Сайрагүл Сауытбай АҚШ-та халықаралық «Батыл әйелдер» сыйлығын иеленді
Сайрагүл Сауытбай АҚШ-та халықаралық «Батыл әйелдер» сыйлығын иеленді
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (оң жақта) мен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Сайрагүл Сауытбайға (ортада) марапатты табыстаған сәт. АҚШ, 4 наурыз 2020 жыл. Фото: azattyq.org
Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлері жайлы айтқан Қытай қазағы, қазір Швецияда тұратын Сайрагүл Сауытбай АҚШ мемлекеттік департаментінің «Батыл әйелдер» халықаралық сыйлығын (Annual International Women of Courage) алды, – деп жазады «Азаттық радиосы». Дереккөздің жазуынша, Сайрагүл Сауытбайға марапатты 4 наурызда Вашингтонда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп ресми табыстады.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Помпео марапаттау рәсімі кезінде «Сайрагүл Сауытбайға бас иеміз. Ол бұрын дәрігер болған. Ол шындықты айтқаны үшін отбасынан ажырап, қамалып, қысым көрді, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Ол – Қытайдың Коммунистік партиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарсы қысымы жайлы ашық айтқандардың бірі. Сайрагүл Сауытбай қорықпай Шыңжаң лагерьлері туралы ақпараттарды айтты және қазір де лагерьде қамалып шыққандар мен олардың туыстарына қамауда көргендерін ашық айтуға жігерлендіріп жүр», – деді.
Айта кетейік, АҚШ мемлекеттік департаменті бұл сыйлықты бейбітшілік, әділдік, адам құқығы, гендерлік теңдік, әйелдер құқығы үшін күресіп, өмірін қауіпке тіккен әйелдерге береді. Еске сала кетейік, Сайрагүл Сауытбай Қытайдың Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялық ауданында дүниеге келген. Дәрігер мамандығын тәмамдап, Шыңжаңда дәрігер, оқытушы болып жұмыс істеген. 2016 жылы ол отбасымен Қазақстанға көшкісі келгенде Қытай билігі Сайрагүлдің төлқұжатын алып қойған. Өзінің айтуынша, 2017 жылдың қарашасынан 2018 жылдың наурызына дейін Қытай билігінің бұйрығымен Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде (БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық мұсылмандарды қамаған) мұғалім болып жұмыс істеген. Сауытбай 2018 жылы наурызда Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз шекара бұзып өткен. Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтқан. 2018 жылы тамызда Жаркент қаласындағы сот Сауытбайды «шекара бұзу» айыбымен алты ай шартты жазаға кесіп, Қазақстанда қалды. Судья үкім шығарарда Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір Швецияда тұрып жатыр. Дереккөз: azattyq.org