Бишімбаев ісі: ІІМ тергеушілердің қайта-қайта неге ауысып жатқанын түсіндірді

Ішкі істер министрлігі экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсінік берді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Аikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.


Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрдің орынбасарынан экс-шенеунік Бишімбаев ісінде неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатқанын сұрап, тергеу амалдары барысында іс деректері әзірге жариялауға жатпайтынын білді.

«Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу ісі басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Атап айтқанда, іс арнайы бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз бір адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», деді министрдің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Оның айтуынша, осы іс бойынша сот-медициналық сараптамасы әдетте бір ай жүргізіледі. Ал Бишімбаевтың қылмысын жасырған туысына қатысты қандай шара қолданылатынын ашып айтты.

«Бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде, кім қандай жауапқа тартылатыны анықталады. Заң талабы бойынша басқа мәліметті айта алмаймын»,  деді Марат Қожаев.