Түркиядан Әбу-Насыр әл-Фарабидің қолжазбасы табылды

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Түркиядан табылған ұлы ойшыл, ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарды. Қолжазба араб тілінде жазылған.

XIII ғасырда жазылған бұл туынды күні бүгінге дейін толық зерттелмеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"әл-Фарабидің "Музыка саласына кіріспе" деп аталатын еңбегі хижра бойынша 655 жылы 12 джамали аувал, григориан күнтізбесі бойынша 1257 жылдың 3 маусымы, дүйсенбіге сәйкес келеді. Қолжазба 243 беттен тұрады. Қолжазба түпнұсқамен салыстырыла отырып көшірілді. Еңбекте музыкалық ғылымның сұрақтары терең зерттелген, музыкалық композиция техникасы, шығыс және ортаазиялық аспаптар егжей-тегжейлі сипатталған. Көшірме үш апта көлемінде басып шығарылды", – дейді реставратор маман Жансерік Бейсенқұлов.

"Музыка саласына кіріспе" қолжазбасы үш бөлімнен тұрады. Еңбекте музыкалық өнердің принциптері, негізгі терминдер және музыка пәні қамтылған.

Мамандардың айтуынша, кітапта музыкалық аспаптар мен әртүрлі әуендердің шығармаларына, категориясына және басқа да аспектілеріне кеңінен тоқталған. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбегі Түркияға жасалған сапарда Сүлеймания кітапханасынан табылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары 2022 жылы 9 елге 11 ғылыми-іздестіру іссапарын жасады.

"Архив-2025" жобасы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Отандық және шетелдік архивтер мен музейлерден кітапханалар мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдарды іздеу-анықтау, көшірмесін алу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып, оларды ғылыми айналымға енгізу жоспарланған.

"ҚР Ұлттық архиві мен Орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар архиві, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Германия, Ресей, Түркия, Венгрия, Татарстан, Қырғызстан, Чехия, Франция, Иран Ислам Республикасы және Египет сынды тағы да басқа елдерге барып, тарихи құжаттар көшірмесін елге жеткізді. Қазіргі уақытта тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, тың деректермен толықтыру мақсатында елге әкелінген қолжазбалар мен архивтік құжаттар мамандардың қатысуымен зерттелуде", – деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.