Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы сот процесі аяқталды. Қаланың бұрынғы прокуроры Мақсат Қожабаевқа үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Кәсіпкер де сотта болды. Зәкір Ғұламов шенеунікке пара беруге көмектесті деп айыпталып отыр. Сот үкімімен Қожабаев 5 жыл 6 ай, Ғұламов 5 жыл 1 ай түрмеде отырады. Сондай-ақ судья бұрынғы прокурорды мемлекеттік наградаларынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторларда лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
«Сот Қожабаев пен Ғұламовты кінәлі деп тапты. Сот үкімімен Қожабаев 5 жыл 6 айға, Ғұламов 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушылардың кінәсі куәлердің айғақтарымен және сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен дәлелденді», – деді үкімді оқыған Самиддин Теміралиев.
Мақсат Қожабаев 2018 жылдың тамызынан 2021 жылдың шілдесіне дейін Шымкент қаласының прокуроры қызметін атқарған. Бұрынғы жоғары лауазымды құқық қорғау қызметкерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері осы жылдың қаңтар айында ұстаған болатын.
Сот үкімі шыққаннан кейін сотталушылар сұхбат беруден бас тартты. Туыстары өз кезегінде сот залында жанжал шығарды. Олар журналистерге шабуыл жасап, сыртқа итеріп шығарып жіберді.