Абай университеті ғылым саласындағы жобаларды сәтті жүзеге асырып жатыр

Ынтымақтастық білім және ғылым саласындағы бірлескен жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға ықпал етеді.

2023 жылдың 8 қарашасында Абай университеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам жасалды. Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп бастаған Абай университетінің делегациясы ғылым мен білім саласындағы бірнеше негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылау үшін ғылыми институт ұжымымен кездесті.

Болат Тілеп педагогикалық университет пен ғылыми институттың арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту біздің стратегиямыздың маңызды бөлігі болып табылады. Біз университетіміздің дамуына жаңа серпін беретін, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыратын және студенттерімізге бірегей білім беру мүмкіндіктерін беретін бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын табысты іске асыруға үміттенеміз», – деді білім ордасының басшысы.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми кадрларды даярлау, студенттердің практикалық сабақтарын ұйымдастыру және тәжірибе мен білім алмасу үшін әріптестік байланыстарды нығайту саласындағы даму жолдары талқыланды. Атап айтқанда, бірлескен ғылыми жобалардың жоспарын құруға, ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында тәжірибе және ақпарат алмасуға, сондай-ақ оқу үдерісіне озық тәжірибені енгізуге баса назар аударылды. Екі тарап та тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.  Бұл кездесу бірлескен ғылыми жобалар мен озық тәжірибелерді жүзеге асырудағы өзара әрекеттесудің бастамасы болды. 

Бұл маңызды қадам Абай университеті мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы бірлескен жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға ықпал етеді.