БҚО-да жаңа мектеп ашылды

БҚО Казталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы мектеп 2019 жылы апатты деп танылып, күрделі жөндеуге жабылған болатын.

600 оқушыға арналған тарихи мектепте төрт жылға жуық жөндеу жұмысы жүрді.күні кеше жаңа, жарық, заманауи білім ошағы оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін есігін айқара ашты. 

Ескі мектеп ғимараты 2017 жылғы 18 сәуірдегі «ЖайықСтрой­Инжини­ринг» ЖШС-ның қорытындысы не­гізін­де «апатты жағдайда» деп танылған болатын, мектеп оқушылары 2022-2023 оқу жылында 10 жерде, биыл 5 жерге бөлініп, әбден шашырап қалып еді. Бұл ата-аналар тарапы­нан нара­зылық туғызғаны жасырын емес. Енді, міне ауданда көптен күткен қуаныш­ты сәт. Балалар мен ұстаздар өз ұясына оралып, мәре-сәре болуда. 

Мектептің ашылу салтанатына Каз­талов ауданының әкімі Асланбек Сар­құлов, облыстық құрылыс басқар­масы­ның басшысы Әлібек Антазиев, облыс­тық білім басқармасы басшысы­ның  орынбасары Бисенбек Насимул­лин,  Алма Оразбаеваның туысы Ринат Ораз­баев және ауыл тұрғындары қа­тысты.

Салтанатты шарада сөз алған Каз­талов ауданының әкімі Асланбек Сар­құлов: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп айтқан қанатты сөзін әрбіріміз есімізден шығармағанымыз абзал. Осы орайда «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті. Биыл бірегей білім ордасының ашылғанына 155 жыл, қоғам қайраткері Алма  Оразбаеваның туғанына 125 жыл толып отыр. Осындай айтулы даталармен тұспа-тұс келген мектептің жаңа ғимаратқа көшуі өңіріміз үшін елеулі оқиға», – деді.

Ұзақ жылдық тарихы бар мектептің ашылуына  облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтау жолда­нып, жаңа мектепке ЛЭД экран табыс етілді. Мектептің ашылу рәсімі Бисен­бек Жамбылұлы мен ардагер ұстаз Гүл­жиян Гарифқызына, Алма Оразбаева­ның туысы Ринат Иусупұлы мен мектеп  мақтанышы, олимпиада жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер  Әлихан Жаны­бековке жолданып, лентасы қиыл­ды.

Алма Оразбаева атындағы 600 балаға арналған мектеп заман талабына сай жаб­дықталған. Мектепте әр балаға арнал­ған 600 шкаф, кейбір сыныптарда ЛЭД экран орнатылған. Мектеп іші жарық, жылы және кәріз желісі, ауа реттегіш вентиляциямен қамтылған.  Жаңа ғимаратта 32 оқу кабинеті бар, 11 интерактивті тақта, 10 интерактивті панельмен жабдықталған. Сонымен қатар 1 шеберхана, 1 информатика каби­неті, 1 робототехника кабинеті, спортзал, 2 кітапхана және 50 орындық оқу залы, 130 орындық акт залы, 270 орындық асханасы, арт студия, Алма студия, фото студия, психологиялық тре­нинг кабинеті бар. 

Оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік жасалған. Заманауи мектепті аралап көрген қонақтар риза­шылығын білдірді. 

Ж.ҚАЙЫРҒОЖИНА