Жиырмасыншы ғасыр басында қысқа жасап, құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын жайлы, оның қысқа ғұмыры, қызықты әдеби мұрасы жайлы әдебиетімізде аз айтылмаған секілді. Керек десеңіз, айтылған сөз, жазылған зерттеу ақын артына қалдырған екі том мұрадан көлем жағынан әлдеқашан асып кеткен. Соған қарамастан, Сұтанмахмұт жайлы, қазақ әдебиетшілері әлі де талай оралып, жаңа талап биігінен келіп, жанын жебелей талай ойлар айтуға тиіс те. Өйткені қазақ халқының рухани дүниесінде құбылысқа айналған ақын мұрасы бізден соны талап етеді. Елеусіз нәрселердің өзі уақыт өткен сайын елеуліге айналып, жұртшылық назарын аудара береді, аудара береді.
Одан небәрі үш фотосурет қана сақталып жетті. Жалындап өткен қысқа ғұмырда сәнденіп киініп, қызық қуып суретке түсуге уақыт та таппаған, ең бастысы – мұрат тұтпаған болуға тиісті. Әйтеуір, жиырма жеті жылдық ғұмыр ескерткіші болып үш сурет (жансыз бейне) сақталыпты. Үшеуінде де өр, ойлы кескінде бейнеленіпті ақын. Бұл, әрине сырт пішіні. Ақынның ішкі жан дүниесін суретке түсіру мүмкін емесі белгілі. Ол – фотографтың тағдырына жазылмаған. Қолынан келмейді. Ол ақынның өз қолынан келіпті. Аз ғұмырында жазған, арнасынан асып-тасып жататын шабытты, өртке тиген дауылдай лапылдаған, мінезге бай, мазмұнға сақы, өткір, ойшыл сипатты өлеңдер ақын жан дүниесінің ішкі иірімдері ғой.
Сезімнің сыртқа шықпас түрі бар ма?
Оны жасырар адамның күші бар ма?
Біреу күй, біреу пішін, біреу сөзбен
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма? –
деп өзі айтқандай, ақын «жүректің ішін» поэзия құдыретімен сыртқа шығарады. Өлеңдегі сан алуан мінез арқылы халқына ашады, жұртына жасырмай жайып салады.
Сұлтанмахмұт Торайғырұлы ақынның лирикалары әлі терең талданып жетпеген. Жыл-жылға, кезең-кезеңге бөлу, тақырыптық, идеялық талдау – табиғатын шын асыл поэзияның бүлкілдеп соғып тұрған жүрегін түгел ашып көрсете алмайды. Орыс поэзиясында өзгеше құбылысқа баланатын А.Блок, В.Маяковский, С.Есениндердің мұрасын лирикалық герой табиғаты арқылы жаңаша тану процесі жүргелі біршама уақыт болды. Қазір орыс ғалымдары «системалық анализге» көше бастады. Бұл бізге де керек.
Сұлтанмахмұттың лирикалық геройы ауылдан «шығамын тірі болсам адам болып» деп армандай аттанады. Тәрбиелі, жетелі оқу орындарынан «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!» деп оралады. Бұл аз десеңіз, «Мұздаған елдің жүрегін, жылытуға мен кіремін!» – деп өршіл мінез танытады. Өзінің жеке бас мақсатын – халық тілегімен егіз ұштастырып, ел тілегіне орай ірі ойға ұмтылады. Сұлтанмахмұтпен бірге оқыған шәкірттің бәрі бірдей ақын болған жоқ. Ақындығы өз алдына Сұлтанмахмұттың лирикалық геройымен де бәрі бірдей мұраттас бола алмаған. Өйту үшін де ірі табиғат керек. Ақында сол ірі табиғат бар. Ол – ғасыр тоғысында дүниеге келген ақын. Қарапайым жандардың өзіне зор ықпал етер дүрбелең жылдар талантты ақынның ішінде тұнып жатқан сұрапылын, дауылын оңай қозғап жібермей ме? Өзгені жалын алса, Сұлтанмахмұтқа әсер ету үшін ұшқынның өзі жеткілікті. Уақыт талабына суарылған ақын іздене өседі, соған орай лирикалық герой да ілгерілеп, әр алуан табиғатқа бөленеді. Алғашқы кезең өлеңдеріндегі қарапайым мінез келе-келе күрделене түседі. Жол басындағы балаң поэзия бояуы барған сайын қоюлана береді.
