Аlash.online онлайн петиция сайтында Қазақстандағы вандализмге қарсы петиция жарияланды. Оның бастамашысы – Kaz Alpen Club қоғамдық бірлестігі.
KazAlpine Club қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Денис Лукьянчук Қазақстан халқына жолдау жасап, елді тарихи, табиғат ескерткіштері мен басқа да киелі нысандарға қасақана зиян келтірушілермен күресуге шақырды.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, егер халық үнсіз әрі әрекетсіз қалса, еліміздің ұлттық мұрасы ғана емес, адамзаттың тарихи мұрасы да жойылу алдында тұр. Ал бұған ешбір жан, елінің азаматы бейжай қарай алмайды және шетте қалмауы керек деп есептейді.
– Біз, Kaz Alpine Club қауымдастығының мүшелері әрқашан өз күшімізбен Алматы тауларында сенбілік өткіземіз. Сол кезде туристердің айналасын ластап, қоқсыққа толтырғаны былай тұрсын, ағаштарды кесіп, ақпараттық тақталарды шимайлап кетеді. Тіпті, құтқару үйлерін тонайды. Біле білсек, Президенттің өзі мемлекет пен құқық қорғау органдары вандализммен тиісті деңгейде күреспей жатқанын айтуда. Заң бар, бірақ оны билік те, халық та орындамайды. Сондықтан вандалдар өздерінің жазаланбайтынын біліп, ойына келгенін істейді. Осыны тоқтатуымыз керек, – дейді Денис Лукьянчук.
Оның айтуынша, биылдың өзінде 1 200-ден астам бұзақылық оқиғасы тіркелген.
– Шынын айтқанда, талай қорықтарда қабірлердің қирап жатқанын, петроглифтердің боялғанын көрдік. Тіпті, вандалдар айналадағы қарапайым ғана дүниелер: тұрғын үйлерді, саябақтардағы орындықтарды, көше шамдарын, аялдамалар мен автобустарды зақымдайды. Ал енді қараусыз қалғаны қаншама?! Мәселен, Ыбықты Сай шатқалы, Жұмбақтас жартастары, Тамғалы-Тас трассасы, Сарайшық елді мекені және басқа да көптеген нысан бар. Осының бәрінен біржақты қорытынды жасауымыз керек. Меніңше, дабыл қағатын кез келді! Өйткені оның жарқын бір мысалы ретінде Жетісу өңірінде диорит өндіруді айтуға болады. Талдықорған төңірегіндегі 30-дан астам сақ қорғаны халық арасында «Тасбақа» деп аталатын трактқа жол салу үшін қиратылған болатын. Сөйтіп, бұл ескерткіштер мәңгілікке жойылды, – деді ол.