БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, күдікті белгіленбеген аймақта сауда жасағандарды анықтау бойынша жұмыс көрсеткіштерін қолдан көтермелеп көрсеткен.
"Қызмет бабын пайдалана отырып, ол үш кәсіпкерге қатысты жабайы сауда жасады деген айыппен әкімшілік істер рәсімдеген. Нақтысында кәсіпкерлердің қызмет түрі саудаға ешқандай қатысы жоқ. Сауда жүргізілмегендіктен, полиция қызметкері кәсіпкерлерді сырттай жауапкершілікке тартқан", – деп жазады "Мой город" басылымы.
БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар жойылып, полиция қызметкері жауапқа тартылды.
Орал қалалық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылды. Оған 1,5 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, сот оны үш жыл бойы құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырды. Сондай-ақ ол "полиция аға лейтенанты" арнайы атағынан айырылды.