Ақтөбеде ауыл шаруашылығына бөлінген 970 миллион теңгені жымқырған

Аталған дерек бойынша 3 күдікті ұсталды.

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалында ірі қара мал сатып алу үшін несие қаражатын алу кезінде алаяқтық фактілері анықталды,деп хабарлайды Aikyn.kz Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тергеу барысында жалған құжаттарды пайдалана отырып, асылтұқымды ІҚМ сатып алуға бөлінген кредиттік қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, сондай-ақ бөгде тұлғаларға шаруа қожалықтарын ресімдеген 3 тұлға анықталды», – делінген агенттік хабарламасында.

Құқыққа қайшы әрекеттері арқылы олар мемлекетке жалпы сомасы 970 млн теңге болатын аса ірі мөлшерде залал келтірген.

«Қазіргі уақытта 3 күдікті ұсталды, оларға қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды. Күдіктілердің шамамен 260 млн теңгеге жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды», – делінген ақпаратта.

ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібімен тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.