Айтулы жыл аясында өткен аптада Корей мәдениетімен танысуға мүмкіндік туды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Тенгриада» қойылымы сахналанды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткен шараның мақсаты – екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Поэтикалық формада сахналанған «Тенгриада» қойылымы екі мемлекетті Ұлы Тенгридің ежелгі рухани күмбезінің астына біріктірді. Қойылымда алғашқы шайқастар, рухтар, бақсылар және өмір сүру үшін күрес тақырыбы көрініс табады. Театрсүйер көрермен «Тенгриада» арқылы тайпалар арасындағы жекпе-жек пен бидің ерекше үлгілеріне, адалдық пен махаббат дастанына куә болды.
Спектакльде кореялық Кан Тхэ Сик, ал сахналық жекпе-жекте Ким Джо Ель режиссерлік қызмет атқарды. Сценарисі – Ким Су Ми, балетмейсте-рі – әлемдік додаларда талантын паш етіп жүрген қазақстандық Анна Цой. Одан өзге театр сахнасында Кореяда кең танылған әнші Ли Сон Ель бой көрсетті. Сондай-ақ актерлік ұжымның құрамында театр артистері Руслан Абу, Олжас Сақ, Нариман Егимбеков, Ұлжан Оразаева, Алихан Карибаев, Гүлзада Иманғалиева және Республикалық мемлекеттік академиялық музыкалық-комедия театрының өнерпаздары бар.
– Мен жолбарыстар тайпасының басшысын сомдадым. Ол – өз тайпасына адал, халқын қорғау үшін күресетін хан. Қойылымның негізгі түйіні – екі ел бір-бірімен жауласпай, халқы тату-тәтті өмір сүруі тиіс. Менің кейіпкерім бір сөзінде: «Аюлар мен жолбарыстардың бір-біріне қарсы шығуы – жақсылық емес», – дейді. Бүгінде күллі әлем назарын аударып отырған қантөгістің түбі де жақсылыққа апармайтынын меңзейтіндей, өзекті мәселе. Дайындық кезінде аса қиын бола қойған жоқ. Режиссердің еңбегінің арқасында қойылым сәтті шықты деп ойлаймын, – дейді басты рөлдің бірін сомдаушы актер Олжас Сақ.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы