтығыстар, санкциялық текетірестер, сауда соғысы өршіген жағдайда болашаққа сеніммен қарау да қиын.

Алайда парасат пен ынтымақ жікке бөліну мен өзімшілдіктен үстем боларына сенімдімін. Әлем тарихында мұндай мысалдар жеткілікті. Түптеп келгенде, жаһан жұрты ұзақмерзімді бейбітшілік орнайтын күнге жетеді. Ол үшін мынадай екі шарт міндетті түрде орындалуға тиіс. Атап айтқанда, өзара ымыраға дайын болу және халықаралық құқық нормаларын сақтау. Мұның екінші бөлігі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымы.

Кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенемін. Бұл құжатты әлемдік қоғамдастық адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстан кейін қабылдады. Мұндай қасірет енді қайталанбауы үшін халықаралық аренада бәріне түсінікті, ортақ ойын ережесі қабылданды. Бұл ізгілік пен адамгершілік қағидаттарының зор жеңісі еді. Әзірге әлем қақтығыстарды еңсерудің бұдан артық тәсілін ойлап тапқан жоқ.

Жер көлемі, қуаты мен экономикалық әлеуетіне қарамастан, барлық мемлекет тең. Халықаралық құқық ешқандай бұра тартусыз, теңдей және бәріне бірдей қолданылады.

Сондықтан ашуды ақылға жеңдіріп, халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаған сәттен бастап, әлемде тепе-теңдік қайта орнайды деп санаймын. Бұл формула саяси жүйелер үшін де, қазіргі замандағы экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерді шешуде де өзектілігін жоймайды.

Бүгінде біз халықаралық жағдай шиеленісе түскен шақта өмір сүріп жатырмыз. Саяси қысым жасау әдістері, сауда және санкциялық соғыстар алдыңғы орынға шықты. Бұл халықаралық сауда жүйесін түбі тығырыққа тірейді.

Біз бұрын-соңды болмаған геосаяси бөлшектену және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жікке бөліну жағдайына куә болып отырмыз. Саясат пен экономикада жаһандық және аймақтық деңгейде өзгерістер жүріп жатыр. Бұл мемлекеттер мен құрлықтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады.

Үйлесімді әлемдік экономика құру үшін Жаһандық Оңтүстік және Жаһандық Солтүстік елдері өзара сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген ортақ мәмілеге келуі керек.

Осындай күрделі үдерісте БҰҰ маңызды рөл атқаруға тиіс. Қазіргі таңда ол барлық адамзатты біріктіретін баламасы жоқ жалғыз жаһандық ұйым саналады.

Бұл орайда түрлі шектеулер мен геосаяси бөлшектенудің күшеюі БҰҰ-ның бірлігі мен ұйым мандатының үстемдігіне нұқсан келтіріп жатқанын мойындауымыз қажет.

Ұйымға қатысты сыни пікірлер көбейіп келеді. Сын, негізінен, ішкі реформалар жасау қажеттігіне байланысты айтылып жатыр. Жер шарының әр қиырындағы дағдарыстарды реттеуде БҰҰ қауқарсыздық танытып отыр.

БҰҰ-ны жаһандық қауіпсіздікті сақтайтын, ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беретін, қазіргі заманның түйткілдерін тиімді шеше алатын негізгі күшке айналдыратын уақыт жетті деп ойлаймын.

Ұйымның көптеген институты қырғи-қабақ соғыс жылдарында құрылғандықтан, олардың жұмыс тәсілі тарих қойнауына кеткен дәуірге негізделген. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі айқын байқалады. Мұны Кеңес құрамын кеңейту арқылы жүзеге асыруға болады.

Шағын және орта мемлекеттер ірі державалар арасындағы  алтын көпірге айналып, халықаралық тұрақтылық үшін тарихи жауапкершілік арқалады. Қауіпсіздік Кеңесінің аясында осындай мемлекеттердің үні жарқын шығып, олардың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше рөлге ие болуы маңызды.

ШЫҰ мен БРИКС-тің соңғы саммиттерінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Ол жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократия қағидаттарына сай және рационалды саяси, халықаралық экономикалық тәртіпті қалыптастыру үшін тиімді прогреске қол жеткізуді көздейді.

Ынтымақтастықты нығайту үшін стереотиптерді түбегейлі қайта қарау керек. Ол өзара сенімді қалпына келтіруге, қолданыстағы халықаралық міндеттемелердің орындалуына күш салуға, сондай-ақ орнықты жаһандық дамуға ықпал етуге және әлемдік саясаттағы өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізетін нақты шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезеңде тек конструктивті диалог пен мемлекеттердің ұжымдық күш-жігері, жоғары кәсіби дипломатия ғана әлемдегі тұрақтылықты қалпына келтіреді. Сонымен қатар БҰҰ Жарғысы негізінде барша адамзаттың игілігіне қызмет ететін әділетті халықаралық қатынастар жүйесін құруға ықпал етеді деп нық сенемін.