Әуелгіде ұлттық валютаны «алтын», «сом», «ақша» деп атау жайында ұсыныс болған, кейін көпшілік мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежанов ұсынған теңге сөзіне тоқтайды. Ұлттық валютамызды шығару жас, тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды, айтулы оқиғалардың бірі еді. Десе де, теңдікке енді ғана қолы жеткен ел үшін өз теңгесін әзірлеу ісі оңайға түспегені анық.
Жалпы, төл теңгеміз өзінің 30 жылдық ғұмырында төрт бірдей девальвацияны басынан өткергені туралы ресми түрде мойындалған. Алғашқы құнсыздану 1999 жылы сәуір айында тіркелді. Еркін айналымға жіберілген ақша бағамы америка валютасына қарағанда 85 теңгеден 150-160 теңгеге бірақ қарғыған болатын. Екінші девальвация араға он жыл салып 2009 жылы 4 ақпанда, үшіншісі – 2014 жылы 11 ақпанда, төртінші рет – 2015 жылы тамызда болды. Сол жылы рубль бағамы күрт төмендеп, қазақстандықтар жаппай тауар, көлік алуға Ресейге ағылған. Мамандар осы төрт бірдей құнсызданудың әрқайсында ұлттық валютамыз орта есеппен 47%-ға арзандап отырғанын айтады. Одан кейінгі COVID–19 әлемдік пандемия салдары мен Ресей–Украйна қақтығысы да төл валютамызға кері әсерін тигізгені анық. Дегенмен осындай күрделі ахуалға қарамастан Ұлттық банк ұстанған саясат пен тұрақты қадағалау оң нәтижесін беріп келе жатыр.
Биыл қазақтың төл ақшасы – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл. Осы 30 жыл ішінде Ұлттық банктің басшылары да 12 рет ауысыпты. Оның ішінде екі рет төрағалыққа келгендер бар. Сонымен ең алғақшы төрағасы Ғалым Байназаровтан (1992 жыл қаңтар – 1993 жыл желтоқсан) бастап, Дәулет Сембаев (1994 жыл қаңтар – 1996 жыл қаңтар), Ораз Жандосов (1996 жыл қаңтар – 1998 жыл ақпан), Қадыржан Дамитов (1998 жылы ақпан – 1999 жыл қазан), Григорий Марченко (1999 жыл қазан – 2004 жыл қаңтар), Әнуар Сәйденов (2004 жыл қаңтар – 2009 жыл наурыз), Григорий Марченко (2009 жыл қаңтар – 2013 жыл қазан), Қайрат Келімбетов (2013 жыл қазан – 2015 жыл қараша), Данияр Ақышев (2015 жыл қараша – 2019 жыл ақпан), Ерболат Досаев (2019 жыл ақпан – 2022 жыл қаңтар), Ғалымжан Пірметов (2022 жыл ақпан – 2023 жыл қыркүйек) болып жалғасты. Қазіргі басшысы Тимур Сүлейменов 2023 жылдың 4 қыркүйегінде тағайындалды.
«Тар жол, тайғақ кешу»
Тарихи шегініс. КСРО құлап, одақ құрамындағы республикалар өз алдына тарап кеткен соң Қазақстанның алдында үлкен мәселе тұрды. Ресейдің жаңа рублі аймағанда қалу керек пе, әлде өз валютасын шығару керек пе? Біріншісін таңдасаң, экономикалық тұрғыда тәуелді боласың, екінші таңдауға тәуекел қажет. Өйткені бір орталықтан басқарылып, ортақ жүйеге бағындырылып құрылған экономика күн өткен сайын кері кетіп жатты. Қазақстандағы инфляция деңгейінің көтерілгені сонша 1992 жылдың соңында гиперинфляция көрсеткіші 3000%-ды құраған. Тауарлар мен қызмет бағасы 50 есеге дейін шарықтап шыға келді. «Біз ұлттық валютасыз экономиканы мынандай ауыртпашылықтан шығара алмайтынына көзіміз жетті. Міне, осыған байланысты Президенттің тапсырмасынсыз, өзіміз осыған қамдана бастадық. Ол кезде елдің Орталық банкі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне бағынатын», – дейді Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров.
