Везувий жанартауының атқылауынан 79-шы жылы отты лаваның астында қалған ежелгі римдік Геркуланум қаласынан табылған папирустағы сөзді оқыған студентке қомақты сыйақы берілген. Бұл туралы ferra.expert сайты арнайы хабарлама жариялады. Aikyn.kz ежелгі мәтіндегі сөзді оқудың қиындығын түсіндіреді.
Неаполь шығанағының жағасында 2000 жыл бұрын гүлденген қалалар болған, 79 жылдың күзінде Везувийдің атқылауы кезінде жанартау ағындарының астында көміліп қалған Помпей мен Стабии сияқты Геркуланум тұрғындары да апаттан құтыла алмаған.
Алайда қала ғимараттары жақсы сақталған. Жанартау ағыны үйлердің ішін тығыз және біркелкі толтырып, ауаны өткізбегендіктен көптеген ғасырлар бойы органикалық материалдар (мата мен ағаш бұйымдар) шірімей жақсы сақталған. Кейбір үйлердің төбесі де құламаған, папирусқа жазылған жазбалар да жақсы күйде табылған.
Небраска-Линкольн университетінде оқитын бакалавриат студенті SpaceX компаниясында тағылымдамадан өтіп жүргенде сол Геркуланумның ежелгі жазбаларының бірінде жазылған сөзді оқыған. Ол үшін тапқыр студент NVIDIA GTX 1070 графикалық картасы мен ЖИ-ді пайдаланған.
Везувийдің атқылауынан күлге көмілген Геркуланум жазбалары зерттеушілерге ұзақ уақыт жұмбақ болып келеді.
Жазбаларды бұзып алмас үшін дәстүр бойынша рентген сәулелері қолданылады. Бірақ Геркуланум қағаздары көміртекті сиямен жазылғандықтан күйген беттерді кәдімгі рентген сәулелері арқылы ажырату қиын.
2019 жылы доктор Брент Селс және басқа зерттеушілер екі жазбаны бөлшектерді үдеткіш көмегімен рентгендік сканерлеу арқылы оқуға қол жеткізген еді. Биылғы жылы бұл рентгендік бейнені сиямен жазылған сөздерді анық табу үшін машиналық оқыту үлгісін пайдаланып өңделді.
Бумадағы сөздерді дәл табуға арнайы ақшалай сыйлық беретін Vesuvius Challenge бағдарламасына қатысқан студент Люк Фарритор сия таңбаларының орнын көрсететін ЖИ үлгісін үйрету үшін өзінің ескі GTX 1070 құрылғысын пайдаланады.
Сәтін салғанда оның GTX 1070-де дайындаған ЖИ гректің πορφυρας (немесе porphyras) сөзін анықтай алды.
Қазақша бұл сөз «қызылкүрең» деп аударылады. Студент тапқан мәтіндегі сөз «қызылкүрең» сын есімін немесе «қызылкүрең бояу» немесе «қызыкүрең киім» деген зат есімді білдіруі мүмкін деп болжануда. Осы жалғыз сөзді шешкені үшін Фарриторға 40 000 доллар сыйақы берілді.