Лирикалық герой – ақын талантының жемісі. Ақынның талант нәрі, білім өресі, ізденіс өрісі – лирикалық геройды да соқталандыра түсері анық. Зерттеушілер әлі күнге Сұлтанмахмұт «оны оқыған», «мұны оқыған жоқ» десіп жүр. Ізденіс өрісін аңғарту үшін балаң шағындағы мына бір өлеңін алға тартайықшы:
Тұрмыс, тағдыр бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас.
Қаһарман Рүстем, Әли де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Қаһарман Рүстем, Әлилер ойыңды көне шығыс әдебиетіне жетелей жөнеледі. Ол діни кітаптармен бірге шығыстың жеті жұлдызы шығармаларымен де бала шақтан сусындағандай ғой. Қазақ сахарасына көне шығыс әдебиетінің балқаймағы қалай келеді? Адам Мецтің «Мұсылмандық Ренессанс» атты еңбегі, академик Н.Конрад болжамдары біздің пікірімізге тиянақ бола алады. Нәзира, аударма т.б. жолдардың баршасымен еркін келе береді.
Әйтпесе:
«Адам – құл өзін жеңіп ұстамаған»
Деген бір Сократтың бар нақылы –
деген жолдарға зер салайық.
Жаңа ғасыр көгінде тіршілік кешкен қазақ ақын-жазушылары ішінде Шығыс философиясына баратындар кездеседі. Тіпті, олармен (Шығыс философтарымен) пікір жарыстырғандар да болған. Бірақ олар Шығыста (не Батыста) мынадай философ болған деп таныстырып алар еді. Ал Сұлтанмахмұт Сократты қалыпты, ертеден етене құбылыстай қарайды.
Осылардан кейін ой түйсек, Абай данышпандығының бір көзі болған Шығыс әдебиеті мен философиясы Сұлтанмахмұт талантының да гүлдей ашылуына ықпал еткен бір фактор деп қарауға тура келеді.
Енді оның Батыс әдебиетінен, орыс әдебиетінің ғажайып таланттарынан қалай үйренгені туралы айтайық. Сұлтанмахмұт бір өлеңінде «Ет жейтін ауыз құрымай, әділдік орнамасына көзім жетті», – дейді. «Ет жейтін ауыз құрымай» – бүтінді бөлшегімен айту, жалпыны жалқы детальмен жеткізу. Ақындық тапқырлық. Осы жаңалықтың тегінде Л. Толстойдың наным-сенімі, ұстанған көзқарасының ықпалы жатқан жоқ па? Толстой ықпалы? Иә, оған таң қалуға болмайды. Қазақ жазушыларының Л.Толстоймен байланысы – күні ертең тарих ашатын факті. Ұлы орыс жазушысы қазақ даласынан өз үйінде сый да қабылдаса керек.
Сондай-ақ «Адасқан өмір» поэмасындағы:
Жер суып, жердің үсті мұзға айналып,
Күн сөніп, жерге жарық тимегенде,
Мен не түрде жүремін, жауап берші,
Жер тозып, быт-шыт болып күрегенде? –
деген шумағы да Лев Толстойдың Күнге мадақ сөзінен туындап жатқан ой емес пе? Біздіңше солай!
Қазақ ақынының:
Бақыт – құс ұшып жүрген
қолға түспес,
Билеуге оны ешкімнің күші жетпес.
