Apple мен Еуроодақ арасындағы салық төлеуге қатысты сот ісі он жылға жуық жалғасып келеді. Financial Times жақында Apple компаниясының Ирландияда салықтарға қатысты заңсыз экономикалық артықшылыққа ие болғаны туралы істі Еуроодақтың Жоғарғы соты қайта қарайтынын хабарлады. Бұл істің қаншалықты күрделі екенін Aikyn.kz британдық қаржы басылымына сілтеме жасай отырып түсіндіреді.
2016 жылы Еуропалық комиссия арнайы тергеу жүргізіп, Apple 2003-2014 жылдар аралығында Ирландияда заңсыз салық жеңілдіктеріне ие болды деген қорытындыға келген. Еуропалық реттеушінің айтуынша, Ирландия үкіметі алпауыт технологиялық корпорацияға Еуропадағы кірісінің 0,005%-ын ғана құрайтын салық төлеуге көмектесті деген айып тағылған.
Нәтижесінде Еуроодақ билігі корпорацияға 11 жылда аз төленген салықтарды толық көлемде өтеуге міндетті деп шешеді. Сол жылдар үшін америкалық корпорация 13 миллиард еуро қосымша салық төлеуге міндеттеледі.
2020 жылы корпорация төменгі деңгейдегі Еуроодақ сотына аппеляция түсірген. Сот Apple корпорациясы «салықты дұрыс төлеген, қосымша салық төлеуге міндетті емес» деген шешім шығарады.
Жақында Еуроодақтың Жоғарғы сотының бас адвокаты Джованни Питруцелла өзінің консультативтік шешімінде Еурокомиссияның салық төлеуден жалтарғаны үшін Apple компаниясына 14,3 миллиард еуро көлемінде айыппұл салу ісін қайта қарау керектігін айтқан.
2020 жылы қаралған істе көптеген қателер болғаны анықталған. Америкалық компанияның пайдасына шешілген істі Еуроодақтың Жоғарғы соты – Еуропалық сот қарайтын болды.
Еуропалық соттың бас адвокаты Apple компаниясының 14,3 миллиард еуро көлеміндегі салық қарызын төлеуі туралы маңызды шешімін қайта қарау керектігін мәлімдеген.
Сарапшылардың айтуынша, бас адвокаттардың мұндай пікірлері міндетті емес, бірақ көбінесе Еуроодақ Жоғарғы сотының қорытынды шешімдеріне айтарлықтай әсер етеді.
Apple корпорациясы болса 2020 жылғы соттың шешімі «Apple ешқандай таңдаулы артықшылықтар немесе үкіметтік көмек алмағанын анық көрсетті және біз оны өзгеріссіз сол қалпында қалдыру керек деп санаймыз» деген мәлімдеме таратқан.