Кәсіподақ ұйымдары еңбеккерлерді қорғаудың тиімді тетігі бола алды ма? Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар қандай стратегияны таңдайды? Еңбеккерлердің мүдделерін қорғау неге қоғам назарынан тыс қалып қойып жатады? Таяуда осы және басқа да сұрақтардың жауабын берген зерттеу қорытындысы жарық көрді. Бірден айтарымыз: ахуал көңіл көншітпейді.
Ортақ талап – жалақыны көтеру
Иә, рас, жоғарыдағы сұрақтардың нобайына «жоқ» деп жауап беруге болады. Оны Роза Люксембург қорының қолдауымен зерттеу жүргізген Eurasian Center for People Management (ECPM) орталығының өкілдері де растап отыр. «Қоғамдық қабылдау призмасымен қарағанда еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі мен тиімділігі» деп аталатын бұл зерттеуді пилоттық жоба деуге болады. Өйткені елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. ECPM өкілдері жұртшылықтың кәсіподақтарға деген көзқарасын анықтауды және алдағы уақытта еңбек құқықтарын қорғауда Қазақстандағы кәсіподақтардың рөлі мен функциялары туралы қоғамдық пікірталасқа бастамашылық етуді мақсат етіп қойыпты. Зерттеу жұмыстары екі бөлімнен тұрған. Олар – сауалнама жүргізу және сарапшылардың пікірін жинақтау. Жұмыстар өңірлер мен салалар бойынша жүргізілген. Соның ішінде Алматы қаласы мен Маңғыстау облысына басымдық берілген. Ал салалар: бюджет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және платформалық экономика (яки, жұмыс берушіні тікелей көрмейтін, платформалық қосымша арқылы қызмет ететін такси жүргізушілері, курьерлер және т.б.) болды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, ел халқының үштен бірі, яки экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2%-ы жалдамалы жұмысшы ретінде жұмыс істейді. Осы 7 миллионға жуық қызметкердің әрқайсысы еңбек құқықтарының бұзылуына тап болуы әбден мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының өндірістік жарақаттардың жаһандық рейтингінде Қазақстан 100 мың қызметкерге шаққандағы өндірістік жарақаттар саны бойынша 83 орынның ішінде 14-ші боп тұр.
«Біздің елімізде жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Соңғы үш жылда тіркелген ереуілдер санының қарқынды өсуі қызметкерлердің еңбек жағдайларына және еңбекақыға қанағаттанбайтынын көрсетеді. Барлық ереуілшілерге ортақ наразылық талабы – жалақыны көтеру. Бұл тұрғыда, жалақыны индекстеу еңбек шартына енгізілген жағдайда ғана ресми түрде еңбек қақтығысы болып танылады. Басқа жағдайларда еңбек құқықтары бұзылды деп есептелмейді. Өйткені жалақыны көтеру талабы еңбек шартының шеңберінен тыс боп саналады. Алайда сарапшылар да, сауалнамаға қатысушылар да еңбек шартында көрсетілмесе де, инфляция мен қымбатшылық жағдайында жалақыны көтеру мәселесі еңбек құқықтарына қатысты болуы тиіс деп санайды. Одан бөлек, еңбек құқықтарын қорғаудың себептері ретінде нашар еңбек жағдайы, қауіпсіздік техникасының сақталмауы, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек шартында көзделмеген тән емес функцияларды орындауға мәжбүрлеу жайттары аталып отыр», – дейді ECPM бас директоры Ербол Исмаилов.
Басым стратегия – көну әлде кету
Жоба жетекшілері бұл мәселе өзекті және өткір тұрғанына қарамастан еңбек құқықтарын қорғау мәселесі қоғамдық назардан тыс қалып отыр деп алаңдайды. Айтуларынша, проблема тек рефлексивті түрде ғана жария етіледі екен, яки тек резонанстық оқиғалар туындаған кезде күн тәртібіне шығады. Ерекше жағдайларда ғана, көп ретте саяси реңкке ие жағдайларда ақпараттық толқын туындап, кейін басылып қалады екен. Бұл бір жағы бүкіл ел бойынша қалыптасқан ахуалды түсінуде елеулі қиындықтар туындатып отыр.