Айта кетейік, 1990 жылы 7 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР банкі қызмету туралы» заңды, кейіннен 1991 жылы 20 маусымда «Ұлттық Мемлекеттік банк туралы» қаулыны қабылдап үлгерген болатын.
Құрдымға кетіп бара жатқан экономиканы құтқару үшін жедел қимылдар көрсету қажет еді. Сол кездегі Қазақ КСР Ұлттық банкінің алдында үш бірдей үлкен міндет тұрды. Біріншіден – экономиканың негізгі салаларындағы ірі даму ошақтарын сақтап қалу үшін шұғыл әрекеттер жасау.
Екіншіден – Банк жүйесін аса қысқа мерзімде реформалау – Дербес банк жүйесін құру. Үшіншіден – ұлттық валютаны әзірлеп, айналымға енгізу. «1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес егемендік туралы декларацияны қабылдады. Бұрынғы Қазақ ССР Республикасы, Қазақстан болып аталды. Осындай тарихи романтикалық зор мәселелер кезінде банк басшылығына келдім, ол кезде бір қырықтың ішіндегі жас жігіттер болатынбыз. Көңіліміз көтеріңкі, кез келген күрделі іске дайын едік», – деп еске алады Ғ.Байназаров.
Кеңестік одақтың құрсауынан босаған республикалар бірінен соң бірі өз валютасын дайындауды бастап кеткен болатын. 1991 жылы Литва, Эстония, Беларусь, Украина рубль аймағынан шықты. 1992 жылы Латвия, Әзербайжан, Молдова, Өзбекстан өз валютасын енгізді. Тек Қазақстан тарапы асыға қойған жоқ еді.
«Сол кезде С.Терещенко бастаған Үкімет мүшелері Мәскеуге жиі барып жүрді де, «біз Ресей рублі аймағында қалатын болып келістік» деп мәлімдеді. Бірнеше рет келісімшарт та жасалды», – дейді Ғалым Байназаров. Ақыр аяғында 1993 жылдың басында рубль аймағынан шығатынын Грузия мен Қырғызстан, 26 шілдеде Ресей мәлімдеген. 1961 жылдан бері қолданыста келе жатқан КСРО ақшасы Қазақстан, Армения және Тәжікстан аумағында ғана жарамды болып қалды. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бүкіл одақтың жарамсыз сабан ақшасы Қазақстанға ағылады. «Ресей жоғарыда айтылған рубль аймағынан бірге шығамыз деген келісімдерге қарамай өздерінің жаңа рубльдерін енгізіп жібереді де Қазақстан ең соңында қалды»,– дейді ол.
Дегенмен осы оқиғалармен қатар, аса құпия түрде ұлттық валютаны әзірлеу жұмыстары да жүріп жатқан. 1992 жылдың көктемінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу мүмкіндігін зерттейтін жасырын комиссия құрды. Бұл жұмыс жұмбақ жағдайда жүргені сонша ол жайында жеті-ақ адам білген. «Комиссия құрамына Президент Назарбаевтың өзі, вице-президент Ерік Асанбаев, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин, Жоғарғы Кеңестің Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Сауық Тәкежанов, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы ретінде мен болдым және орынбасарларым Мирсұлтан Тұрсынов пен Есет Қожамұратов енді. Банк тарапынан валюта әзірлеу жұмысы бізге жүктелді. Жоғарғы Кеңестегі С.Әбділдин, С.Тәкежановтармен үнемі кеңесіп, заңдылық жағын сұрап отырдық», – дейді Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғ.Байназаров.
Қазақстанға жедел әрі батыл түрде экономикалық реформаларды іске асыру керек болды және оны ақша-несие саясатынан бастау қажет еді. Жұмыс тобына қоса құпия жағдайда жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Белгілі суретші, дизайнерлер Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Хайролла Ғабжәлелов және Ағымсалы Дүзелханов Алматы қаласының сыртындағы саяжайда екі жарым ай жатып, ұлттық валюта дизайнын жасап шықты.
