ХХ ғасырда қатарынан үш олимпиадада олжа салған – жалғыз қазақ спортшысы. Грек-рим күресінен қатарынан жеті рет КСРО чемпионы атағын қанжығасына байлаған балуанның он жылдан астам Кеңес Одағы сияқты алпауыт елдің құрамасында болуы да нағыз күрескер рухының көрінісі. Әлем чемпионы, бірнеше дүркін Еуропа чемпионы, екі мәрте Әлем кубогының жеңімпазы, Азия ойындарының чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы болған жан спорт жайында да, елдік мәселелерде де үнсіз қалған тұсы жоқ. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Болатұлымен бүгінгі әңгімеміз ұлттық құндылықтар төңірегінде өрбіді.
– Дәулет мырза, қазақ «Бір бала әкеден өте туады, біреуі жете туады, біреуі кете туады» дейді. Сіз өзіңізді қалай бағалайсыз?
– Қазақта тектілікке бекер мән бермейді ғой! Тектілік те тек қуады. Өткен-кеткен тарихқа көз жүгіртсем, нағашыларым жағынан бір атам 1937 жылы Еңбек Қызыл Туы орденін алып, құрметке бөленіп жатса, өз аталарымның бірі сол жылдары халық жауы болып айдалып кеткен екен. Екі адам – екі тағдыр. Екеуі де осал адамдар емес. Тереңірек үңілсек, арғы аталарым да белді, беделді кісілер болған екен. Тұрлыхан атамның да әкесі кезінде Меккеге барып, қажы атанған. Мұндағы айтпағым – «алма ағашынан алысқа түспейді». Әкеден өте тудық па, жете тудық па, ол жағын тап басып айта алмаймын. Бірақ әке-шешемізден озып кеттік, олардан асқан дәулетті болдық, олардан асқан танымал болдық деп есептеп, мастанып кеткен түгім жоқ. Егер де қандай да бір дәрежеге жетіп жатсақ, сол әкемнің арқасы, солар берген тәлім-тәрбиенің жемісі деп білемін.
– «Алып – анадан» деген сөз бар. Анаңыз қандай адам еді?
– Анамыз сегіз ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, он құрсақ көтерген, көпбалалы алтын құрсақты Ана. Ұзақ жыл орта мектепте физика-математика пәнінен ұстаздық ете жүріп, он баланы қатардан қалдырмай өсіріп, жетілдірді. Кеңес заманында өмір сүрген барлық отбасынан біздің де әулеттің ешқандай айырмасы да, не артықшылығы болған жоқ. Адам есейіп, ес жиған сәтінде артына бір қарайтын кездері болады емес пе? Сондай кездерде туған ауылға, қара шаңыраққа барамын. Ол – қазіргі Абай облысы, бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылы. Онда барған сайын өзіміз тұрған шаңырақты көрген кезде таңғаламын. Аядай ғана, екі бөлмесі, асханасы, ұзын дәлізі бар үйде тұрған екенбіз. Сол үйелмелі-сүйелмелі кіл бала-шаға шағын екі бөлмеге қалай сыйып тұрғанбыз деген ой келеді. Бәріміз жерге төселген көрпе-төсекке қатар-қатар жатып ұйықтайтынбыз. Қазір ол үйдің қабырғасына ескерткіш тақтайша ілінген. Анамыз елге еңбегі сіңген ұстаз болатын. Ұзақ жыл өмірін ұстаздыққа, балаларды білім-нәрімен сусындатуға жұмсаған жан. Үлкен жиын-тойларда ақ батасын беретін, ел алдында сыйы бар кісі болды. Өмірге бәріміз қонақ болғандықтан, біреуіміз ерте, біреуіміз кеш қайтып жатамыз. Анамыз 80 жастан өте өмірден озды. Анама өмірінің соңына дейін берген тәлім-тәрбиесіне, ұлағатты ұстанымына, парасаттылығына разы болдым.
– Өзіңіз де қазір ұл өсіріп, әке атанған, немере тәрбиелеп отырған атасыз. Ұрпақ тәрбиесінде өкінетін жайыңыз бар ма?
