Жоба арқылы оқығысы немесе ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алғысы келетін кез келген азаматқа қаланың адам көп жиналатын орындарында орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде тегін кеңес беріледі.
JOLTAP жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнімді жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсырмаларын орындау, әлеуметтік реформаларды тиімді жүзеге асыру мақсатын көздейді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек мамыр айында қоғамдық тамақтану, құрылыс, көлік, қызмет көрсету және тағы басқа саланың өкілдерімен кездескенде елорда тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылатынын мәлімдеген болатын.
«Бұл жоба әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерін жүзеге асыруда маңызға ие. Яғни, Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік реформалардың бірі ретінде дамиды. Бастаманың нәтижелі болуына нақты қадам жасалып жатыр. Жобаға қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салаларындағы ірі бизнес өкілдері мен сала көшбасшылары жұмылдырылды. Олардың ішінде BI Group, Magnum, Marwin, Shaurma Food және тағы басқалар бар», – дейді Астана қаласының қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
«Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының хабарлауынша, JOLTAP жобасы аясында бүгінге дейін 3 200 азаматқа кеңес берілген. Қала тұрғындары мемлекеттік қолдау шаралары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы көбірек ақпарат алған. Астана әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобаға «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен құрылған тиімді жүйе ретінде танылып отыр.
JOLTAP жобасы аясында табысын арттыруға мұқтаж азаматтарды белсенді түрде анықтау мақсатында және оларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беру үшін Астана қаласында 10 модульдік пункт ашылды. Модульдік пункттер демалыссыз күн сайын сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Модульдік пункттердің консультанттары тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, әлеуметтік көмек және еңбекпен қамту сұрақтары бойынша жан-жақты ақпарат береді. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша 3 200 адамға кеңес берілді. Олардың 870-і әлеуметтік осал топтарға жатады. Сонымен қатар JOLTAP жобасы аясында бизнес ашу үшін грант пен микроқаржыландыру бағдарламарына қатысуға 720 адам өтінім жасаған. Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, қала әкімдігінің бұл бастамасы модульдік пунктерде қолжетімді кеңес берумен өте тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Қаланың кез келген тұрғынына өмірлік жағдайларына байланысты табысты арттыру үшін мүмкіндіктер мен шаралар туралы кешенді түрде кеңес беріп, нақты жоспарлар құруына көмектесіп, пайдалы ақпаратты түсіндіріп беру арқылы халықтың ынтасын арттырып отыр.
Жобаның тағы бір артықшылығы, жұмыссыз жүрген азаматтарға жұмысшы мамандықтары бойынша еңбекпен қамтудың қосымша мүмкіндігін беру үшін JUMYS TAP Telegram-ботын қосқанын айтуға болады. Бот мақсатты салаларда (қызметтер, сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс) қаланың өзекті бос жұмыс орындарын қамтиды. Бот толығымен тегін, әрі қолдану үшін оңай. Оның арқасында жұмыс берушілер мен үміткерлер делдалдарсыз тікелей байланыса алады. Сонымен қатар азаматтар жұмыспен қамту бойынша тікелей көмек алу үшін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункт- теріне жүгіне алады.
– JOLTAP жобасы аясында қала тұрғындары екі қысқамерзімді оқу бағдарламары бойынша дағдылар ала алады. Бірінші бағдарлама арқылы азаматтар сауда, құрылыс, қызметтер салаларында сатушы-кассир, тігінші сияқты жұмысшы мамандықтарына оқи алады. Оқу бағдарламасы бизнес көшбасшыларының талаптары мен стандарттарына сай құрастырылған, – дейді жобаны ұйымдастырушылар.
Ал «Freelance Мүмкіндік» атты екінші бағдарлама қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарға үйретеді. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 500 азаматты 7 өзекті мамандық бойынша үйрету жоспарлануда. Таңдау үшін оларға жеті цифрлық мамандық ұсынылды: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс маманы, мобилограф, графикалық дизайнер және уеб-дизайнер (сайттарды әзірлеу). Белгілі болғандай, қазірдің өзінде модульдік пункттер арқылы 2 мыңнан астам азамат цифрлық мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытуға жазылды. Қала тұрғындары арасында жоғары сұраныс байқалуда, тіпті 35 жастан асқан азаматтар да өзекті мамандықты үйренуге ынта танытуда. Түлектер арасындағы сұрастыру нәтижесінде жартысы ресми түрде жұмысқа тұруға немесе фриланс бойынша тапсырыстар алуға дайын екенін айтқан. Жобаға қатысуға өтініш берген азаматтардың 10%-ы өз ісін ашпақшы, ал 22%-ы әрі қарай оқуын жалғастырғысы келді дейді жоба авторлары. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үш жылдың ішінде жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша 10 мың адамды оқыту жоспарлануда.
«Мен мобилография курсында оқимын. Оқыту тегін әрі сабақтар жайлы кабинеттерде және студияларда өтеді, онда біз фотосессияларға қатысамыз және білімімізді тәжірибе жүзінде қолданамыз. Бізге видеоларды монтаждау және әртүрлі эффектілерді қолдану үйретілді. Бұл оқуды өте жақсы көремін. Өзім риэлтормын, әлеуметтік желілерде өз қызметтерімді таныстыру үшін мобилография қажет. Бірақ менің ойымша, бұл курс өте пайдалы болады. Кейбір әйелдер тіпті балалармен сабаққа келеді, сол сияқты жақында зейнетке шыққандар да арамызда бар», – деп өз пікірін білдірді оқушылардың бірі Наталья Губарь.
– Жоба іске қосылғалы бері қала тұрғындары арасында өзінің қалауымен мамандық таңдап, білімін жетілдіріп, жұмысқа орналасып жатқандар қатары да көп, – дейді жоба авторлары. Ал Астана қаласы әкімдігі JOLTAP жобасы арқылы қаладағы жұмыссыздық проблемасын шешуде жақсы мүмкіндіктерге жол ашылады деп отыр.
JOLTAP жобасының баспасөз қызметі «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде азаматтар келесі мекенжайлар бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алып, оқуға жазыла алатынын хабарлады: Ailand ОДО, Қорғалжын тасжолы, 2; Magnum супермаркеті, Еділ көшесі, 26; «Жастар» сарайы, Республика даңғылы, 34; «Тұлпар» СО, Ш.Уәлиханов көшесі, 24; Euromall СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 24; «Встреча» СҮ, Абылай хан даңғылы, 31; Mechta СҮ, Сығанақ көшесі, 3; «Азия парк» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21; «Саянұр» базары, Тілендиев даңғылы, 24/5; «Big Шанхай» базары, Алаш тасжолы, 32а.
Т.МҰҚАНАТТЕГІ