Қолыңа құдай айдап бір қондырса,
Барам деп мен анаған ұшып кетпес... –
деген өлеңі орыс жұртшылығы Пушкиннен кейінгі данышпан ақынымыз деп қадірлейтін Александр Блоктың «Гамаюнын» еске түсіреді. Торайғырұлы мұрасын зерттеуді өмірлік қызығына айналдырған профессор Бейсембай Кенжебайұлы «Ғайса кім?» өлеңін Блоктың «Двенадцать» поэмасымен өте орынды салыстырады.
Ақынның қай өлеңін алсақ та бүтін бітім, өзіндік сом-сом ойға кездесеміз. Әйтсе де, дарыннның кемелденіп, толысуының айғағындай «Адасқан өмір», «Кім жазықты?» секілді шығармалары айрықша жеміс дерлік. «Кім жазықты?» – уақыт тынысын жете пайымдаған тақырып. Тақырып Герценнің «Кто виноват?»-ына бастап тұрғаны анық. «Кедей поэмасына» жазылған мына орысша сөзбасына қараңыз: «Все, что существует в мире, есть результат известных действий, условий и среды. Человек может творить эти условия, что и отличает его от животных. На этом основано все, что изобретено человеческим умом. Отсюда цель моеге произведения может быть, пожалуй, ясна.
1919 год. Султанмахмут»
Қаз-қалпында келтіріп отырған сөзбасы «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларының кілті іспетті, идеялық қазығы дерлік. Зерттеушілердің бұл шығармаларға айрықша зер салуы тегін емес, бір рет, бір демде ақ қағазға төгіліп түсе қалған поэмалар – Сұлтанмахмұттың шырқап шыққан биігі. Бұл шығармалар Сұлтанмахмұтты өзінің тұстасы, «Гамаюн» атанған А.Блокпен рухани туыстырады.
Ойласам дүниеде қанша жан бар:
Адам бар, ағаш бар, мал мен аң бар,
Жанды, жансыз нәрсенің бәрі-дағы
Әр себептің жемісі байқасаңдар, –
секілді философиялық үлкен өреге ақын ақылды Шығыс поэзиясы мен тұстас орыс әдебиетінің тегеурінді философиясынан үйрене отырып жеткені анық.
Міне, осындай, үйреніс көздерінен, қайнарбұлақтан нәрленген таланттың лирикалық геройы, оның қадір-қасиеті, назы мен базы бәрі де қаптарлы терең жатуы – табиғи.
Ақындық шеберлік жайлы аз сөз. Сұлтанмахмұт поэзиясында сөзге зер сала, ана тілі байлығын ұштай қолданады.
Қазақ «бір тұтам» десе, сол ұғымды ақын жаңалап «Секілді өмір қысқа жарты тұтам», – деп қолданады. «Қазаққа басшымыз дер шляпалар»-да осы іспетті саналы ізденіс жемісі.
Ақ сәуле, күміс жүзді, құндыз қабақ,
Сен гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.
Болғанда көзің – жақұт, етің –
торғын,
Қасың-ай, шашың – жібек,
мамық тамақ.
Аздаған статикалық қалып бар демесек, өлең – образдылық, көркемдіктің бір үлгісі.
Үзінділермен шектелдік. Мұндай сонылық, жаңалықты қолданыстар ақында молынан кездеседі. Фактілер – ақынның қазақ сөзінің тұтынушысы ғана емес, қайраткер қамқоршысы болғанына дәлел. Публицис-
тикалық мақалаларындағы тілді таза сақтау жайлы ойлары да осы пікірімізді нықтай түседі.
