Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев 71 жасында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz tengrinews-ке сілтеме жасап.
«13 қараша күні сағат 9:28-де жүрегі тоқтады (асистолия). 23 минут ішінде реанимациялық іс-шаралар өткізілгенімен, тиімсіз болып шықты», – делінген Алматы Орталық клиникалық ауруханасының хабарламасында.
Болат Назарбаевтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да растады.
«71-ге қараған шығында созылмалы аурудың салдарынан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Әбішұлы Назарбаев дүниеден озды», - деп жазды Айдос Үкібай әлеуметтік желідегі парақшасында.
Болат Назарбаев Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумын «механик» мамандығы бойынша және Қарағандыдағы заң институтын «құқықтану, заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Шамалған совхозында механик, директордың орынбасары болып жұмыс істеді, ұсақ мал терісін сату саласында кәсіпкерлік қызмет атқарды, «Инкар Агро» ЖШС вице-президенті болған.
2016 жылы Назарбаев «Салиқалы ұрпақ» қайырымдылық ұйымын құрды.
2022 жылдың шілдесінде БАҚ-та Болат Назарбаевтың ауруханаішілік пневмония, тромбоз және қант диабетімен асқынған көмей обыры дертіне шалдыққаны жөнінде ақпарат тарады.
4 қарашада БАҚ Болат Назарбаевтың ауыр жағдайда жатқаны туралы жазды. Ақпараттарда экс-президенттің інісі инфарктпен ауруханаға жатқызылғаны, жағдайы ауыр және тұрақсыз екені айтылған болатын.
Болат Назарбаев 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Шамалған ауылында дүниеге келген.