Бишімбаевтың әйелінің өліміне қатысты жаңа ақпараттар пайда болды. Бұл туралы Aikyn.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оrda.kz-тің дерегінше, Астана сот-медициналық сараптамасы өкілі тексергенде, марқұм Нүкенованың денесінен пышақ жарақатының ізін таппаған. Тек денесі мен басында гематома анықталған. Болжам бойынша, басынан соққы алған.
Қылмыс орнында пышақ болған. Бірақ Бишімбаев полицейлер келген кезде пышақпен өзін өлтіремін деп қорқытқан.
Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қалалық жедел жәрдем станциясының басқару пультіне сағат 19.54-те қоңырау түскенін хабарлады.
“Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін 1992 жылы туған әйелдің қайтыс болғанын растады. Мәйіт полицияға тапсырылды”, – делінген хабарламада.
Желіде тараған ақпарат бойынша, Бишімбаев соңғы 24 сағат бойы Bau мейрамханасында болған.
Мейрамхана қызметкерлерінің айтуынша, Бишімбаев сәрсенбіден бейсенбіге дейін 24 сағат бойы мейрамханада болған, тіпті түнде де шықпаған. Бүгін кешке ерлі-зайыптылар VIP бөлмеде отырған және олардың арасында жанжал туындаған. Мекеме қызметкерлері олардың дауласқанын естіген. Артынша ұрыс қол көтеруге жалғасыпты. Даяшы жедел жәрдем шақырған көрінеді.
Бишімбаевтың әйелі туралы не белгілі?
Қуандық Бишімбаевтың көз жұмған әйелі Павлодар қаласының экс-әкімі – Қайрат Нүкеновтің жиені.
Салтанат Нүкенова жүкті болуы мүмкін. Бұл туралы оның өзі Instagram парақшасында айтқан. Ақпаратты Салтанат Нүкенованың желідегі жазушылары бөлісті.
Салтанат әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевпен бақытты отбасылық өмірдің суреттерін жиі жариялап отырған. Айта кетейік, оның марқұм жары Салтанат Нүкенова астрологиямен айналысқан. Консультациясы 80 мың теңге болыпты. Күйеуімен консультацияға келгенде танысқан екен.
Салтанат Нүкенова, алдын ала мәлімет бойынша, күйеуі Қуандық Бишімбаев салған жарақаттан көз жұмған. Ол қамауға алынды.