«Еңбек құқы бұзылған қазақстандықтар көп ретте екі жолды таңдайды. Ол конформизм, яки үнсіз көну стратегиясы немесе жұмыстан шығып кету. Өз құқықтарын ашық қорғау жолын таңдайтындардың үлесі аз. Конформизм стратегиясын таңдаудың негізі себебі – жұмыссыз қалудан қорқу. Өйткені жұмыс орындары тапшылығы сақталып отыр. Ал жұмыстан шығып кету жағдайында керісінше, басқа компанияларға жұмысқа тез орналасуға деген сенімі барлар еңбек шартын тоқтатады екен. Зерттеу барысында «белгілі бір мінез-құлық стратегиясын таңдау экономика секторына байланысты» деген гипотеза расталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау ісінде белсенділіктері төмен. Ондағы жұмыс көбіне маусымдық болғандықтан, олар конформизм стратегиясына бейімдеу келеді. Сотқа жүгіну қадамына сенімсіздікпен қарайды. Ал платформалық экономика секторында еңбек құқықтарын қорғаудың тұрақты алгоритмдері қалыптаспаған. Бір жағы бұл кейін пайда болған сала болғандықтан, мұнда классикалық түсінік тұрғысынан алғандағы еңбек шарты жоқ. Оған керісінше, өндірістік сектор қызметкерлері еңбек құқықтарын қорғауда жоғары деңгей көрсетіп отыр. Оларға өз құқықтарынан көбірек хабардар болу, әріптестерімен жоғары деңгейде ынтымақтастық, кәсіподақтарға деген сенімділік тән. Ал бюджеттік сектор өкілдерінің елеулі үлесі өздеріне тиесілі еңбек құқықтарынан хабардар емес екенін көрсетті. Көптеген адамның еңбек құқы туралы түсінігі 8 сағаттық жұмыс күні және демалыстың болуымен ғана шектеледі. Тіпті, кейбір қатысушылар еңбек шартына қол қоймағандарын да айтты. Бұл сала өкілдері де конформизмге, яки көнбістікке бейім», – дейді ECPM бас директорының орынбасары, техника ғылымдарының докторы Леся Каратаева.
Осы сипаттамаларына сай кәсіподақ институтының осы салаларда сұранысқа ие болу-болмау себептерін де түсінуге болады. Агросекторда ірі тұрақты еңбек ұжымдары жоқ, жұмыс уақытша. Өнеркәсіптік-өндірістік секторда кәсіподақтарға деген көзқарас біркелкі емес. Бюджеттегілер кәсіподаққа автоматты түрде кіреді және одан мерекелерге берілетін сыйлықтардан басқа ештеңе күтпейді.
Ал өңірлер бойынша келер болсақ, Маңғыстау облысында өнеркәсіп секторындағы жалдамалы еңбектің үлесі жоғары және еңбек наразылығының белсенділігі тән. Олар өздерінің еңбек құқықтарының ашық қорғалу перспективаларына анағұрлым оптимистік көзқараспен қарайды. Медиация қызметтерін белсенді пайдаланады, келісім комиссияларына жүгінеді және наразылық акцияларына батыл қатысады. Бұл мінез-құлық стратегиясын кем дегенде үш фактормен түсіндіруге болады. Бірінші – жұмыс берушімен сындарлы диалог жүргізуге ынталандыратын балама жұмыс орындары тапшы. Екінші – ереуіл қозғалысы нәтижелі жетістіктерге жетіп жүр. Үшінші – облыста ірі ұжымдары бар үлкен кәсіпорындар орналасқан.
