Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов аламан айтыстың ашылу салтанатында сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамы мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударды.
«Биылғы «Алтын домбыра» ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. «Еңбек – ел ырысы» деп отырмыз. Себебі берекенің бастауы – еңбекте. Ал оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары. Осы ретте Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағыландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді», – деді Е.Қошанов.
Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамын және ақындар қауымын таныстыра келіп:
«Айтыс – ұрпақтан ұрпаққа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрінде еңбек адамының қадір-қасиетін, олардың қоғамдағы айрықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді.
Айта кетейік, екі күнге созылған аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетті.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, партия алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсете беретінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып келеді. Есілдің жағасында екі күн бойы ерекше өнер көрсеткен ақындарымыз да еңбек адамының абыройын асқақтатып, олардың ел дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесін жырға қосты. Елді көркейтетін – еңбек. Айтыс деп аталатын асыл өнеріміз төрден түспесін», – деді ол.
Реті келгенде қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қазылар құрамы әдептен озбай, ардан аттамай, әділ шешім қабылдағанын айтты.
«Үндемесем өзіме өзім төре, сөйлеп кетсем өзіме сөзім төре» дейді қазақ халқы. Сол сөзге бүгін әділ бағасын берген қазылар алқасының ары таза деген ойдамын. Күміс көмейінен жақұттай жыр төккен ақындарымызға шалқар шабыт тілеймін. Ұлттық өнеріміздің беделі биік, абыройы асқақ болғай», – деді Ә.Беркенова.
Осылайша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті.
Сондай-ақ жамбылдық Алина Айдаралы, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мирланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді.
Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сыяпат табысталды.
Берік БЕК