– Адам баласы мінсіз болған ба?! Әрине, өкінетін сәттер болады. Дегенмен өткен күнді қайтып қайтара алмаймыз ғой?! Спорттың арқасында Кеңестер Одағының құрама командасына мүше болдым. Ол жерде тәртіп қатаң болды. Кішкене бір қателік жасасаң, бір сөзбен айтқанда, құрамадан шеттетілесің. Гүлнар екеуміз үйленген күннің ертесіне, тойдан кейін оқу-жаттығуларға шығып кеткенімнің өзі көп жағдайдан хабар беретіндей. Көбіне сыртта жүреміз. Спорттық жарыстарда жүрген кездерімізде сәбилі болып жатамыз. Оның бәрінде Гүлнәрдің жанынан табыла алмадым. Өйткені жарысқа дайындық күні-түні өтіп жатады. Ол кезде талап қатаң, аяғыңды шалыс баса алмайсың. Бір жылда он екі ай болса, соның сегіз-тоғыз айы сыртта жүрдім. Үлкен қызым Динара дүниеге келгенде де, екінші балам Данияр туғанда да мен оқу-жаттығуларда едім. Кейін аға жаттықтырушы болдым. Онда да жарыстарға спортшыларды жеке жібере алмайсың, өзің бастап алып барып, бас-көз болуың керек. Спортшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де көп уақытым сол салаға арналды. Қазір құдайға шүкір, ата болып, немере тәрбиелеп отырмыз. Балаларыма жеткізе алмаған уақытымды, бөле алмаған мейірімімді немерелеріме арнап келемін. Уақытты кері қайтару мүмкін емес, уақыт талабы сондай болды. Біз олимпте жүрген мүлдем басқа кезең, басқа заман еді.
– Балуан да бір батыр. «Батыр – аңғал» дейді халқымыз. Ал саясатта аңғал болуға бола ма?
– Саясатта босаңсуға уақыт та болмайды. Спортта бозкілемге қалай дайындалып, жігеріңді жанып шығасың, дәл сол секілді саясатта да салқынқанды болу керек. Саясат аңғалдықты, босаңсуды кешірмейді. Бұл ретте спорт пен саясат ұқсас деуге болады.
– Мәжіліс мінберінде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты бірнеше өзекті мәселе көтердіңіз. Жастарға көңіл тола ма?
– Иә, қазір қарасам, ел ағасы жасында екенмін. Сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутатымын, әрі сонда Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып қызмет етіп жүрмін. Комитет биыл өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Халықаралық сыртқы саясатқа қатысты, қорғаныс, қауіпсіздік саласына қатысты заң жобаларына атсалысып жатырмыз. Көптеген қабылданып жатқан заң жобаларына өзімнің ұсыныс-пікірлерімді қостым. Соның ішінде электронды темекі, вейптерге тыйым салу туралы мәселе де бар. Денсаулық сақтау министрлігі де оның зиян екенін жиі айтады. Вейптердің мектеп жасындағы балалардың арасында көптеп қолданылуы, кең етек алуы – қауіпті құбылыс. Мұның арты темекіге тәуелділікті тудырады. Бұл өнімді бірнеше елде сатуға тыйым салынған. Біз де тыйым салуымыз керек. Екіншіден, синтетикалық есірткілер де қоғамда өзекті мәселе тудырып отыр. Жуырда Үкіметтің қорытындысы келді. Біздің ұсыныстарымыз қолдау тауыпты. Енді осындай синтетикалық есірткіні сатып таратқандарға да, оны тұтынғандарға да қатаң жаза қолданылатын болады. Ата-аналардың көзімен қарайтын болсақ, баласы осы бір зиянды өнімді тұтынса, онда оны жоғалтқанмен тең. Себебі бұл зиянды өнімді тұтынған жанның жазылуы екіталай. Біржола тәуелді болып қалады. Жас ұрпақты осындай зиянды әрекеттерден бүгін қорғамасақ, кейін кеш болуы мүмкін. Ертең оның салдары да ауыр болмақ. Біз ертеңгі болашақты бүгін қалыптастырамыз. Ертеңгі болашағымыз деп жастарды танимыз. Ал ол жастарымыз жасампаз, білімді, денсаулығы мықты болуы қажет. Мен депутаттық мандатымда осы жастар тәрбиесіне аса көп көңіл бөлетінім содан. Осындай зиянды әрекеттерге наразы болып, белсенді бола бастағанымнан ба, соңғы кездері маған қарсы шабуылдар да көбейді. Соның ішінде ақпараттық шабуыл үдеп кетті. Оны өздеріңіз де естіп-білген боларсыздар. Мен туралы, балаларым туралы ақпараттар дүркін-дүркін әлеуметтік желілерге, сайттарға жиі шығып кетті. Осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройымды бір күнде төгіп тастауға мүдделі біреулер бар сияқты. Осындай шабуылдардың себебі – өзім атсалысқан, мәселе қылып көтерген «вейптердің» артында тұрған жандар болуы мүмкін. Себебі жаңағы аталған зиянды өнімдерден түсетін қаржыларда есеп жоқ. Ол – үлкен бизнес. Олардың заңмен тыйым салынуы өз кезегінде бизнестеріне кері әсер ететін болғандықтан, осындай ақпараттық шабуылдарға кірісетін тәріз-ді.
