Махамбеттің 50 өлеңін жатқа білетін атыраулық оқушы көпті сүйсінтті

​Батырдай өр мінезді Айбын Нұрғиса Тілендиев атындағы өнер академиясының 9-сынып оқушысы.

​Айбын Өтемісов 9-сыныпта оқиды. Ол бала күнінен өлең-жыр жаттауға жақын болған.

"Әріп таныған сәтімнен бастап батырлар жырларын оқыдым. Үйде тұрған «Бес ғасыр жырлайды» кітабын қарап отырып, Махамбет Өтемісов деген есімге көзім түсті. «Тегі менімен бірдей екен, атам шығар» деп, оқып бастадым. Есейе келе батыр бабаның рухты жырларын құлшынып жаттадым. Қазір Махамбеттің​ 50 жырын жатқа білемін", – дейді Айбын Өтемісов.

Батырдай өр мінезді Айбын Нұрғиса Тілендиев атындағы өнер академиясының 9-сынып оқушысы. Осыған дейін туған жері – Махамбет мәңгілік дамыл тапқан Индер ауданында білім алған. Болашақта ел мүддесіне қызмет ететін журналист болуды мақсат етіп отыр. 

Дарынды оқушының жетістіктері өте көп. Соның ішінде аудандық, облыстық Әбіш оқуларынан І орын, республикалық «Абай жолы» көркемсөз оқушылар байқауынан ІІ орын, «Ұлы жеңіске тағзым» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауынан Бас жүлде, жуырда өткен «VІІ Абай оқулары» әдебиет сайысынан жүлделі ІІ орын алғанын атап өтуге болады.

 

​Баян Жанұзақова