Жалпы, облыс аумағында 41 өңірлік оператор және 11 көмір қоймасы бар. Мамандардың айтуынша, алдағы қысқа 238 мың тонна көмір қажет. Бүгінде осының басым бөлігі жеткізілген. Осылайша, Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері Khas com жеке кәсіпкерлігі қоймасына барды. Байқағанымыздай, мұнда көмір тапшылығы жоқ. Қоймада 10 мың тоннадан астам «Шұбаркөл» көмірі бар.
«Биыл 80 мың тоннаға жуық көмір алдырдық. Тоннасын 18 мың теңгеден сатып жатырмыз. Осы уақытта қоймада мұнша көлемде көмір болмайтын. Қазір тұрғындардың басым бөлігі табиғи газға қосылғандықтан, сатып алушылар да бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда аз. 6 қарашада жеткізілген көмір бағасы бізге – 18 200 теңге. Дегенмен біз әзірге бағаны бұрынғы қалпында ұстап отырмыз. Бұдан кейін жеткізілетін көмір бағасы өзгеруі мүмкін», – деді Khas com жеке кәсіпкерлігінің иесі Рустем Хасанов.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұру жөнінде ұсыныс айтып, қатты отынға тапшылық болмауын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.