– Кез келген мемлекет ұлттық құндылықтары арқылы ерекшеленеді. Сіз үшін қандай құндылық маңызды?
– Ұлттық құндылықтардың ауқымы кең. Оның ішіне бұрынғы ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз, тәлім-тәрбиеміз, мәдениетіміз, менталитетіміз, ұлттық кодымыз, отансүйгіштігіміз барлығы кіреді. Мен жуырда Сербия мемлекетінде болдым. Сонда бір таңғалғаным – ол елде отансүйгіштікке, ұлттық идеологияға қатты мән беретіні. Тіпті, жарнамаларында «Біз сербиялықтармыз, біз өз мемлекетіміз үшін жауаптымыз» деген жалынды ұрандар тұрады. Бізге осындай отансүйгіштікке, ұлтты сүюге баулитын идеология жетіспейді. Керек болса, күнделікті берілетін жарнамаларға да осындай идеологияны енгізуіміз қажет. Тәрбие жұмыстарымен айналысуымыз керек. Мысалы, біз кезінде құрама командада кешкі сағат 21.30-дарда спортшылардың қолындағы телефондарын алып қоятын едік. Себебі ауыр жаттығулардан кейін спортшылар келесі күнге жаттығуларға күш жинап, ұйықтап демалып, дайын болуы керек. Әйтпесе, спортшылар түнімен телефон қарап, ұйқы режимін бұзып, келесі жаттығуға шаршап келеді. Әлеуметтік желілер адамдардың уақытын ұрлап жатыр. Мүмкін, осы әлеуметтік желілерді де дұрыс жағынан пайдаланатын тәрбие құралына айналдыруымыз керек шығар.
– Спорттағы жаттығу денені шыңдайды. Өмірге қалай жаттықтыңыз: алданған, арбалған тұсыңыз болды ма, қиындықтардан қалай шықтыңыз?
– Спортқа келер болсақ, кезінде Сеул олимпиадасында алты кездесу өткізсем, төртеуін таза жеңіп, финалға шықтым. Сол кезде мен қарсыласымнан бөлек төрешілердің де маған қарсы жұмыс істегенін білмедім. Ол кезде жас едік, аңғал едік. Геннадий есімді жаттықтырушыма: «Геннадий Андреевич, сіз маған неге төрешілердің де қарсы әрекет ететінін айтпағансыз?» деп ренжігенім бар. Сосын кейінірек 1992 жылы Барселонада олимпиадаға ТМД мемлекеттер арасында іріктеу жарыстары кезінде де сондай бір жағдай болды. Жарыс басталардан бір күн бұрын Қаратай Тұрысов ағамыз мені іздеп тауып алып: «Дәулет, ертең жарыстың ашылуы. Еліміздің Туын сен алып шығасың» деп ұсыныс білдірді. Мен сонда: «Аға, менде ертесіне салмақ өлшеу рәсімі болады, жеребе тартылмақ. Жарысқа дайындалуым керек» дегенімде, ағамыз: «Дәулет, сен қазақсың ғой. Туды сен алып шықпағанда, кім алып шығады?» деп намысымды жанып жіберді. Ақыры келісіп, Туды көтеріп шықтым. Ерекше бір сезім болды. Көңіл толқыды. Барселона ыстық, стадион ылғалды, салқын. Ашылу салтанатынан соң түнгі сағат екі-үштерде олимпиада қалашығына келдік. Сосын қонақүйіме келіп, суға түсіп ұйықтап қалдым. Таңертең ерте тұрғызып, салмақ өлшеуге алып кетті. Сосын жеребе тартылып, қарсыласым поляк екені анықталды. Оның алдында жеңіп жүрген қарсыласымнан сол жартылай финалда жеңілдім. Екінші, үшінші орынға талас кезінде швед балуанымен шығып жеңген сәтімде менде ешқандай қуаныш сезімі, көңіл күй болмады. Сол кезде біраз жұрт «Дәулет, сенің алтынға деген үмітің әлсіреп қалатын болды» деп жанашырлық сөздерін айтты. Сосын олимпиададан екінші орын алып қайтқанымда да үш айдай ауырып, жатып қалдым. Уайымға баттым. Өз-өзімнен «неге ұтылдым, қалай ұтылдым?» деп сұраумен болдым. Екі олимпиада да алтын алуға бір ғана қадам жетпей қалды. Екеуінде де 2.1 есебімен жеңілдім. Соның уайымы әлі күнге кетпейді. Қазір ерте жатып, ерте тұрамын. Әдет болып кеткен. Сол бір өкініштің себебінен