"AMANAT" әйелдердің қоғамдағы рөлі мен мәртебесін көтеруді көздейді

Жиынға партия Хатшысы Шолпан Каринова арнайы қатысып, әйелдер қанаты жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.

Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында мегаполистің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүрген әйелдер қауымының активі өтті. Жиынға партия Хатшысы Шолпан Каринова арнайы қатысып, әйелдер қанаты жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.

 «Егемен еліміздің дамуы мен гүлденуіне қыз-келіншектер де лайықты үлес қосып келеді. Бүгінде саясатта, мемлекеттік басқаруда, кәсіпкерлік саласында әйелдердің мүмкіндігі кеңейгенін айта кеткен жөн. Біздің негізгі мақсатымыз – әйел мәртебесін көтеру, олардың ғылымдағы, қоғамдағы рөлін айқындау, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу. Сондай-ақ отбасы құндылықтарын дәріптеу, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету және басқа да бағыттарды қолға алуды көздейміз», – деді партия Хатшысы.

Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті. Инклюзивті мәдениет пен гендерлік теңдік қалыптастыру – «AMANAT» басымдықтарының бірі екенін, әйелдің қоғамдағы мәртебесін көтеруде партия жанынан құрылған әйелдер қанатының маңызы зор екеніне тоқталды. Ал филиалдың Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жиынға қатысушыларға жобаның мән-маңызын түсіндіріп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар, жиында партия жанындағы аймақтық экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің мүшесі, қалалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, қала әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі, қалалық «Іскер әйелдер» қауымдастығының құрылтайшысы Жанетта Жазықбаева және партия мүшесі Балмаржан Нарбекова сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Қаладағы білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік салалары мен үкіметтік емес ұйымдарда табысты қызмет етіп келе жатқан қыз-келіншектермен, көпбалалы аналармен өткен басқосу еркін пікір алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілек айтылды.

Келесі кезекте партия Хатшысы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген және адам саудасының құрбаны болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жыл басынан бері мұнда 300-ге жуық адам пана тапқан. Орталықта қызмет алушыларға психологиялық және әлеуметтік еңбек, құқықтық көмек сынды 8 түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мамандардың сүйемелдеуімен қысқа мерзімдік оқу курсынан өтіп, әрі қарай жұмыс істеуіне де мүмкіндік жасалған.