Заң жобасы резервтік күштер құруға бағытталады

Мәжіліс Cпикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына резервтегі қызмет мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрі – аумақтық қағидаты бойынша (тұрғы­лықты жері) келісімшарт негізінде қызметтің ерікті түрі болып саналатын резервтегі қызмет енгізіледі. Ұсынылған түзетулер әскери бөлімдерді адам ре­сурс­тарымен кепілдендірілген қамтамасыз етуге және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар алдағы жалпы оты­рыста «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабар­лар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы рати­фикациялау туралы» заң жобасын қарайды. Хаттамада конвенцияда бекітілген бала құқықтары бұзылған жағдайларда жеке шағымдарды қарау те­тік­тері белгіленеді. Бұл ел азаматтарының өз мүд­делерін халықаралық заңнама аясында қорғауды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қаралады.

Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Олар: зияткерлік меншік құқық­тары­ның сауда аспектілері жөніндегі келісімге толық­тыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау, спорт бағытындағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.