Ал Алматы қаласында бюджеттік сектор мен ШОБ-гі жалдамалы еңбектің үлесі жоғары, қызмет көрсету саласында жұмыс орындары көп. Бұл ретте, бюджет секторында ауқымды еңбек қақтығыстары іс жүзінде жоқ деуге болады. Платформалық жұмыспен қамту секторында болса еңбек наразылығы арта түскен. Мәселен, 2022 жылы елімізде тіркелген платформалық экономика қызметкерлерінің алты наразылық акцияларының бесеуі Алматыда өткен. Маңғыстаумен салыстырғанда Алматы қаласы мен оның маңында жағдай басқашалау. Анағұрлым танымал стратегиялар – «конформизм» немесе «кетіп қалу» стратегиясы. Алматылықтар сондай-ақ сотқа жиірек жүгінеді. Бұл ерекшеліктер жұмысқа орналасу кеңістігінің анағұрлым ауқымды болғандығына, ірі ұжымдардың жоқтығына және ШОБ секторының басым болуына, сондай-ақ бюджет қызметкерлері үлесінің үлкендігіне байланысты.
Бәрін кәсіподаққа жаба берген дұрыс емес
Бірнеше сала мен өңірлерді қамтыған зерттеу қорытындысы осындай. Елімізде кәсіподақ институты үлкен тарихи потенциалына қарамастан дәрменсіз күй кешіп отыр. Оған себептер де жоқ емес. Соңғы отыз жылда экономикалық қатынастарға көбірек көңіл бөлген мемлекеттік билік бизнестің сойылын соғып, олардың жұмысына келетін кедергілерді барынша жоюға тырысқаны рас. Ал кәсіподақ туралы соңғы қабылданған заң оларды мүлдем байлап-матап тастады. Енді бүгінде олар өздерінің осы хәлі үшін сынға қалып отыр. Сондай айыптың бірі таяуда Қарағандыда болған қайғылы оқиға кезінде де айтылған болатын.
«Соңғы уақытта «кәсіподақтар қайда қарап отыр?!» деген айыптауларды жиі естиміз. Бұлайша бізді кінәлай берген дұрыс емес. Осы кезінде мемлекеттік техникалық қадағалау, яки «гостехнадзор» қызметін жауып тастап жатқан кезде мемлекет қайда болды, құқыққорғау органдары қайда болды? Енді бүгінде елімізде болып жатқан қайғылы оқиғаларға жұмыс берушілер кінәлі, қадағалаушы органдар кінәлі. Олар осы уақытқа дейін ірі жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының өрескел бұзылып жатқандығын айтуға қорқып келді. Ал заңнамаға кәсіподақ ұсынған нормаларды өткізу өте қиын. Өйткені заң шығаруға қатысы бар бұған дейінгі тұлғалардың көпшілігінің бизнесі бар, сондықтан олар кәсіподақтың мықты болғанын қалаған жоқ. Бүгінде елімізде техникалық қауіпсіздік мәселелерімен кәсіподақтардан басқа ешкім айналысып жатқан жоқ. Мен ең мықты ұжымдық келісім-шарт тек қана көмір өндірушілерде деп нық сеніммен мәлімдей аламын. Айтыңызшы, шахтерлер қаза болғанда 10 жыл өтемақы төлеу деген міндет қай кәсіпорында бар. Оған шахтерлердің «Қорғау» кәсіподағы ғана қол жеткізе алды», – дейді Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінекеев.
Оның айтуынша, кәсіподаққа көбірек өкілеттік берілуі тиіс. Әсіресе, оның техникалық инспекторларына өндіріс кешендерін аралауға мүмкіндік туғызу керек. Мемлекеттік инспекцияны әкімдіктерден алып Еңбек министрлігіне қайтару қажет. Сосын олардың санын арттыру керек. Олар – бар болғаны 270 адам. Егер Халықаралық еңбек ұйымының талабы бойынша 100 мың адамға бір инспектордан келу керек болса, бізде 26 000 адамға – бір инспектор ғана. Ендеше, еліміздегі еңбек қауіпсіздігі ахуалы осы бір цифрдан-ақ көрінсе керек.
Нұрлан ҚОСАЙ