Астанадағы Жағалау шағынауданы қалай өзгереді?

Онда автотұрағы бар 12 қабатты көпфункционалды кешен салу жоспарланған.

Астананың әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасына Жағалау шағынауданы қалай өзгеретінін жазды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Жағалау шағынауданы – қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарының бірі. Мұнда үлкен жұмыстар орындалуы қажет: әлеуметтік нысандар салу, жол-көлік инфрақұрылымы, жарықтандыру жүргізу, абаттандыру мәселелері және т.б.», деген Жеңіс Қасымбек.

Әкім қаланы аралау барысында бірнеше орынға барғанын мәлімдейді. Маңызды мәселелердің бірі – мектеп салу. Нұра ауданының өзінде «жайлы мектеп» жобасы бойынша 2024-2025 жылдары 9 мектеп салынады. 

Абаттандыруға тоқталар болсақ, биыл «Нұра» ауданында 5 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Олардың бірі – «Жағалау» тұрғын үй кешенінің маңында жылдар бойы бос жатқан учаске абаттандырылды.

Онда автотұрағы бар 12 қабатты көпфункционалды кешен салу жоспарланған болатын. Сол сияқты Айтматов көшесінің бойында көгалдандыру жұмысы қолға алынды. 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

«Шығыс» тұрғын үй кешенінің артындағы Бином мектебіне дейінгі көшелердің (Е-12 ,Е-14, Е-15, Е-32, Е–35) құрылысы аяқталды. Онда шаруашылық-тұрмыстық кәріз, нөсер кәрізі, су құбыры жабдықталған, жарықтандыру кабельдері ішінара төселген. Дегенмен шағынауданда жарықтандыру мәселесі әлі де бар – желілердің бәрі балансқа берілмеген. Біз оларды кезең-кезеңімен қаланың балансына қабылдаймыз. Көктемде көше құрылысы, аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, көгалдандыру және т. б. жұмысты жалғастырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.