Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында мерекеден кейін келетін демалыс күндері мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа шығуы туралы Президенттің Twitter-дегі жазбасына түсініктеме жариялады
Президенттің мерекеден кейін келетін демалыс күндері мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа шығуы туралы твитіне түсіндірме:
Мемлекеттік қызметшілердің демалыс және мейрам күндеріндегі жұмысы жөнінде Президент Қ.Тоқаевтың кешегі жазған жарияланымына байланысты менің атыма көптеген өтініш келіп түсіп жатыр. Бірнеше күнге созылатын мереке мен одан кейін келетін демалыстар кезіндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетсіздігі Мемлекет басшысының осы жазбасына себеп болды. Бүгінде еліміз көршілес мемлекеттердегі коронавирус індетінің таралу қаупімен, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлармен (қардың қалың болуы, су тасқыны) және басқа да қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын білесіздер. Мұның бәрі барлық мемлекеттік құрылымдардың шұғыл әрі жүйелі жұмыс істеуін талап етеді. Сондықтан Президент мемлекеттік қызметшілердің мерекелерден кейін келетін күні (дүйсенбі) жұмысқа шығуын орынды санайды. Бұл жерде Президент Әкімшілігі, Үкімет, министрліктер, Мемлекет басшысына тікелей бағынышты ведомстволар, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің қызметкерлері туралы сөз болып отыр. Осы ретте, Қазақстанның заңнамалары толық сақталуы тиіс. «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 32-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндері кезек күттірмейтін, алдына ала жоспарланбаған жұмыстарды орындау үшін мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа шақыруға болады. Еңбек кодексі бойынша, мемлекеттік қызметшілер өздерінің жазбаша келісімімен ғана жұмысқа шыға алады және олардың еңбегіне ақы төленуі тиіс. Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, демалыс, мереке күндері жұмысқа шыққан қызметкерге өз қалауы бойынша бір күндік демалыс беріледі немесе бір күндік еңбекақысы кемінде 1,5 есе көлемінде төленеді. Осылайша, Еңбек кодексінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік қызметшілерді мерекеден кейінгі демалыс күні де жұмысқа шақыруға болады. Жалпы, заңнама өзгермейді. Мемлекет басшысы ондай тапсырма берген жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа еңбек этикасын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметшілер мен еліміздің барлық азаматтарын еңбекқорлық пен жауапкершілік идеологиясын ілгерілетуге шақырғанын атап өткім келеді. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Президент Жамбыл облысында азаматтарымызды еңбекқорлық, табандылық, парасаттылықтың үлгісін көрсетуге шақырған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөздері, ең бірінші кезекте, мемлекеттік қызметшілерге бағытталғанына сенімдімін!