«Теңге жобасын» әзірлеуші комиссия бірнеше елдің ақша шығару тәжірибесін зерделей келе Ұлыбританияның «Харисон және оның ұлдары» банкнот фабрикасы таңдалады. Осылайша, алғашқы теңгені Harrison&sons компаниясы Лондонда басып шығарды. Өз елінде банкноттық фабрикасы жоқ, әрі ақша басып шығару саласынан тәжрибесі аз Қазақстанның ұлттық валюта енгізудегі батыл қадамын шетел сарапшылары үлкен тәуекел мен ерлікке балап жатты. «Бір маңызды мәселені атап өту керек. Сол жылдары Ұлыбританияда жүрген қандастар да Қазақстаннан барған мамандарға қол ұшын созып, жәрдемдескен. Аз ба, көп пе ондай көмектер де осындай мерейтой қарсаңындай айтылуы тиіс»,– дейді экономист М.Халық.
Ендігі мәселе теңгені елге жеткізу еді. Ең алдымен Лондоннан құпия түрде тасымалдау үшін Қазақстанның ұшағы болуы тиіс-тін. Өкіншке қарай, ол уақытта шетелге сапар, жүк тасымалы тек Мәскеу арқылы және ресейлік ұшақтармен жасалынатын. «Ағылшын тілін білетін, командирі қазақ ұшақ экпажын табу қиын болды. Бәрі де орыс ұлтынан еді. Амал жоқ ресейлік «ИЛ-76» ұшағын жалдап, арнайы контейнерлерге салынған банкноттарды тасыдық, сенсеңіздер жүк көлемі 18 рейс болды», – деп еске алады Ғ.Байназаров. Құпия жағдайда Лондоннан жөнелтілген жүк кедендік тексеруге жатпайтын «құпия үкімет жүгі» санатына жатқызылды.
Алайда төл теңгеміз 1993 жылдың сәуір айында елге жеткізілгенімен қолданысқа бірден ене алған жоқ. Құпия түрде Тараз бен Солтүстік Қазақстандағы қоймада жатты. Осындай айнымалы оқиғалар жылдам жүзеге асып жатқан шақта 1993 жылдың күзінде Ресей үкіметі Қазақстанға өзгеше шарт қояды. Яғни, Ресейдің жаңа рубль аймағында болу үшін Қазақстан өз алтын-валюта қорын басқаруды Мәскеудің қолына беруі тиіс еді. Бір жағынан Ресейдің осы өктем шарты жалтақтап отырған республика үкіметінің жылдам шешім қабылдауына түрткі болғандай. Ақыр аяғында 1993 жылы 12 қарашада тұңғыш Президент ұлттық валюта – теңгені айналымға енгізу туралы Жарлыққа қол қояды. Дәл сол күні Н.Назарбаев мемлекеттік телеарна арқылы Қазақстан халқына үндеу жолдап, ұлттық валютаны таныстырды.
Ескі үлгідегі ақшаны Қазақстанның төл валютасына айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталды және үш күн бойы рубль мен теңге параллелді жұмыс істеді. 1993 жылдың 18 қарашасынан бастап ұлттық валюта – теңге Қазақстан аумағындағы жалғыз заңды төлем құралы мәртебесіне ие болды. Нәтижесінде, айналымнан 950,6 млрд рубль алынып, оның орнын төл теңгеміз басты. Теңгенің ең алғашқы Ұлттық банк бекіткен бағамы бір долларға 4,69 теңге болды. Десек те, төл валюта айналымға енгізілген күннен бастап жылдам құлдырай бастады. Мамандар оның себебін әуелден айырбас бағамы дұрыс болмады деп түсіндіреді. Соған сай, теңге бағамының құлдырауы алғашқы екі жылда рекордтық – тарихи максимум көрсеткішке жетті. Ұлттық валюта 1995 жылдың соңында 11,6 есе төмендеді (1158,4%).
