«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылорда облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы өкілдерімен бірлесіп, жаңадан бой түзеген тұрғын үйлер құрылысына бақылау жүргізді. Соның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауы №2 шағынауданында салынып жатқан 5 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылыс сапасы, инженерлік-инфрақұрылымы, ауызсу, кәріз, жылу желісі мен газбен жабдықтау жұмыстарына мониторинг жасады.
Бұл тұрғын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір нысанның инженерлік- инфрақұрылымдық жұмыстарын бірнеше мердігер жүргізуде.
Атап айтқанда, тұрғын үйге жылу жүйесін мердігер мекеме – «Сат-Сервис» ЖШС қолға алып, тиісті жұмыстардың 80 пайызы аяқталған. Мердігер тарапынан қалған жұмыстар белгіленген аяқталатынын мәлімдеп отыр.
Мониторинг барысында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
«Мұнда қоныстанатын халықтың қарасы қалың. Сондықтан бірінші кезекте құрылыс жұмыстарының тиянақты жүргізілуіне баса мән берілуі керек. Құрылыс материалдарының сапасы да назардан тыс қалмауы тиіс. Республикалық және жергілікті биліктен беріліп отырған ақша халықтікі болғандықтан, оның сұрауы болады. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді», – деді Ләйлә Төрешова мердігерлерге.
Мұнан соң партиялық бақылау тобы келер жылы пайдалануға берілетін 7 қабатты 84 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын көріп, мердігерлер мен жұмысшылардың жағдайымен танысты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы