Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін мол әлеует бар

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген «Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын» атты көлемді сұхбатында көршілер арасындағы жарастық мәселесіне кең тоқталды. Ешкіммен дауласпай, жауласпай, алыс-жақын елдермен тығыз ынтымақтастық жасап, тату көршілікте тұру да үлкен өнер.

Бұл ретте Қазақстан мен Ресей өзара құрметке құрылған, екі елдің мүддесіне сай ықпалдастығын жалғастыруда. Экономикада, саясатта, өзара қатынастардың түрлі салаларында туындаған өзара өзекті мәселелерін шешудің ұтымды, тиімді, дұрыс жолын тауып, оның жоба-жоспарын бірлесе жүзеге асыру – достықтың, серіктестік пен өзара сенімнің берік ұстынының бірі. 

Сұхбатында Қазақстан көшбасшысы алдымен солтүстік көршінің президенті Владимир Путинмен кездесулері тұрақты сипат алып келе жатқанына тоқталды. Бұл «Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді». Атап айтқанда, тек бертіндегісін алсақ, ертең, 9 қарашада Ресей президенті елордаға ресми сапармен келеді. Мұның алдында, 13 қазанда Бішкекте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде екі мемлекеттің басшылары жүздесті. Одан бұрын, 7 қазанда Қазақстан лидері Мәскеуге сапармен барды. Екі жақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көп жақты келіссөздерде «талқылайтын мәселе жеткілікті».

– Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді. Биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр, ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дегенмен 2013 жылы қол қойылған мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені бұл қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашады. Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астанада өтетін Қазақстан көшбасшысының Ресей президентімен алдағы кездесуінің күн тәртібі өте ауқымды. Олар екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылауды жоспарлап отыр. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың түрлі қырларын да қарастырады. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасады. 

Бұл келістің басты мақсаттарының бірі – Өңіраралық ынтымақтастық форумы болмақ. Қ.Тоқаевтың бағалауынша, бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында ұйымдастырылатын аталған форум осымен 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық болады. 

Жалпы, байырғыдан қоңсы қонған мемлекеттер қарым-қатынасындағы оңды ахуал, татулық пен тыныштық, басшыларының жайдары қабақты, бейіл-берекелі араластығы ізгілікті ірі істерге, халықтардың ырысына ұласары даусыз. 

Бұл тұрғыда, биылғы қазанда Қасым-Жомарт Кемелұлы В.Путинмен және Ш.Мирзиёевпен бірге Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосты. Бұл практикалық маңызды, прагматикалық қадам болды. «Жасыл» энергетикаға жататын көгілдір отын ел дамуына елеулі серпін бере алады. 

«Газ саласы мемлекеттеріміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресінде ерекше рөл атқарады. Сондықтан Ресейдің көгілдір отынын тасымалдау ісі жобаға қатысушы барлық тараптың мүддесіне сай келеді. 7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді. Біз өзіміздің транзит әлеуетімізді толыққанды пайдалануға мүдделіміз және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы. 

Биыл 1 қарашада өткен Халықаралық газ форумында Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл – 15 жылға дейінгі кезеңді қамтитын өзара тиімді серіктестік жоспарын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталған ұзақ мерзімді құжат. 

Мұның сыртында, Қазақстан мен Ресейдің мұнай саласындағы ынтымақтастығы бұрыннан табысты дамып келеді. Елімізде «Лукойл» және «Татнефть» сияқты ресейлік концерндер жемісті жұмыс істеуде. Биылғы ақпанда «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасады. Бұдан бөлек, 2022 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталды. Ол әлемде полипропилен өндіретін ең ірі он кәсіпорынның қатарына кіреді. Аталған жобаға ресейлік «Сибур» компаниясы да қатысады. 2022 жылы Саран қаласында «Татнефть» компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауыты салынды.

Екі елдің аумағы арқылы тасымалданатын мұнайдың үлесі айтарлықтай зор. Қазақстан мұнайының 80% жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталады. Сол сияқты Ресей мұнайы Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға жеткізіледі. 2033 жылға дейінгі кезеңде 100 миллион тоннадан астам Ресей мұнайын тасымалдау жоспарланып отыр.

Президент бейбіт мақсатта қолданылатын атом саласындағы ықпалдастыққа да жеке тоқталды, өйткені бұл – Қазақстан-Ресей энергетикалық ынтымақтастығының негізгі бағытының бірі.

«Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр стансалары үшін дайын ядролық отын шығарылады. Екінші жағынан, көптеген азамат пен сарапшы атом стансасының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады», – деді Мемлекет басшысы.

Ол Ресей – Қазақстанның басты инвесторларының бірі екенін еске салды. Соңғы 18 жылда Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 20 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресейге құйған инвестициясы 6 миллиард долларға жуықтады. Инвестициялық ықпалдастықтың осылайша оң қарқын алуына өндірістік кооперацияның да септігі тиді. Оның аясында екі елдің бизнес субъектілері жалпы сомасы 33,5 миллиард доллар болатын 143 бірлескен жобаны жүзеге асырып жатыр.