Күллі қазақтың мақтанышына айналған теңгенің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтаулы тұр. 1995 жылдың мамыр айында Қазақстанның тұңғыш банкнот фабрикасы ашылды. Қажетті жабдықтар мен заманауи технологияның арқасында теңгені өз елімізде шығруға мүмкіндік туды. Арада үш жыл өткенде, 1998 жылы Монета сарайы ашылды. 2006 жылы ұлттық валютамыздың дизайны жаңартылып, теңге арқылы еліміздің тарихи және қазіргі заманғы көрікті жерлерін насихаттау тұжырымдамасы негізге алынды.
Теңге тарихи қызметін атқарып келеді
Бүгінде теңгенің бағамын нарық реттеп отыр. Ел экономикасы өсіп, ішкі жалпы өнім ұлғайғалы бері теңге тұрақты, әрі сенімді валюта ретінде жұртшылық назарын аудара бастады. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, қазір теңге өзінің функциясын атқарып келе жатыр деп айтуға негіз бар.
«Бір кездердегі бүкіл тұрғын үйдің, жылжымайтын мүліктің, көліктің бағасының бәрін біз доллармен белгілеп, доллармен қойып жататынбыз. Қазіргі уақытта қарасақ, оның барлығын біз теңгемен өлшейміз. Сондықтан төл теңгеміздің бүкіл экономикалық жүйеде, тұтас бір өзінің рөлі бар деп атап өту керекпіз», – дейді ол.
Қазір теңге көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елдерінде еуро, доллармен бірге айналымда жүр. Яғни, ол елдерде теңгені сатып алуға құқық бар, бұл қазақ валютасына деген сұраныстың дәлелі болса керек. Сондай-ақ төл теңгеміздің цифрлы нұсқасын шығару қолға алынып отыр.
«Цифрлы теңгені шығаруды өз басым тарихи оқиға деп білемін. Ресей ол туралы енді ойлана бастады. Қазір әлемде Блок чейндж технологиясы үстемдік құра бастады, бұл – заман талабы. Енді тек цифрлы теңгенің құпиялылығын, хакерлік шабуылдарға қарсы тұра алатын қабілетін, қауіпсіздік мәселесін реттеуміз қажет», – дейді Мақсат Халық.
Жалпы, ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсіміне және шетел валютасына қатынасына қарай белгіленіп отыратыны айқын. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,1%-ға нығайды. Алтын-валюта резервтері 2 млрд долларға ұлғайып, 34 млрд долларды құрады. 2023 жылдың 10 айында Ұлттық қорда 1,83 млрд АҚШ доллары көлемінде оң инвестициялық табыс қалыптасып, валюталық активтердің көлемі 56,3 млрд доллар болды.
Теңге – тәуелсіздік тірегі, экономикалық дербестіктің кепілі. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Біздің теңгеміз 30 жыл ішінде өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шықты және өз құндылығын әлі де дәлелдей бермек.
Ғалым БАЙНАЗАР,
Ұлттық банктің экс-төрағасы:
Теңгесіз біздің экономика басқарылмайды. Сондықтан экономикадағы ең басқару құрал, тірі құрал ол – теңге. Теңгеде мемлекеттік саясат, экономикалық саясат, ұлттық саясат жатыр. Біз төл валютамыздан ешқашан айырылмауымыз керек. Ұлттық банк ақша-несие саясатымен айналысып, алтын-резерв қорын жинақтасын. Екінші деңгейлі банктердің жұмысын қадағалап, экономиканы қаржылындыру керек. Мемлекеттік активтерді, алтынды халықтың табысымен байланыстыра жұмыс істеуі қажет.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист:
Бізде көбінесе Ұлттық банктен сұралып жатады, Ұлттық банкке нақты талап қойылып жатады. «Инфляциямен неге күреспей жатырсыңдар?» деген сияқты. Бірақ бұл жерде Үкіметтің мойнында да үлкен жауапкершілік бар. Ол Үкіметтің үлкен индустриалды бағдарламаларымен байланысты. Егер елімізді өзіміз тауар өндіретін болсақ, егер елімізде импорттық тауарлардың орнын алмастыратындай қарапайым заттар өндірілетін болса, мұның барлығы түптеп келген кезде теңгеміздің құнды болуына өзінің септігін тигізеді. Халықтың табысы да жыл сайын өсе түседі.
Бауыржан БАЗАР