«KEGOC» SPO-сы: жылдың басты оқиғасы

Инвестиция – экономика мен бизнестің қозғаушы күші ғана емес, әлеуметтік саланың да әл-ауқатын нығайта түсетін маңызды құрал. Сон­дықтан да биржадағы қайнаған сауда-саттық арасынан миноритар­лық мәмлелер қылаң бере қалса, қалың көпшілік елең ете түсетіні рас.

Биыл күзде «KEGOC» акцио­нерлік қоғамының SPO айналымына шыққанын осындай қаржы нары­ғын­дағы жылдың басты оқиғасы деп бағалауға болады.

Сарапшылар бұл жаңалыққа әп дегеннен-ақ үлкен қызығушылық танытқан болатын. Қаржы нарығынан хабары бар қазақстандықтар да қалыс қалмады. Өйткені мемлекеттік үлестің бәсекелес ортаға берілуі – ондағы компанияның қарым-қабілетіне қарай қоғамда сұраныстай дүмпу мен дүрлігіс тудырып жататыны бар. Бұл жолы да солай болды. Еліміздегі ірі энергетикалық компания SPO шең­берінде өзінің болашақ үлес ұстаушыларына 15,3 миллион жай акция ұсынды. Бұл ком­панияның орналастырылған жай акция­ларының жалпы санының шамамен 5,6 пайызын құрайды. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» АҚ-на тиесілі акция­лардың үлесі «KEGOC» акцияларының жалпы санының кемінде 85 пайызын құрап отыр.

Сонымен, сауда-саттық кезеңі аяқталды. Кеше, 10 қараша күні,  «Астана» халық­аралық қаржы орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында SPO шеңберінде орналастырылған «KEGOC» акцияларын қайталама сауда-саттыққа шығару рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов және «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов қа­тыс­ты. Сұраныс жоғары болады деп бол­жанғандай-ақ осы жиында ұйымдастыру­шылар ауызынан күткен жаңалықтарды естідік. SPO қорытындысы бойынша, «KEGOC» АҚ-на инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мың­нан астам өтінім келіп түскен екен. Бұл көрсеткіш орналастыру жоспарынан 1,5 есеге көп екені бірден көңіл аудартты. Міне, осы жиналған өтінімдерді талдау нәти­жесінде жалпы сомасы 22,6 млрд тең­геден асатын өтінімдерді қанағаттан­дыруға шешім қабылданған. Бұл – жарияланған акциялардың шекті санымен сәйкес сома. Өзінің кіріспе сөзінде мұны Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы да атап өтті.

«Бұл сауда-саттық іс-шарасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асы­ру мақсатында қабылданған «Жекеше­лен­дірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес өткізіліп отыр. Қазақстан азаматтары «KEGOC» SPO-сына үлкен қызығушылық танытып, 15 млрд теңгеден асатын сомаға 10 мил­лионнан астам акция сатып алуға өтінім берген. Бұл Қордың IPO/SPO шеңберінде ұсынатын ірі ұлттық компанияларының инвестициялық мүмкіндіктеріне деген халықтың жоғары қызығушылығын көр­сетеді. SPO – KEGOC компания акция­ларының өтімділігін арттырудың маңызды факторы. Оның нәтижелері бойынша ер­кін айналымдағы компания акция­ларының үлесі 2,7 пайыздан 8,1 пайызға артты», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Бас­қарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Ал «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов өз кезегінде компанияның мінсіз дивидендтік тарихы бар екенін, ал жаңа бастама алдағы жоспарларды жүзеге асыру үшін қосымша серпін беріп отыр­ғанын атап өтті. Акционерлік қоғам бас­шысы бұл жолы да нарық артқан сенімді ақтап шығатынына ниетті әрі сенімді еке­нін айтады.

«Бүгінгі сауда-саттық рәсімін аша отырып, өзім басшылық ететін KEGOC менеджментінің SPO-дан кейінгі акционерлермен жұмыс істеу жоспарларына тағы да тоқталып өткім келеді. Бірінші, біз инвесторлардың инвестицияларын сақтау және көбейту үшін аянбай жұмыс істейтін боламыз. Екіншіден, отандық энер­гожүйені дамытуға және оның қауіп­сіздігіне бағытталған барлық жүйелік жо­балар жүзеге асырылмақ. Біздің жоспар­ларымыздың өте маңызды үшінші тармағы – миноритарлық акционерлердің мүдделері, яки әрбір стратегиялық шешім қабылдаған кезде олардың дауыстары ескерілмек. Ал ең бастысы, біз осы жылдар бойы қалып­тасып келген ашықтық ұстанымын сақ­тай­тын боламыз», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

AIX-тің мәліметтері бойынша, бұл жолғы SPO-ға қатысушылардың басым бөлігі шамамен 40 жастағы инвесторлар екен. Оның ішінде ер азаматтар мен әйел азаматтардың үлесі бірдей. Биржаның Tabys қосымшасы арқылы келіп түскен онлайн өтінімдердің максималды сомасы 11,8 миллион теңгені, яки 8 мың акцияны құрапты. Өтінімдер букбилдингтің соңғы минутына дейін қабылданып, өңделіп отырған. Осы ретте AIX Басқарма Төрағасы Әсел Мұқажанова биржаға ұлттық ком­панияларды орналастыру және инвестор­ларды тарту ыңғайлы технологиялық шешімдер арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Соның ішінде Tabys қосымшасы және банктермен мобильді интеграция жасау арқылы қолайлы жағдайлар туғызуға үнемі мән беріледі.

«Бүгінде инвестиция салу үшін смартфоныңыз ғана болса жеткілікті, яки интернетке қосылып, банктен есеп-шот ашасыз. Онлайн түрде инвестиция салу, бұл – AIX биржасы тудырып отырған жаңа мүмкіндік. Осы тұрғыдан алғанда біз алда келеміз, әрі оны одан әрі дамытуға ұмтылатын боламыз. «KEGOC» SPO-сы кезінде онлайн өтінімдердің рекордтық саны орнықты. Жалпы сомасы 2,2 миллиард теңге болатын 11 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Біз бөлшек саудадағы инвестор­лардың AIX-ке және біз ұсынатын құрал­дарға деген сенімі уақыт өткен сайын артып келе жатқанына өте қуаныштымыз», – деді Әсел Мұқажанова.

Спикерлердің айтуынша, SPO-дан түскен қаражат еліміздегі Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің Оңтүстік аймағындағы желілерін күшейту жөніндегі «KEGOC»-тың ірі инвестициялық жобасын іске асыруға бағытталмақ екен. Жоба шеңберінде ұзындығы жалпы 475 км болатын 500 кВ-тық «Шу–Жамбыл–Шымкент» бағытындағы екі электр жеткізу желісі салынып, 500 кВ-тық үш электр қосалқы стансасы кеңейтілетін болады. Бұл – электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуіне байланысты Оңтүстік аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, сондай-ақ негізінен Оңтүстік аймақта шоғырланған жаңармалы электр көздерінің (ЖЭК) ірі нысандарынан қуат алуды қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін стра­тегия­лық маңызды жоба. Осылайша, листинг рәсімі барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «KEGOC» АҚ Басқарма Төрағасы Нәби Айтжанов сауда-саттықтың басталғанынан нышан беретін алтын түймешені басып, биржалық тетікті іске қосты.

Нұрлан ҚОСАЙ