болса керек. Кейін аға жаттықтырушы болдық. Жарыстарға балаларды апару үшін қаражат болмай қалған кезде қаражатты өзіміз іздеп, демеушілер қарастырып, өз күшімізбен барып жүрген кездер де болды. Сол уақыттарда 5 әлем чемпионын, 1 олимпиада чемпионын, 20-дан астам Азия ойындарының чемпиондарын тәрбиеледім. Жоғары кеңеске сайландық. Өзім де әрі депутат болып, әрі аға жаттықтырушы болып жүріп, Азия чемпионы болдым. Жоғары кеңеске сайланған кезімде менде бір өкініш қалып кетті. Серікболсын Әбділдин ағамызбен сайлауға түсіп, мен жеңіске жеттім. Сонда жас болдық па, сол кезде дұрыс бағамдамадық па, ағамызға: «Аға, бұл сіздің жолыңыз» деп жолымды беруім керек еді. Себебі ағамыз өте білімдар, сауатты, кәнігі саясаткер, мемлекет қайраткері болатын. Соған қазір қатты өкінемін.
Қиналған тұсым спортта жүргенде көп болған шығар. Бірақ оның бәріне қайта оралғым келмейді. Бір нәрсе ақиқат: мен мұның бәріне оңай жеткен жоқпын. Менің жеңісім мен сәттіліктерімнің артында маңдай терім мен тынымсыз еңбегім жатыр.
– Қоғам дағдарыста тұрғандай: қалай жаңарамыз, қандай қағида ұстанамыз, қайтсек мықты мемлекет құрамыз?
– Рас, 30 жылдық егемендік жылдарында бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен атқарылмаған, атқарылуға тиіс жұмыстар да шаш етектен. Қарап отырсақ, барлық салада кемшіліктер мен сын көтермейтін мәселелер бар. Маман тапшылығы, интернет желілерінің толық тартылмауы, жол сапасының төмендігі деген секілді әлі толық жүйеленбеген жұмыс өте көп. Қоғам қазір дағдарыс алдында тұр. Оған әлемдегі геосаяси жағдайлар мен халықаралық қақтығыстардың да салқыны тиеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір қиындықтан алып шығарына кәміл сенеміз. Себебі ол кісі қаншама жылдық тәжірибесі бар, сыртқы саясаттағы дипломаттық білімі бар кісі. Президентіміздің жыл сайын жолданатын Жолдаулары мен құрылтайларда, жиын-отырыстарда айтқан сөздері жерде қалмай, сөзден іске көшуіміз керек. Біз де соған өз үлесімізді аянбай қосуға дайынбыз. Мысалы, қазір еліміздегі ауылдың жағдайы көңіл көншітпейді. Ондағы жол сапасы мен интернет желісінің жетіспеуі де бұған дәлел. Ауылдағы жастардың қалаға көшіп кетуі, ауылда тұрақтамауы – мұның бір айғағы. Біз осы ретте ауылдың жағдайын барынша жақсартуымыз қажет. Бүгінде ауылда қарапайым жұмысшылардан бастап, мұғалім, дәрігер сияқты мамандар жетіспейді. Жастар жұмыстан кейін бір сәт көңіл серпілтетін ойын-сауық орталықтарын да ашуымыз қажет. Спортқа көңіл бөлінуі керек. Айта берсек, шешімін табуға тиіс мәселелер жетерлік. Мұның барлығына жүйелі жұмыс пен елге деген ерен сүйіспеншілік, еңбекқорлық қажет. Әрбір азамат елі үшін өз саласында аянбай, қажырлы еңбек етсе, алынбайтын асу, бағындырмайтын белес болмайды деп ойлаймын. Мұндай қиын кезеңде бірлігіміз де бекем болуы қажет. Біз алмайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Бастысы, жастарымыздың бойындағы отансүйгіштік, елдік рух өшпесін деп тілейміз. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі келешек. Келешегіміз аман болсын, қайратты болсын, рухты болсын! Заман кінәлі деп жатамыз, заманды емес, әрқайсысымыз өзімізді түзесек, дұрыс қоғам қалыптастыра аламыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілейік!
– Уақытыңызды бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.
Сұхбаттасқан
Анарыс АҚЫЛМАН