Жалпы сомасы 3,2 миллиард доллар болатын 30 маңызды жоба сәтті іске қосылды. Қазіргі кезде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі секілді экономиканың маңызды салаларында 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 16,6 миллиард долларды құрайды әрі 15 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтиды.

Бір сөзбен айтқанда, Қ.Тоқаевтың бағалауынша, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшін бұл бағытта мол әлеует бар.

Сұхбат барысында әңгіме Батыстың Ресейге санкциялық қысымы турасында өрбіді. Санкциялық тайталастың салқын ызғары өзгелерге де тиеді. Көршінің оқшауланғанына қарамастан Қазақстан мен Ресейдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы табысты өркендеп келеді. Екі ел «Солтүстік–Оңтүстік» көлік дәлізін дамытуда.

«Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ. Сондықтан Парсы шығанағындағы айлақтарға дейін жетіп, одан әрі Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады әрі еліміздің экономикалық дамуын өрге сүйрейтін локомотивтің біріне айнала алады. Бұл бағыт Еуразия құрлығындағы көлік қатынастарының құрылымын, тіпті кооперация мен өзара қарым-қатынас деңгейін түбегейлі өзгертуі мүмкін. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту мақсатында тараптар инфрақұрылымды жаңғырту, терминалдардың қуаты мен жылжымалы құрамның санын арттыру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін үйлесімді жұмыс жүргізіп  келеді», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзара сауда мен инвестиция көлемінің ұлғаюына оң ықпал ететінін нықтады.

Ол физикалық инфрақұрылымнан бөлек, тауар транзитіне арналған ортақ цифрлық жүйені  қалыптастыру үшін нақты шешімдер әзірлеу өте маңызды екенін баса айтты. Бұл сенімді әрі қолдануға оңай, озық цифрлық технологияларға негізделген шешім болуға тиіс.

Қазақстан бар мүмкіндігі мен ресурсын жұмылдырып, сенімді логистикалық хаб ретінде қызмет көрсетеді. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін өз аумағымыздағы теміржол және автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін тұстарын реконструкциялауға әзір.

Қазақстан Президенті Орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым құру туралы бастамасының мәнін түсіндіре кетті.

«Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын  пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды», – деді Қ.Тоқаев.

Гуманитарлық саладағы екі елдің ынтымақтастығы білім беру бағытында серпінді дамуда. Қазақстанда кейінгі кездері МИФИ, Губкин атындағы Мұнай және газ РМУ сияқты Ресейдің бірқатар жоғары оқу орнының филиалдары ашылды. Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып алып жатыр. Ресейдегі шетелдік студенттердің саны мен үлесі жөнінен Қазақстан бірінші орында тұр. 

Президенттің байламынша, бұдан Ресей жоғары оқу орындарының білім әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие екенін байқауға болады. Сонымен қатар мұндай таңдау жасауға территориямыздың жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қолжетімділігі, оқытушылар құрамының біліктілігі, көптеген білім ордасының кеңес кезеңінен бері қалыптасқан беделі мен атағы ықпал етті.

Қазақстан-Ресей қатынастары халықаралық ұйымдар аясында да өрістеп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Мемлекет басшысы осы ұйымның аясында елдеріміздің өзара ықпалдастығы қалай өрбіп жатқанын тілге тиек етті. Қазақстан ұйымының тең құрылтайшысы екенін атап өтті.

«ШЫҰ – біз үшін көп жақты өңірлік диалогты дамытатын басым бағыттың бірі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан ұйым қазіргі таңда күн тәртібі ауқымды әрі беделді көп жақты платформаға айналды. Орасан зор саяси-экономикалық, адами және мәдени әлеуетке ие Шанхай ынтымақтастық ұйымын, шын мәнінде, аймақтағы қауіпсіздіктің кепілі, өзара тиімді экономикалық ықпалдастықтың ауқымды кеңістігі және мәдени байланыстардың сенімді дәнекері деп атауға болады... Бұл ретте Қазақстан үшін ШЫҰ-ға төрағалық ету – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. ШЫҰ төрағасы ретінде біз ұйымдағы өзара ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге көтеруді, оның жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруды басты мақсат етіп қойдық», – деді Қазақстан Президенті. 

Оның пайымдауынша, ШЫҰ-ны одан ары дамытудың көптеген өзекті мәселелері мен перспективаларына қатысты елдеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Бұл – екі жақты серіктестіктің нәтижелі екенін білдіретін маңызды көрсеткіш. Жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлерге төтеп беру, көп жақты экономикалық диалог пен гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесіндегі ұстанымдарымыз ортақ.

