Әйгерім сән индустриясына кездейсоқ келген.
– Мамандығым – журналист. Университетте сабақ оқып жүрген уақытта жергілікті «Атырау» радиосында тәжірибеден өттім. «Атырау» газетінде де біраз уақыт тәжірибеден өткенім бар. Аз уақыт болса да, журналистика маған көп нәрсені үйретті. Ең бастысы, адамдармен дұрыс қарым-қатынас құру, адамның психологиясын түсіну, сөйлеу мәдениетін меңгердім. Бірақ оқуды аяқтаған соң, журналист ретінде еңбек майданында жүріп көрмеппін. Тұрмыс құрып, бала сүйгеннен кейін кез келген әйел адамда дамудың жаңа кезеңі басталады деп ойлаймын. «Үйде босқа отырғанша, шаш әрлеуді үйреніп алайын» деген ниетпен қысқамерзімді курс оқып алдым, – дейді Әйгерім.
Осылайша, шаш әрлеу, жалпы, сән индустриясына аса бір қызығушылығы болмаса да, Әйгерім жаңа саланы меңгеруге бел буған. Бұл тұста ата-анасы, отбасы тарапынан қолдау көп болғанын айтады.
– Бастапқыда қыздардың шашын қиып, басын жуып, иә бояп жатқан кезде, «шынымен мұның барлығын жасап жатқан мен бе?» деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе жаңа жұмысыма үйреніп кеттім. Қыздарды әсемдеу, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау өзіме ұнай бастады, – дейді Әйгерім.
Әлемнің 14 елінен «мен» деген шеберлер қатысқан конкурс Әйгерімнің айтуынша, өте тартысты өткен.
«Біз Түркияға конкурсқа қатысумен бірге, біліктілікті арттыру сабағына барған болатынбыз. Біздің арамызда шаштараздар, стилистер, мейкап шеберлері болды. Конкурсқа біз командамызда 15 қыз болып қатыстық. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстаннан келген біз, яғни атыраулық команда үздік деп танылдық. Қуанышымда шек болған жоқ. Шыны керек, мен бұл конкурсқа сән саласына келіп, оң-солымды танығалы бері дайындалып жүрген едім», – дейді Әйгерім.
Байқау нәтижесімен Әйгерімнің командасына 11 миллион теңге табысталған.
Әйгерім – үнемі ізденісте жүретін маман. Ол алты ай сайын Қазақстанның ішінде, шет елдерде біліктілігін арттыру курстарына қатысып, өзін дамытып отырады.
«Болашақта жеке сән салонымды ашқым келеді. Бұл мақсатта қазір жұмыс істеп жатырмын. Сонымен бірге бала күтімімен үйде отырған аналарды оқытып, өз командамды жасақтасам деген ниетім бар», – дейді Әйгерім.
Әйгерім – қазір Атыраудағы сұранысқа ие шаштараздардың бірі. Әйгерімнің қызметіне қыз-келіншектер бір-екі апта бұрын жазылып қояды.
«Кейде тіпті, таңғы сегізден түнгі он екіге дейін тапжылмай қызмет көрсететін кезздерім болады. Жаңаны үйренген сайын, жұмысым жеңілдеп, қызметіме деген махаббатым ашыла түсуде», – дейді Әйгерім.
Атыраулық сәнқой қыз-келіншектер, аналар арасында Әйгерім – шебер маман ретінде ғана емес, қайырымдылыққа жаны құмар адам ретінде де танымал. Ол аптасына бір рет «Қайырымдылық сағатын» жариялап отырады. Яғни, бұл уақытта Әйгерім көпбалалы аналардың шашын тегін бояп, ботокс, кератин сияқты шаш емдеу процедураларын клиенттің қалауына қарай жасап беріп отырады.
«Айналамдағы қыз-келіншектерді, жалпы үйде отырған аналарды осы сән индустриясына шақырамын. Бұл жерде шығармашылық, сұлулық, еркіндік пен шабыт және тұрақты табыс бар», – дейді Әйгерім.
Біз қоштасарда Әйгерімнен бала күнгі арманы туралы сұрадық. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген Әйгерім бала күнінде дәрігер болуды армандаған екен.
«Адамдарды емдесем, оларға көмектессем» деп ойлайтынмын. Бірақ қазіргі жағдайыма еш өкінбеймін. Кеңірек ойлап қарасақ, мен қазір де адамдарға көмектесіп жүрмін. Себебі сұлулық – әйел адам үшін ең алдымен көтеріңкі көңіл күйдің, табыстың кілті. Өз-өзіне сенімді әйел отбасында да шуақты атмосфераны орната алады», – дейді Әйгерім.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА