Ұлттық банк Қазақстан қаржыгерлерінің XI конгресінде ұлттық валюта банкноттарының жаңа сериясын таныстырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкнот осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады.
Халықаралық тәжірибе бойынша, банкноттардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады.
Осы орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау өте маңызды.
Жаңа банкноттар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына байланысты қабылдауға жатады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.
Банкноттарды айналымға қатар шығару және айырбастау тәртібі туралы:
- Жаңа дизайндағы банкноттар шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкнот айналымнан біртіндеп алына бастайды.
- Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың айналымда қатар жүру мерзімін 1 жыл деп белгілейді, ол қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.
- Айналымда параллель жүретін кезеңде ескі және жаңа банкнот заңды төлем құралы болып қала береді және төлемдер мен аударым кезінде қабылдануға міндетті. Олар Ұлттық банктің, "Қазпошта" АҚ мен ЕДБ барлық филиалдарында шектеусіз мөлшерде айырбасталады және ұсақталады.
- Айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң барлық банктер мен "Қазпошта" АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкнотқа – 3 жыл ішінде, ал Ұлттық банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастай береді.
- Банкноттардың айналымда параллель жүру мерзімі мен тәртібі туралы ақпарат қосымша жарияланады.