ШЫҰ-ның Ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру жөніндегі Қазақстан ұсынған келіссөздерді ілгерілетуде Ресей белсенді рөл атқарады. Сондай-ақ Алматыны ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы, ал 2024 жылды ұйым аясында Экология жылы деп жариялау туралы ұсынысымыз қолдау тапты.  

Елдеріміз ШЫҰ мен оның негізгі органдарының қызметін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ ұйымның энергетика, экономика, құқық қорғау және экология салаларындағы орта мерзімді кезеңге арналған стратегиялық құжаттарын дайындау ісінде күш біріктірді.

Қ.Тоқаев келесі жылғы шілде айына жоспарланған ШЫҰ саммиті табысты өтеріне сенім білдірді. 

Қазақстан лидері геосаясат мәселесіне жеке тоқталды. Әлемде тектоникалық өзгерістер жүруде. Қазіргі бір полярлы әлемнен адамзат көп полярлы әлемге ауысады деген жорамалдар бар. 

«Заманауи көп полярлы әлемді қалыптастыру үдерісі тым ауыр жағдайда өтіп жатыр. Дүниежүзінің әр қиырында қақтығыстар, санкциялық текетірестер, сауда соғысы өршіген жағдайда болашаққа сеніммен қарау да қиын. Алайда парасат пен ынтымақ жікке бөліну мен өзімшілдіктен үстем боларына сенімдімін. Әлем тарихында мұндай мысалдар жеткілікті. Түптеп келгенде, жаһан жұрты ұзақ мерзімді бейбітшілік орнайтын күнге жетеді. Ол үшін мынадай екі шарт міндетті түрде орындалуға тиіс. Атап айтқанда, өзара ымыраға дайын болу және халықаралық құқық нормаларын сақтау», – деді ол.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, мұның екінші бөлігі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымы. Астана әлемдегі кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенеді. 

Бүгінде еліміз «Әділетті Қазақстанды» құрып жатыр. Ізгі ниетті Қазақ елі бұл игілікті барша адамзатқа тілейді. Ал әділеттілік теңдіктен басталады.

«Жер көлемі, қуаты мен экономикалық әлеуетіне қарамастан, барлық мемлекет тең. Халықаралық құқық ешқандай бұра тартусыз, теңдей және бәріне бірдей қолданылады. Ашуды ақылға жеңдіріп, халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаған сәтте әлемде тепе-теңдік қайта орнайды деп санаймын. Бұл формула саяси жүйелер үшін де, қазіргі замандағы экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерді шешуде де өзектілігін жоймайды», – деді Қ.Тоқаев.

Бүгінде халықаралық жағдай шиеленісе түскен шақта өмір сүріп жатырмыз. Саяси қысым жасау әдістері, сауда және санкциялық соғыстар алдыңғы орынға шықты. Бұл «халықаралық сауда жүйесін түбі тығырыққа тірейді». Бұрын-соңды болмаған геосаяси бөлшектену және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жікке бөліну жағдайына да куә болып отырмыз. Саясат пен экономикада жаһандық және аймақтық деңгейде өзгерістер жүріп жатыр. Бұл мемлекеттер мен құрлықтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады. 

Сондықтан Қазақстан көшбасшысының ұстанымынша, үйлесімді әлемдік экономика құру үшін Жаһандық Оңтүстік және Жаһандық Солтүстік елдері өзара сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге, сондай-ақ көп жақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген ортақ мәмілеге келуі керек. Осындай күрделі үдерісте БҰҰ маңызды рөл атқаруға тиіс. Ол барлық адамзатты біріктіретін баламасы жоқ жалғыз жаһандық ұйым саналады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, БҰҰ-ны жаһандық қауіпсіздікті сақтайтын, ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беретін, қазіргі заманның түйткілдерін тиімді шеше алатын негізгі күшке айналдыратын уақыт жетті. Ұйымның көптеген институты қырғи-қабақ соғыс жылдарында құрылғандықтан, олардың жұмыс тәсілі тарих қойнауына кеткен дәуірге негізделген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігі айқын байқалады. Мұны Кеңес құрамын кеңейту арқылы жүзеге асыруға болады.

Қазақстан Президенті ШЫҰ мен БРИКС-тің соңғы саммиттерінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтерген болатын. Ол жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократия қағидаттарына сай және рационалды саяси, халықаралық экономикалық тәртіпті қалыптастыру үшін тиімді прогреске қол жеткізуді көздейді.

«Қазіргі кезеңде тек конструктивті диалог пен мемлекеттердің ұжымдық күш-жігері, жоғары кәсіби дипломатия ғана әлемдегі тұрақтылықты қалпына келтіреді. Сонымен қатар БҰҰ Жарғысы негізінде барша адамзаттың игілігіне қызмет ететін әділетті халықаралық қатынастар жүйесін құруға ықпал етеді деп нық сенемін», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Азамат ПІШЕНБАЙҰЛЫ

Фото: akorda.kz