Құбылысқа айналар ұлы дарындар шығырмашылығы, ұлт әдебиетінде дәстүр түзуге тиісті. Қазақ поэзиясында Сұлтанмахмұттан үйрен-
беген ақын аз шығар-ау. Әсіресе, айрықша үйренген ақындар, біздіңше, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев. Қасымның «Дариға», «Өзім туралы», Мұқағалидың «Жан азасы», Жұбанның «Мен – қазақпын» секілді шығармалары – Сұлтанмахмұттан тікелей шығармашылық үйреніс жемістері. Аталған шығармалар – қазақ поэзиясының інжу-маржаны қатарына қосуға боларлық аса үздік туындылар екені және шындық. Осыдан ой түйсек, Сұлтанмахмұт өзі құбылысқа айналумен бірге, келешек өмір, өнер құбылысына да ықпал етуші ерен рухани күш.
Сұлтанмахмұт – өз өмірінің, жеке бас тіршілігінің рақатын халық бақытына айналдырған, өзінің қысқа ғұмырын халық жолына жұмсаған ақын. Әйтпесе, отызға жетпеген жасында:
Жасамаймын «Еңбектің,
Жемісін көзбен көрем», – деп,
Жасаймын «бір қолқабыс,
Кейінгіге берем», – деп, айтар ма еді?!
Енді бір өлеңінде:
«Менің досым әлі алыста...» – деп өз мұрасының тағдырын ишаралайды. Кейінгі ұрпаққа сенім көзін қадайды. Осы ойын:
Елімнің мен шын ұлы екеніме
Тағдырдың өзі берер куәлікті, – деп екінші өлеңінде тиянақтай түседі.
Тарихқа жүгінсек, таланты ерек, табиғаты бөлек құбылыстар толассыз зерттеледі. Әр алуан өнер арқауына өзек болады. Сеніміне орай, қазақ халқы ұлы ақынның есіміне, әдеби мұрасына иелік етіп отыр. Оның өмірінен роман жазылды, шығармасынан опера туды. «Правда» газеті қырқыншы жылдардың өзінде «Зор ақылды, талантты, өмірбаяны өте қызық, тамаша жазушы» (171/8217/ саны. 21.VІ.1940 жыл) деп бағалаған еді. Ақын мұрасы осы бағалауға лайық зерттеліп те келеді. Зерттеу дегенде, қыран жүрек ғалым, cұлтанмахмұттанудың негізін салушы профессор Бейсембай Кенжебайұлының Кеңес қоғамының қырын қабағына қарамай, ағынға қарсы жүріп, түрлі ағымдармен күресе жүріп, ұлы ақынның азаматтық басын да, ақындық ақық әдеби мұрасын да арашалап аман алып қалғанын қадап айтуымыз керек.
Қыран ғұмырлы ақын мұрасының кең танылып, терең ыждағатталғаны үшін қазақ халқы бір адамға, сол ғалымға, әсіресе қарыздар деп білеміз. Ол – Сұлтанмахмұт мұрасын зерттеуге жарты ғұмырын жұмсаған айтулы ғалым, табанды зерттеуші, профессор Бейсембай Кенжебайұлы!
Қазір С.Торайғырұлы және оның мұрасы 20-30 жылдардығы ұлтшыл, 40-50 жылдырдағы клерикалық-буржуазиялық, 60-жылдардағы адасты, Алашордаға қызмет еткен деген қаңқу сөз, қате бағалаулардың бәрінен тазарған. Қазір «С.Торайғыров – Абайдан кейінгі ұлы ақынымыз» – деген профессор Бейсембай Кенжебайұлы концепциясы орын тепті. Ұлы ақын – қазір халқынның құшағында! (Ақын мұрасының зерттелуі, бұл – өз алдына дербес әңгіме еншісі дерлік басы ашық, арнайы әңгіме!)
Мәңгілікпен салыстырғанда қас-қағымға келмес қысқа ғана ғұмыр кешкен, оны ұлтының ұлы мұратына, жарқын болашағына бағыштаған ақын сан ғасыр межесіне кетер, сансыз буын ұрпағына жетер мәңгілік мұра қалдырды. Өзі де халқының әрдайым айта жүрер, әрдайым арқасүйер мәңгілік құбылысына, рухани игілігіне айналды.
Ол – құбылыс!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
филология ғылымдарының докторы,
профессор